Ресейліктер жүргізуші куәлігін жаппай Қазақстанда ала бастады

10247

Ресейде көлік басқару құқығына қол жеткізу күрделенген.

Ресейліктер жүргізуші куәлігін жаппай Қазақстанда ала бастады Фото: gov.kz

Сондықтан оның тұрғындары Қазақстанға ағыла бастады. Бұл туралы ресейлік ақпарат құралдары хабарлады, сарапшылары растады.

Еуразиялық одақ аясындағы келісімдерге сәйкес, ресейліктердің қазақстандық жүргізуші куәлігі Ресейде де белгілі бір уақытқа жарамды саналады екен.

Әрі қарай оны жергілікті куәлікке айырбастап алуға болады. Мұндай жағдайда қайтадан практикалық емтихан тапсыру талап етілмейді екен. 

"Ресейліктер РФ ГАИ-інде емтихан тапсырмай-ақ жүргізуші куәлігін алудың заңды тәсілін тапты. Бұл үшін Қазақстанға баруға тура келеді. Мемавтоинспекциядан жүргізу құқығын алу сынағынан сүрінген ресейлік жүргізушілер бұл проблеманы енді басқа, тосын жолмен шешіп жатыр", – деп жазды ресейлік журналист Марина Емельянцева.

Бұл "айналма жол" туралы автокөлік саласына маманданған ресейлік заңгер Александр Шумский хабарлады.

Оның айтуынша, Ресейде жүргізуші болудан үміттілерден талап етілетін теориялық-практикалық емтихандарды тапсыра алмағандар амалсыз сондай айла-шарғыға жүгініп жатыр.

Заңгер Чебоксар қаласының Екатерина есімді тұрғынының бастан кешкен шынайы хикаясын баяндады. Қыз өз отанында жүргізуші куәлігін бір жылдан астам уақыт бойы ала алмай, сергелдеңге түскен екен. Өйткені қанша тырысса да емтиханнан өте алмаған.

"Чебоксарлық Екатерина бір жылдан астам әуре-сарсаңға түсті, қанша күш салса да Ресейде емтихан тапсыра алмады. Содан ол көрші елге аттанды. Бірінші талаптану нәтижесінде емтихан тапсырды және жергілікті жүргізуші куәлігін алды! Содан кейін елге оралды да, артынша шетелдік жүргізуші куәлігін ресейлік нұсқасына айырбастап алды. Мұның бәрі заңды!" – деді Александр Шумский.

Сарапшы ресейліктердің Грузия мен Қазақстанға бет қоюының бірнеше себебін атады.

Ең алдымен, автокөлік жүргізуге құқық алу Ресейде үлкен проблемаға айналды. Себебі, жаңа ережелер күшіне енді.

"Жаңа қағидаларды қабылдағанда, нені көксегені түсініксіз. Оған сәйкес, егер кандидат ГИБДД-да емтиханды 3 рет тапсыра алмаса, онда қайта тапсыру құқығына тек 6-9 айдан кейін ғана ие болады! Егер осы мерзімнен кейін үміткер сынақтан тағы да 1 рет сүрінсе, әрі қарай кем дегенде жарты жыл күтуі керек. Осылай, шетсіз-шексіз кете береді. Содан не кандидаттың көңілі қалып, көлік жүргізуге қолын бір сілтейді немесе қажетті кісімен "келісімге" келеді", – деді Шумский.

Заңгер үміткердің емтиханнан "құлауына" тіпті оның кінәсі де болмауы мүмкін екенін ескертті. Оның құлауы – одан пара дәметкендердің қалауы.

"Жасырып несі бар, ашығын айтайық: сүрінуіне әрдайым автомобилистің өзі кінәлі бола бермейді. Теорияны тапсыру еш қиындық туғызбайды, ал, практикалық сынақтан көпшілігі, тіпті тәжірибелілері де өте алмай қалады. Бұл – жалған сөз, "миф" емес", – деді автозаңгер.

Осыған орай сарапшы арман болған жүргізуші куәлігін қалтаға басудың басқа заңды жолы барын айтты. Алайда ол үшін не Қазақстанға, не Грузияға саяхаттау қажет болады.

Неге дәл осы екі ел? Қазақстан мен Грузияда көлік құралын басқару құқығына қол жеткізу рәсімі барынша жылдамдатылғаны алға тартылды.

Мысалы, Қазақстанда теориялық және практикалық емтихандар да бір жерде – "Азаматтарға арналған Үкімет" мемкорпорациясының аумақтық филиалы аумағында өтеді. Егер теориялық не практикалық емтиханнан сүрінсе, келесі жұмыс күнінде қайта тапсыруға болады.

"Сонымен, көрші елге барып, шетелдік куәлік аласыз. Ресейге келген соң тек теорияны ғана қайта тапсыра саласыз. "Б" категориясындағы құқыққа қатысты мұндай трюкті оңай жүзеге асыруға болады", – деді Шумский.

