Рубльдің жайсыз күйі теңгеге әсер етуде

20929

Еліміздің Ұлттық банкі теңгенің соңғы әлсіреуіне сауда каналдары арқылы геосаясат әсер етті деп нарыққа ауызша интервенция жасады.

Рубльдің жайсыз күйі теңгеге әсер етуде

АҚШ тарапынан Ресейге қатысты бірқатар жаңа санкцияның жағымсыз әсері, сондай-ақ геосаяси қарсылықтың одан әрі қалай болатындығы жайлы нақты тұрақтылықтың болмауынан теңге бағамына рубль әсер етіп тұр", – деді Қазақстан Ұлттық банк (ҚР Ұлттық банк) монетарлық операциялар департаментінің директоры Әлия Молдабекова.

Еске салар болсақ, 2 тамыз, сәрсенбіде, Қазақстан қор биржасының валюта секциясы саудасы кезінде теңгенің АҚШ долларына шаққандағы бағамы 1,6%-ға әлсіреп, бір доллар 335,21 теңге болды.  Ал кurs.kz  мәліметі бойынша, жеке валюта айырбастау пунктерінде долларды сату/сатып алу бағамы 338 және 340 теңгеге жеткен. Бұл әлеуметтік желілерді дүрліктірді. 2 тамыз күні Мәскеулік биржадағы сауда барысында  ресейлік рубль де  0,8%-ға әлсіреп, бір доллар 60,6925 рубль болған.

"Теңгенің шетелдік валюталарға қатысты бағамы әлсіреуде, – деді Әлия Молдабекова. –  Теңге бағамының қалыптасуына мұнай бағасынан басқа да әсер ететін  фактілер бар. Олар – сауда серіктестеріміз болып табылатын негізгі елдердің валюта бағамы,  төлем балансының жағдайы, инфляция деңгейі, ҚР Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі, әлемдік пайыздық мөлшерлеме және басқалар. Бірақ қысқамерзімді теңге бағамына және құбылмалықтың артуына нарыққа қатысушылардың болжамының күрт өзгеруімен қатар,  бірқатар фактор әсер етуі мүмкін".

Ресей – Қазақстанның ең негізгі сауда серіктестерінің бірі және ірі импорттаушы. Мемлекеттік статистика комитетінің мәліметі бойынша, екі ел арасындағы өзара сауда көлемі 2017 жылдың қаңтар-мамыр айында 6 млрд доллар болған, яғни Қазақстанның барлық сыртқы сауда айналымының 20,13%-ы. Тауар импорттаудағы Ресейдің үлесі 38,7% немесе 4,23 млрд доллар. Осылайша, жаңа санкция салдарынан рубль бағамының күрт төмендеу қаупі – Қазақстан мен Ресей арасындағы онсыз да мардымсыз сауданы одан әрі қиындатып жіберуі мүмкін.

Сондай-ақ "БАҚ-тағы белгілі бір алыпсатарлық пікірлер" жағдайды одан сайын ушықтырып, "отқа май құйып" отыр. Реттеушінің пікірінше, мұның барлығы "долларға деген сұранысты" арттырады. Мысалы, Tele Trade Central Asia шілде айының соңында теңге бағамы 40%-ға дейін төмендеп, бір доллар 420 теңге болады деп болжам жасаған болатын, бұл болжам елдегі кәсіби қауымдастықта үлкен күмән тудырған еді.

"Айырбастау бағамының құбылмалығы іргелі және қысқамерзімді факторлар жиынтығына қарай біресе жоғары, біресе төмен болатынын көрсетеді. Осының есепке ала отырып, қазіргі  теңге бағамының динамикасында алыпсатарлық факторлардың бар екенін көруге болады. Ал Ұлттық банк  халықтың шетелдік валютаны сатып алуынан қандайда бір тиімділікті көріп отырған жоқ", – деді Әлия Молдабекова.

Гүлназ Ермағанбетова, Сұлтан Биманов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу