Риэлторлар да алаяқтар қатарына қосылып бара жатыр

1007

Ресми деректе елімізде 2 мың компанияда жұмыс істейтін 25 мыңнан астам риэлтор бары көрсетілген.  

Риэлторлар да алаяқтар қатарына қосылып бара жатыр Фото: notariat.ru

Алайда олардың саны әлдеқайда көп болуы мүмкін.

Себебі риэлторлардың арасында заңсыз жұмыс істеп, кәсіпкер ретінде тіркелмей, табысын жасыратындар көп. Бұл аздай өздерін "сапалы қызмет көрсетуші" санайтын олар тұрғын үй сатып алуға, пәтер жалдауға ниеттенген тұтынушыларды алдап, шығынға ұшырататын түрлі айла-тәсілдерді тапты. Риэлторлық саласына қатысты нақты заң нормаларының болмауы да мәселені күрделендіріп барады.

Табысы тәуір саланың қызметі қитұрқы

Баспана саудасы мен жалға беруге қатысты кез келген қосымшаны аша қалсаңыз, әр облыстан онмыңдаған хабарламаларды көз шалады. Оның басым бөлігі тікелей риэлторлардың қатысуымен іске асатыны даусыз. Демек, риэлтор болу табысы жақсы кәсіп. Мәселен, қазір елде риэлторлар жалға алатын үй тауып бергені үшін ай сайынғы төлемнің 20 пайызынан кем мөлшерде қаржы сұрамайды. Ай сайын 200 мыңға жалдайтын үй тауып берген қызмет көрсетушіге қосымша 40 мың теңге беруге мәжбүрсіз. Бұдан бөлек, әртүрлі әлеуметтік желіде хабарландыруды жариялап отыратын чаттарға уақытша қосылу үшін де 10-15 мың теңгеден артық талап етеді. Екі жағдайда да риэлтор алдын ала ақшасын төлеп қоюды сұрайды, бірақ тұтынушы қалағандай баспана тауып беретініне кепілдік жоқ. Міне, шикіліктің бәрі – осында. Тіпті, заңды түрде тіркелген компаниялардың да жұмысына шағым көп, қызмет көрсетуші тұтынушыға мүлде сенім артпайды.

Дамыған елдердің тәжірибесінде сатып алушы немесе жалға алушы риэлтор қызметі үшін ақы төлемейді, себебі онсыз да қаржы шығындап отырғаны ескеріледі. Мемлекет азаматтардың құқығын қорғау үшін риэлторлық қызметті реттеуге белсенді араласады. Мәселен, АҚШ-та, Германияда, Канадада риэлторлықты реттеуге қатысты нақты талап қойылған. Ұлыбритания, Бельгия, Испания елдерінде де осындай қызмет нарығын реттеу жүйесі бар. Аталған елдерде жекеменшiктің иесi сататын үйiн алатын адамға өзi көрсетпейді, риэлторлардың көмегiне жүгiнедi. Сол себепті қызметке ақыны табыс тауып отырған жақ төлейді. Дегенмен оларда риэлтордың қызмет құны орта есеппен 5 пайыздан аспайды.

Заң жоқ жерде жөнсіздік көп

Риэлторларға қатысты заңның қабылдануын құптайтындардың бірі – заңгер Айсана Сман. Ол бұл салаға келетіндердің көбіне қызметіне бейжай қарап, тұтынушы құқын жиі таптайтынын алға тартады.

– Халықаралық тәжірибе бойынша жылжымайтын мүлікті сату, жалға беру риэлтор арқылы жүзеге асады. Себебі ол – маман, сертификаты, лицензиясы, соған сай жауапкершілігі де болады. Яғни, олар келісімшартта жазылған талаптардың бәрін орындауға міндетті. Ал біздің заңнамада риэлтордың құқықтық жағдайы белгіленбеген. Біздің заңнамамызда риэлтор туралы, оның қызметі туралы ешқандай заң жоқ. Қазір нарық пен жылжымайтын мүлікке қатысты ешқандай білімі жоқ бос жүрген адамның бәрі риэлтор бола салады. Өзіңе жарнама жасайсың да, жұмыс істей бересің. Екіншіден, риэлторлардың бәрінде жауапкершілік бола бермейді. Негізі, олар үйдің тазалығынан бастап, қауіпсіздігіне дейін жауап беруге тиіс. Шетелде осының барлығына риэлтор жауап береді, кейін бір жағдай болса, ол оның имиджіне, беделіне кері әсер етеді. Сондықтан елімізде риэлтор және оның қызметі туралы заң қабылдану керек, – дейді маман.