Дегенмен, Қазақстанда қазіргі кезде жүргізуші куәлігін алу күрделендіріліп жатыр. Бұрын қалаған адам жол жүрісі ережелерін өз бетінше меңгеріп, емтихан тапсыра беретін. Бұдан былай жергілікті автомектепті бітіруді талап етілетін заң күшіне енді.

Ресейлік заңгер Грузия мен Беларусьте өз бетінше даярлықтан кейін емтихан тапсыруға болатынына назар аудартты. Беларусьтік куәлікті алғандарға РФ-та тіпті теориялық емтиханнан өту де талап етілмейді.

Емтихан тапсыру үшін Ресейді емес, Қазақстанды және өзге көршілерді таңдаудың бір артықшылығы ретінде сарапшы оларда бұл процестің автоматтандырылғанын, адами фактор мен сыбайлас жемқорлықтан біршама арылғанын, емтихан үдерісіне полиция араласа алмайтынын атады.

Соның арқасында білімі толық үміткерлер бірінші талаптану нәтижесінде жүргізу құқығына лайық екенін дәлелдей алады.

Бұдан бөлек, Шумскийдің пікірінше, куәлік алу үшін көрші елдерге көлікпен, автобуспен немесе пойызбен саяхаттау құнының арзандығы арқасында кандидатқа Ресейде автомектепте оқу және басқа шығынынан да аз қаржы қажет болады.

Танымал автомектептің инструкторы Ерлан Қыстаубаев қазақстандық автомектепте оқу ресейліктер үшін күрделендірілгенін ескертті.

"Жаңа заң бойынша жүргізуші куәлігін алу үшін енді міндетті түрде автомектепте оқып, оны бітіруге тиіс. Бұрындары қазақстандық автомектептерде онлайн оқу мүмкін болатын. Қазақстандықтар да, ресейліктер де жол жүрісі ережелеріне қашықтан оқығаннан кейін A және B категорияларындағы құқыққа емтихан тапсыра алатын. Алайда Ішкі істер министрлігі 2024 жылдан бастап қашықтан, онлайн оқытуға тыйым салып тастады. Яғни, егер ресейліктер қазақстандық жүргізуші куәлігін алғысы келсе, елімізге келіп, алдымен автомектептен оқуы қажет", – деді автоэксперт.

Шынында, бұған дейін "Механикалық көлік құралдарының жүргізушілерін даярлау қағидаларының" 1-1 тармағында Қазақстанда "аралас оқытуға – дәстүрлі күндізгі оқыту нысанында және қашықтықтан оқыту технологияларын пайдалана отырып жүргізілетін оқыту технологиясына" рұқсат етіліп келді.

Осыған байланысты отандық автомектептер қашықтан оқытуды іске асыратын және білім беру процесіне қатысушылар үшін әкімшілік-академиялық ақпаратты қамтитын интернет-ресурстарын дамытты.

Сарапшы Қыстаубаевтың түсіндіруінше, ол кезде автомектептердің қызметіне жүгініп, ақысын төлеген клиенттер оның онлайн платформасына қол жеткізіп, қазақстандық жол жүрісі ережелерін қалаған уақытында, үйінде отырып игеретін. Платформа оларға аптасына 7 күн және тәулік бойы оқу бағдарламасына, материалдарға қолжетімділікті ұсынатын.

Алайда Ішкі істер министрінің міндетін атқарушының 2023 жылғы 20 шілдедегі №591 бұйрығымен бұған тыйым салынды. "Механикалық көлік құралдарының жүргізушілерін даярлау қағидаларының" 1-1 тармағы толығымен алып тасталды.

"Оқыту сапасын арттыру мақсатында онлайн және қашықтықтан оқыту нысандары жойылды", – деп қысқаша түсіндірді министрлік.

Бүгінде әлеуметтік желілерде, отандық маркетплейстер мен хабарландырулар сервистерінде онлайн автомектептер қызметі әлі күнге жарнамалануда. Қызмет құны 10-50 мың теңге аралығында.

"Автомектепке келмей-ақ онлайн оқу өте ыңғайлы. 3D визуализация көмегімен материалдарды қалаған уақытыңызда қарап, оқып-тоқисыз. Біз сізге тесттердің толық базасын ұсынамыз. Ол теориялық емтиханда кездесетін сұрақтарды 100% қамтиды. Сондай-ақ біз практикалық емтихан материалдарын да береміз. Емтиханның практикалық бөлімінен табысты өту үшін қажетті жүргізу машықтарына қол жеткізесіз", – деді автомектебінің атын атамаған жарнама иесі.

Бірақ мұндай онлайн автомектептердің ІІМ бұйрығына қайшы берілген "Автомектепті аяқтағаны туралы сертификаты" жарамсыз болып шығуы мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу