Ресейдің алып экономикасы теңселе бастады

16167

Сарапшылар Ресей Орталық банкі басты ставканы рекордтық 21%-ға дейін көтеру арқылы экономикаға жойқын соққы бергенін айтуда.

Ресейдің алып экономикасы теңселе бастады Фото: canva.com

Trading Economics дерегінше, әлемде есептік (бізше – базалық, Ресейде – ключевая) ставканы 20 пайыздан асырған елдер санаулы. Қиян-кескі соғыс жүріп жатқан Украинаның өзінде бұл көрсеткіш – 13%. Израиль әскері оңтүстігіне басып кіріп, оккупациялап жатқан Ливанда – 20%. Қазақстанның Ұлттық банкі 11 қазанда базалық мөлшерлемені 14,25% деңгейінде қалдыру туралы шешім қабылдады.

Сонда дүниежүзінде есептік ставканы тек Африканың 54 мемлекеті арасындағы ең қайыршы 7 елі, сондай-ақ экономикасы терең күйзелісті өткеріп жатқан мемлекеттер 20%-дан асырды. Мысалы, Венесуэлада – 59,26%, Түркияда – 50%, Аргентинада – 40%, Иранда – 23%.

Енді осылардың қатарына Ресей қосылды. Ресей банкі (орталық банкі) 25 қазан күнгі отырысында басты ставканы рекордтық 21%-ға дейін өсіру туралы шешім қабылдады. Мұндай жайт соңғы 22 жылда болмаған. Ғасыр басында, 2002 жылы Ресей банкінің қайта қаржыландыру ставкасы (ставка рефинансирования) 21% болған.

Бірақ сарапшылар ол кезден басты бір айырмашылықты атады: 2002 жылы Ресей экономикасы 90-шы жылдардағы құлдыраудан кейін еңсе тіктеп жатты. Оған Батыстан ірі корпорациялар кіріп, мол инвестиция құйды, озық технологияларын әкелді, сыртқы қыспақ болған жоқ. Қазіргі кезде Ресейден жаһандық жетекші компаниялар технологияларын да өздерімен бірге ала кетті. Мәскеу әлемде бірде бір елге салынбаған алапат халықаралық санкциялардың астында қалды.

"Газета" агенттігі сұрау салған экономистер орталық банктің (ОБ) шешімі күтпеген жерден аса қатал болғанын мойындады. Ресей банкі биыл бұл ставканы үш рет көтерді: 26 шілдеде – 18%-ға дейін, 13 қыркүйекте – 19%-ға дейін. Қаржы саласы мамандарының көпшілігі 25 қазандағы отырысында ОБ оны әрі кетсе 20 пайызға дейін жоғарылатады деп болжады. 21 пайыз қылды.

Сонымен бірге ОБ 2024 жылға арналған инфляция бойынша болжамын да бұған дейінгі 6,5-7%-дан 8-8,5%-ға дейін арттырды. Бағалардың шынайы құнсыздануы бұдан да ғаламат болатынына сарапшылар шүбәланбайды. Ресей банкі өз түсініктемесінде "инфляцияның өсуіне қатысты халық пен бизнестің күтулері максимумға жеткенін" мәлімдеді. Ресейліктер бағалардың жаппай өсіп, доллар бағамының 200 рубльге дейін жетуін күтіп отыр.

"Сол себепті, инфляциялық күтулерді төмендету және инфляцияны нысаналы көрсеткіштерге қайтару үшін ақша-несие саясатын ары қарай қатайту қажет. Орталық банк таяудағы отырысында басты ставканы тағы да арттыру мүмкіндігіне жол береді", – деді ресейлік қаржылық-монетарлық реттеуші.

Ақпарат құралдары сары және ақ майды мысалға келтіруде. Ресейде оның бағасы былтырдан бері екі еседей қымбаттап, бұқараға қолжетімсіз болып қалған. Салдарынан, қаптамадағы осы майларды ұрлау фактілері көбейген. Жалпы, әлеуметтік желіде жазылғандай, ресейліктер супер-гипермаркеттерде майды жұмсақ қаптамасынан қарапайым целлофан пакетке аударып алады да, қойнына салып, тайып тұрады. Тіпті майды ашық күйде қалтасына тез қотара салғандар бейнежазбаға түсіп қалған.

Сондықтан сауда орындары сары және ақ май сатылатын витриналарды құлыптап тастауда: алғысы келген адамдар залдағы мерчендайзерлерге жүгінуге тиіс, ол сөрені не контейнерді ашып, тауарды кассаға апарып береді. Немесе, май толы тоңазытқыш кассирдің артында орналасады, содан өзі алып береді. Жағдайға федералдық антимонополиялық қызмет араласты: ол көтерме және бөлшек сауда нысандарының қожайындарын сары және ақ май бағасын көтермеуге міндеттеп жатыр.