Осы тұста бізде тағы сауалдар туады: Біріншіден, риэторлар жылжымайтын мүлікке өздері де қосымша баға қосып сатпай ма немесе жалға бермей ме? Екіншіден, қызметіне төленетін сомманы неге алдын ала беруін талап етеді? Дегенмен жылжымайтын мүлік саласының маманы Нұрсұлтан Сафарғалиев риэлторлардың да көзқарасы түзу екенін жеткізді.

– Бәрі де сұранысқа байланысты. Студенттер, жұмыс істейтіндер қалаға келгенде сұраныс сөзсіз өседі. Көбіне қымбатшылыққа байланысты шығынының артқанын айтып, пәтер иелері бағаны көтереді. Риэлторлықпен айналысатын компаниялар бағаны белгілей алмайды. Үй иелері керісінше риэлторлардың ығына көнбейді. Риэлторлар ақшаның бір бөлігін алдын ала сұрайтыны рас. Себебі клиенттердің де алдап кететін кездері жоқ емес, сондықтан екі тарап бір-біріне сенімді болу үшін осылай жасалады, – деді ол.

Алаяқтарға кім тоқтау салады?

Байланыс пен технологияның түрлі жолы дамыған сайын риэлторлардың айласы көбейді. Тіпті, әлеуметтік желі арқылы жіберген онлайн-құжатты жай ашып қарағанын "қол қойдыға" санап, тұтынушыдан ақша өндіріп алу оқиғалары жиіледі. Астана тұрғыны Лаура Смағұлова былтыр пәтер сатып алу үшін жарнамадағы нөмірге хабарласады. Бірақ телефонды үй иесі емес, риэлтор көтеріп, кейін үйді толық көрсеткен. Артынша телефонына риэлтордан хабарлама келген. Құжатта егер банк қарыз беруден бас тартса, алғашқы төлем қайтарылмайтыны жайлы жазылған екен. Азаматша үйді алудан бас тартқанымен, 2 аптадан кейін сотқа тартылып, риэлторға 500 мың теңге төлеуге міндеттелген. Демек, риэлторлар хабарламасын ашып оқудың өзі келісім берумен теңестірілген. Ал олар бұны клиентке алдын ала айтпайды.

Ал Қазақстан риэлторлар қауымдастығының шамасы аз, құрамында бар болғаны 50-ге жуық компания бар, олардың өзі толыққанды бағына бермейді. Себебі жеке компанияларды түсінуге болады, қауымдастық мемлекеттік орган емес, салаға қатысты кемшіліктерді реттейтін заң болмаған соң, өз бастарына би болуда.

Қалай алғанда да риэлтор қызметі кәсіпкерлікке жатады. Сондықтан онымен айналысу үшін міндетті түрде жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеуден өту керек. Риэлторлардың қызметі туралы заң қабылданатын болса, жылжымайтын мүлік агенттігі мен оның тұтынушыларын қорғай алатын еді. Сондай-ақ нарықтан ел бюджетіне түсетін салықтың көлемі де артады. Жауапкершіліктен жалтарып жүрген саладағылар сабасына түссе, таңғалмас едік.

Жалпы, кейінгі 10 жыл бойы бұл проблема арагідік айтылуымен ғана шектелуде. Парламент қабырғасында да кей депутаттар осы жайтты сөз етті де, қайта басылды. Әйтеуір биыл салаға қатысты заң жобасы әзірленіп, талдануда. Тек түбегейлі қолданысқа ену жайы кешігіп тұрғаны қынжылтады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу