Маусым айында доллардың нарықтық бағамы шамалы өскен сияқты болып көрінді, алайда әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы таратылған жақында девальвация болып, алтын пайда болады деген ақпарат валюта нарығының шоғын үрлей түсті. Сарапшылар таратылып жатқан ақпар туралы не ойлайтынын және Ұлттық банк оған қандай түсініктеме беретінін анықтап көрмек болдық.
"Сайлау қарсаңында валюта нарығында дүрлігудің бар екені байқалады, девальвация болуы мүмкін, сөзсіз девальвация болады деген ақпараттар үнемі пайда болуда. Бұл халықтың арасында шиеленістің тууына әкелуде. Біздің ойымызша, девальвацияның болуына еш себеп жоқ. Нарықтың қандай да бір ойыншылары осы тақырыпты қоздырып, осының арқасында пайда көргісі келетін сияқты. Ұлттық банктің саяси еркі мен белсенді ұстанымы нарықты тыныштандырып, оны тепе-теңдік жағдайына әкелуге тиіс", – деп есептейді DAMU Capital Management бас директоры Мұрат Қастаев.
Алайда Ұлттық банк басшысы алдағы девальвацияға қатысты ұстанымын 22 мамырда айтқан болатын. Сол кезде Ерболат Досаев журналистерге девальвация бола ма, жоқ па деген мәселені талқылауға құлқы жоқ екенін айтқан еді.
"Мен өз жұмысымды істеуім керек. Ұлттық банк жүргізіп жатқан саясаты арқылы халық пен бизнестің сенімін қайтарып алады. Егер бұл саясат нарықтық жағдайларға сай келетін болса, онда барлығы жақсы болады. Девальвация бола ма, жоқ па дегенді әлеуметтік желілердің талқылауына қалдырайық. Ол жерде әркім өз пікірін айтуға құқы бар. Одан да Ұлттық банк күнде өз жұмысымен айналыссын", – деп атап кетті Ерболат Досаев.
Алайда 3 маусым күні Ұлттық банк басшысына бағам туралы түсініктеме беруге тура келді. Ол бағамды қалыптастыруға маусымдық жағдай, шикізат бағасы, рубль котировкасы мен басқа да факторлар әсер ететін айтты.
"Биылғы жылдың мамыр айындағы мұнай бағасы сияқты факторға мән беретін болсақ, ұлттық валютаның әлсіреуі 0,4% (381,08 теңгеден 382,56 теңгеге дейін) болды. 27 мамырдан бастап 3 маусымға дейінгі аралықта 1,2%-ға (бір доллар 379,86 теңгеден 383,94 теңгеге дейін) әлсіреген", – деп түсіндірді Ерболат Досаев.
Дегенмен осы апта Ұлттық банк өкілдері үшін оңай болмады. Олар девальвация болмайтынын қайта-қайта айтуымен шаршады. ҚР ҰБ төрағасының орынбасары және экс-министр Мәдина Әбілқасымова 5 маусым күні ұлттық валютаның еркін айналымда жүруі барысында айырбас бағамы толқитынын айтты. Оның айтуынша, бұл, ең бірінші, іргелі факторларға байланысты. Ол бағам айтарлықтай өзгеретін болса, реттеуші шара қолданатынын, Ұлттық банк жағдайды жіті бақылап отырғанын айтты.
Ұлттық банк халықты сабырға шақыруға тырысып жатқанда, біреу KASE-де шетелдік валюта сатып алған. Екі сауда қорытындысы бойынша Қазақстандық қор биржасында 5 маусым күні екі сессиядағы сауданың жиынтық көлемі 204 млн долларға жуық болған. Кеше, 6 маусым күні, ол 312 млн доллардан асып түсті. Ал Ұлттық банк валюта нарығында валюталық интервенция жасаған-жасамағанын айтпай отыр. Сарапшылар болса өз болжамдарын жасады.
Бәрі араласып кетті...
Сол екі арада таратылған ақпараттарда Қазақстанда тиындар таусылғаны мен еліміздің жақында алтынға көшетініне дәлелдер келтіріліп жатты. Мұның қандай байланысы бар екенін айту қиын. Алайда Ұлттық банк өкілдері бұл ақпараттық толқынды да жоққа шығаруға тырысты. Мәдина Әбілқасымова бұл мәселенің ешқашан қаралмағанын және бірыңғай валютаны енгізу туралы күн тәртібінде тұрмағанын айтты.