Басты ставканың рекордтық өсімінің мультипликативті әсері зор. Мәселен, осыған байланысты Ресейде банктердің тұтынушылық кредиттер бойынша сыйақы ставкалары – 33% (бұған дейін орта есеппен 17% болған), ипотека бойынша – 29%-ға (23%) дейін күрт ұлғайып, ол да қолжетімсіз бола бастады. Оның үстіне ставка тағы көтеріледі деп күтілуде. Салдарынан, Ресейде кейінгі онжылдықта тоқтаусыз жүрген "құрылыс дүмпуі" тоқырап, сала дағдаруы мүмкін.

"Бизнесін дамыту, шикізат алу және басқасы үшін банктерден үнемі кредит алатын өндірушілер мен бизнес оның шығынын өнімінің бағасына қосады. Осының кесірінен дүкендерде азық-түлік, заттар қымбаттайды. Басты ставка көтерілген сайын несие-заем ставкалары да өседі. Бұл ақыр соңында тауарлардың да ары қарай қымбаттауына ықпал етеді. Ендеше орталық банктің басты ставканы көтеруі әрбір ресейлікке әсер етеді", – деді "Белый остров" компаниялар тобының негізін қалаушы, қаржылық кеңесші Сергей Островский.

Ол "дағдарыстың ұзап бара жатқанын" нұсқады. Бұл халықты қарыз құрдымына құлатуда: тек 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында ресейліктер 4,8 триллион рубль қарыз алған. Былтырғы ұқсас кезеңдегіден 42%-ға көп. 9 ай қорытындысында бұл сан 11,1 триллион рубльге жетті. Несие құны қымбаттағанымен, ресейліктер заем алуды тоқтатпайды, тек олардың қарызы еселеп ұлғаяды.

Экономика ғылымдарының кандидаты, Плеханов атындағы Ресей экономика университетінің доценті Михаил Гордиенконың тұспалдауынша, тұтынушылық несиелер бойынша ставкалар – 44%-ға, ипотека бойынша ставкалар – 32%-ға дейін артуы мүмкін. Әрі қарай инфляциялық күтулер мен қорландыру құны өскен сайын, қаржы ұйымдарына кредиттік ставкаларын өсіруге тура келеді. Мұны ресейлік сарапшылар "нарықтағы жаңа өмір шынайылығы" деп атады.

"Ресей банкі аналитиктер күткеннен де анағұрлым қатаң шешім қабылдады. Бұл шешімге елдегі жұмыс күшінің тапшылығы, дефицитке орай нарықтағы сұраныстың күрт өсуі және рубль бағамының құлдырауы ықпал етті. Халық пен бизнестің инфляциялық күтулері өсуде. Билік азық-түлік және басқасының бағасын құрықтап ұстай алмады. Осының бәрі ОБ-ны қатал қадамға итермеледі. Алайда тым жоғарғы ставка экономикаға жойқын соққы. Ол кәсіпорындарды несие алу мүмкіндігінен айырады, қаржылық жағдайына қысым көрсетеді, қорын азайтады. Банкрот қылып тынуы мүмкін", – деді экономика ғылымдарының кандидаты, "БКС Мир инвестиций" сарапшысы Михаил Зельцер.

"Совкомбанк" бас аналитигі Михаил Васильевтің айтуынша, ОБ 20 желтоқсандағы келесі отырысында басты ставканы 23%-ға дейін өсіруі ықтимал. Оған инфляцияның 8,5%-дан асуы сеп.

Базалық ставканы көтеру – "сабан ақшаға" айнала бастаған рубльді қолдауға бағытталған. Сарапшылар бұдан түк шықпайтынын айтады.

"Қатаң ақша-несие саясаты рубльді қолдайды, өйткені шетелдік валютаға сұранысты төмендетеді және биржада рубльдік активтердің тартымдылығын арттырады. Алайда рубль 2023 жылғы қазаннан бергі ең минималды деңгейлеріне дейін құлдырады. Бүгінде төмен деңгейде қалуда. Бұған экспорттаушылардың түсімін репатриациялап, Ресейге қайтару талаптарының әлсіреуі, сондай-ақ шикізат, бірінші кезекте мұнай-газ бағасының төмендеуі түрткі болды", – деді Зельцер.

Deutsche Welle тіпті Украинаға қарсы соғысын бастағанда, Ресейдегі басты ставка мұнша жоғары болмағанын еске салады. Бұл – ресейлік экономикадағы сұрапыл күйзелістен хабар береді. Рубльдің күрт құлдырағанына және Батыстың санкцияларды енгізуіне үн қатқан Ресей банкі 2022 жылғы 28 ақпанда басты ставканы тек 20%-ға дейін көтерген болатын. Содан кейін ставка бірте-бірте төмендеді. Содан 2023 жылғы желтоқсанға шейін 16% деңгейінде тұрақтап тұрды.

Биыл қайта-қайта өсіруде. Мұндай қарқынмен РФ әлемдік антирекорд иесі Венесуэланы (ставкасы 59,26%) басып озуы ғажап емес.

