Сейсенбі күні Ресей парламентінің төменгі палатасы туу көрсеткішін көтеруге деген үмітпен баласыз өмір салтын насихаттауға бірауыздан тыйым салды.
Қыркүйек айында жарияланған ресми деректерге жүгінсек, Ресейде туу көрсеткіштері соңғы ширек ғасырдағы ең төменгі деңгейге түсіп, өлім-жітім саны Мәскеудің Украинадағы соғысы қызып тұрған шақта артып отыр. Кремль болса, бұндай статистиканы "ұлт болашағы үшін апат" деп атады.
Ресейді "декаденттік (құлдыраған) Батыспен экзистенциалдық (тіршілік ету үшін) күресте дәстүрлі құндылықтардың" қорғанына айналдырған президент Владимир Путин әйелдерді кем дегенде үш балалы болуға үгіттейді. Оның сөзінше, көп бала ресейліктердің болашағы үшін қажет екен. Қазірдің өзінде РФ-да осы бағытта қаржылық және басқа да ынталандырулар жасалып жатыр.
Парламенттің жоғарғы палатасы мен Путин тез арада мақұлдауы мүмкін заң сөз бостандығына қатысты шектеулерді одан сайын көбейтпекші. Бұған дейін Ресейде біржыныстық қатынастар сияқты "дәстүрлі емес өмір салтын" насихаттайтын контентке тыйым салынып, Украинадағы соғыс құрбандары туралы есептерді жариялау қиындады.
"Баласыздықты насихаттау" авторлары жеке тұлға болса 400 000 рубль, шенеуніктер бұдан екі есе, ал заңды тұлғалар 5 миллион рубльге дейін айыппұл төлейді.
2024 жылдың бірінші жартыжылдығында Ресейде шамамен 599 600 бала дүниеге келді, бұл 2023 жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда 16 000-ға аз және 1999 жылдан бергі ең төменгі көрсеткіш. Қайтыс болғандар саны 49 000-ға көбейген. Сонымен қатар, иммиграция 20%-ға өсіп отыр.
АҚШ-тың Орталық барлау басқармасының (ЦРУ) дүниежүзілік фактілер кітабындағы деректерге сүйенсек, Ресей 2023 жылы туу деңгейі ең төмен 40 елдің қатарына еніп, мұнда 1000 адамға шаққанда шамамен 9,22 бала дүниеге келіпті. Германияда бұл көрсеткіш 9,02-ні, Қытайда 9,7-ні, Америка Құрама Штаттарынды 12,21-ді құрады.
"Біз азаматтарды, ең алдымен, жас ұрпақты бұқаралық ақпарат құралдарында адамдардың жеке басының қалыптасуына кері әсер ететін ақпараттан қорғау туралы айтып отырмыз. Жаңа толқын дәстүрлі отбасылық құндылықтарды бойына сіңіріп өсуі үшін қолдан келгеннің барлығын жасауымыз керек", – дейді Мемлекеттік думаның төменгі палатасының төрағасы, Путиннің сыбайласы Вячеслав Володин.
Әйелдер тұрмыс жақсарса бала тууға қарсы емес
Бірақ кейбір әйелдер бұған күмәнмен қарады.
Мәскеуден солтүстік-шығысқа қарай 250 шақырым жерде орналасқан Ярославль қаласында тұратын 33 жастағы Алина Ржанова бір кездері балалы болмауға бел буған, бірақ қазір сегіз айлық ұлы бар.
"Балалы болуды қалайды-ау, бірақ ақша жоқ. Сондықтан әйелдер бала көтермейді. Олар біреу бір жерде бірдеңе жазғандықтан емес, жағдайы келмегендіктен тумайды", – дейді Ржанова "Рейтер" агенттігіне берген сұқбатында.
Мәскеу тұратын 40 жастағы Яна есімді әйел де баласыз. Айтуынша, лайықты өмір сүру стандарттары қамтамасыз етілгенде ғана, әсіресе үлкен қалалардан тыс жерлерле, туу көрсеткіштері күрт жақсаруы мүмкін..
"Адамдар ертеңіне сенімді болған кезде балалы болады. Бірақ ипотекалық несиенің пайыздық мөлшерлемесі жылына 20%-ға жетіп тұрған шақты баланы шектеусіз тууға қолайлы уақыт деп ойламаймын", – дейді ол.
Фамилиясын айтудан бас тартқан Янаның ойынша, баласыздар қоғамдастығы адамдардың неліктен балалы болуды қаламайтынын талқылайтын жер.
"Олардың бұл мәселені қозғауға құқығы бар ма? Әрине, - бар. Дегенмен, жаңа заңды оқыған көптеген жастардың балалы болуды қаламайтындарын ашық айтуы екіталай", – дейді тағы бір сөзінде Яна.