Кеше әріптесі Олег Смоляков Ұлттық банктегілер бұл ақпаратты көргенін нақтылап, оның шындыққа мүлдем жанаспайтынын айтты.
"Бұл мәселе қаралмағанын және күн тәртібінде жоқ екенін нақты айтқымыз келеді", – деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары.
Мұның артынша Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы атынан сөз алған қаржылық қауымдастық та бұл ақпаратты арандатушылық деп, ЕАЭО туралы келісімшартта бірыңғай валюталық одақты құру және бірыңғай валютаны енгізу қарастырылмағанын айтып, қазақстандықтарды сабырға шақыруға тырысты.
"Қаржылық реттеушінің бірыңғай орталық банкін құрып, оған бірыңғай валютаны енгізуді ұлттық органдардан жоғары тұратын органға бермейінше, бұл мүмкін емес шаруа", – деп атап кетті ҚҚҚ.
Біз сарапшылардың бірыңғай валютаға қатысты пікірлерін білдік.
"Алтын ЕАЭО-да ұлттық валютадан жоғары тұратын валюта ретінде пайда болады деген ақпарат баспасөз беттерінде ауық-ауық шығып тұрады. Ресми мәліметтерге сүйенер болсақ, ЕАЭО кеңістігінде бірыңғай ортақ валюта әзір енгізілмейді", – деп атап кеткен Мұрат Қастаев, мұның күмәнді екенін айтты.
Бір қызығы, ЕАЭО елдері ішінде бірыңғай валютаны енгізу мәселесі тек Қазақстан үшін ғана маңызды. "ФИНАМ" КТ сарапшысы Алексей Кореневтің айтуынша, ЕАЭО мемлекеттері үшін алтынды ұлтаралық валюта ретінде енгізу жайлы әңгіме бұрыннан айтылып келе жатыр.
"Бірақ сарапшылар айтып отырғандай, тап қазір бұған деген қажеттілік жоқ. Оған қоса, алтынды тек бір Қазақстан үшін енгізу ақылға сыймайды. Соған қарағанда, бұл тек қауесет болуы мүмкін", – деп атап кетті ресейлік сарапшы.
Нөлдер өзгермейді
Алтын жайлы әңгіменің ізін шала, ірілендіру немесе "нөлдерді алып тастау" туралы болжамдар пайда болды.
"Ірілендіру дегеніміз – бұл ақшаның нақты құнын өзгерту. Әдетте, ол шектен тыс инфляцияның салдары болып табылады және есептеуді оңайлату мақсатында жүргізіледі. Ірілендіру кезінде ескі валютаны жаңа валютаға айырбастау. Жақында болғандардан 1998 жылғы Ресейдегі (1000-ды 1) және 2005 жылы Түркияда (1 000 000-ден 1) болған ірілендіруді айтуға болады", – деп атап кетті DAMU Capital Management басшысы.
Оның айтуынша, Қазақстанның қазіргі жағдайында ірілендіру үшін еш себеп жоқ, валюта бағамдары еркін айналымда, инфляция тұрақты төмендеп жатыр.
"Ірілендіру туралы доллар бағамы 1000 теңгеге жеткенде ойлануға болады, ал бұл инфляцияның 4% деңгейіндегі ұзақмерзімді қарқынында 20 жылдан бұрын болмайтыны анық", – деді Мұрат Қастаев.
Сондай-ақ Алексей Коренев те қазақстандық валютаның іріленуі екіталай деп есептейді.
"Теңге бағамы ірілендіру сияқты өте қиын және қымбат операцияны жасайтындай емес. Ең бастысы, бұған деген қажеттілік жоқ. Әдетте, ірілендіруді банкноттардағы нөлдер сыймағанда, дүкендер мен банктердегі кассирлерге жиырма сандық соманы енгізумен жұмыс істеу қиын болғанда жүргізіледі. Ірілендіру үшін басқа себеп жоқ. Ұлттық валютаның бағамы түсіп кеткені сонша, қағаз ақшаны басып шығаратын қағаз ақшаның өзінен қымбат болған Зимбабвенің өзінде ірілендіру жасауға асыққан емес", – деді ресейлік сарапшы.
Бүгін түстен кейін KASE-де Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауы алдындағы соңғы күндізгі сауда болады. 9 маусым күні қазақстандықтар мемлекеттің жаңа басшысын таңдауға барады, одан кейін халықтың маусымда шетелдік валютаны қаншалықты сатып алғанын және оның қаншалықты пайдалы болғанын білетін боламыз.
Ольга Фоминских