"ОБ 2022 жылдың ақпанында ставканы 20%-ға дейін көтеруге барды. Ол кезде Украинаға шапқыншылық басталды, ресейліктер дүрбелеңге түсіп, бір бөлігі тапқан-таянғанына доллар мен еуроны сатып алып жатты. Екінші бөлігі азық-түліктен, басқасынан қор жасау үшін дүкендерге жүгірді. Бүгінде бір қарағанда, жағдай тыныш, тұрақты. Шынында, барлығы қымбаттауда. Инфляция қыркүйектің қорытындысында 8,6%-ға жетті. Жаңа астықтың нарыққа кіруі де бағаны елеулі түсіре алмады. Жылда осы маусымда инфляция күрт төмендейтін. Бұл жолы олай болмады. Инфляция ахуалы пессимистік болжамдардан да нашар болып шықты", – дейді экономикалық шолушы Ольга Шамина.

Оның айтуынша, инфляцияның тым тез өсуі ел табысының бір бөлігін "жеп" қояды. Мысалы, блогерлер былтыр 5 мың рубльге гипермаркетте бірнеше пакет тауар ала алса, биыл сол сомаға бір пакетті әзер толтырғанын паш етуде. Рубль қалтада жатып, құнын жоғалтуда.

"Ресейде адамдардың кредит алуы ауырлады, ипотека болсын, жалақыға дейінгі заем болсын, ставкалар жоғарылап барады. Соның кесірінен халықтың сатып алу қабілеті төмендеді. Бейсенбі күні РФ Мемдумасы келесі жылдың бюджетін бірінші оқылымда қабылдады. Онда соғыс шығындары айтарлықтай ұлғайтылды. Соғыстың рекордтық шығыстары бағалардың өсу қарқынына одан әрі ғаламат серпін бермек. Орталық банк өз мәлімдемесінде жаңа бюджетті "инфляцияға қызмет етеді" деп атады. Бұған қоса, жаңа бюджетті қалыптастырғанда Мәскеу рубльді ары қарай құнсыздандыруды жоспарлап отыр. Бұл да – инфляцияға қызмет ететін фактор. Оның әсерінен шетелдік импорттық тауарлар барған сайын қымбат бола түседі", – деп жазады DW.

Нәтижесінде, АҚШ долларының ресми бағамының өзі 95-тен бүгінде 97,19 рубльге дейін күрт көтерілді. Бірқатар айырбастау пунктері долларды 130 рубльден сата бастаған. Рубльдің құнсыздануы қазақстандық валютаның девальвациясына серпін бергелі тұр. Елорданың айырбастау бекеттері долларды 490 теңгеден сатып жатыр. Яғни, 500 межесіне таяп қалды.

Сарапшылар Ресейде экономикалық дағдарыстың күшейе беретініне сенімді. Путин "БРИКС" саммитінде соғысты тоқтатуға ниеті жоғын жеткізді. Украинамен қақтығыстың жалғасуы Ресейдегі жұмыс қолының тапшылығын күшейтеді. Соның ішінде мамандардың жетіспеушілігі жалақының ары қарай өсуіне серпін береді. Компаниялар білікті кадрды жоғары жалақымен, бонустармен қызықтырып, бір-бірінен тартып алуда.

Санкт-Петербургтегі Президенттік академияның экономика кафедрасының доценті Линда Рыжихтің айтуынша, орталық банк РФ экономикасын тежеуге бар күшін салуда. Тым жоғары ставка халық пен бизнесті кредит алудан бас тартуға мәжбүрлеуге бағытталған. Сол арқылы айналымдағы ақша массасын, инфляцияны төмендетуден дәмелі. Бірақ бұл қатаң шара экономикалық өсімді де тоқтатады.

"ОБ Ресей экономикасы жоғары қарқынмен дамымауы үшін барын салуда. Инфляцияны төмендетуде оның бұдан басқа құралы жоқ. Өйткені қазіргі өсім қарқыны инфляцияның өсуіне арандатады. Алайда жалғыз ғана ставкамен орталық банк инфляцияны құрықтай алмайды. Бұл үшін кешенді шаралар қажет. Нарықтағы жоғары сұраныс, ұсыныстың оны қанағаттандыра алмауы, кадрлық аштық және инфляциялық күтулер бәрібір басым түседі. Сондықтан реттеушіге отырыстан отырысқа қарай шараларын да қаталдандыра түсуіне тура келіп жатқанына таңғалуға болмайды", – деді Рыжих.

Ол басты ставканың көтерілуінің нағыз әсері дәл қазір болмайтынын ескертті. Оның неге соқтырғанын байқау үшін бірер ай күте тұру қажет. Мәселен, РФ-та іскерлік белсенділіктің төмендеуіне, инвестициялардың құлдырауына әкелуі мүмкін. Жасыратыны жоқ, бұдан Ресей күйремейді, ыдырамайды. Бірақ солтүстік көрші дамуда арттап қалады.

Сарапшылар бұдан шығар бір жол барын нұсқайды. Украинамен қарулы шиеленісті доғарып, бейбіт бітімге келу, соғыс шығыстарын тыю, Батыстан ауыр санкцияларын алып тастауға қол жеткізу.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу