"Самсунгтың" іздеу сервисі "Гуглдан" бас тартып, "Майкрасофтты" таңдауы мүмкін

2420

ChatGPT тәрізді Bing чат-боты кореялық смартфондарға жаңа өмір сыйлап, "гуглды" миллиардтаған доллар табыстан айыруы ықтимал. 

"Самсунгтың" іздеу сервисі "Гуглдан" бас тартып, "Майкрасофтты" таңдауы мүмкін Фото: quora.com

New York Times газетінің хабарлауынша, Microsoft корпорациясының Bing компаниясы Samsung Electronics құрылғыларында іздеу қызметі ретінде  Alphabet-тің иелігіндегі  Google-дің орнын басуы мүмкін. 

Басылымның мәліметінше, смартфон өндіруден әлемде жетекші орында тұрған Samsung шын мәнінде Bing-ті таңдайтын болса, Google жыл сайынғы 3 миллиард доллар табысынан айрылады. Bing-тен Google үстемдігіне төнген қауіп соңғы кездері қолданушылар сұрауларына жауап беретін ChatGPT тәрізді OpenAI технологиясының пайда болуымен айқын көріне бастады.   

Alphabet акциялары дүйсенбіде Нью-Йоркте өткен алдын-ала саудада 1%-ға төмендесе, Microsoft-тің құнды қағаздары 1%-ға қымбаттаған. 

IDC орталығының зерттеуіне жүгінсек, 2022 жылы Samsung 261 миллион дана смартфон тиеген екен. Олардың барлығы Google Android бағдарламалық жасақтамасымен жұмыс істейді. Кореялық компания Microsoft-пен де, Google-мен де - бұрыннан серіктес. Сонымен қатар, Samsung-тың құрылғыларына осы екеуінің де OneDrive және Google Maps тәрізді  қосымшалары мен сервистері алдын-ала орнатылған. Дегенмен, америкалық басылымның ақпаратына сәйкес, тараптар арасында келіссөздер жалғасып жатыр. Соған қарамастан, Samsung күндердің күнінде Google-дан үнсіз бас тартуы ықтимал.

Times-тың хабарлауынша, бүгінде Google нарықтағы позициясын жоғалтып алмау үшін өзінің іздеу сервистерін жаңарту жолында жұмыс істеп, өз қызметіне жасанды интеллект функцияларын қосып жатыр. 

"Google өзінің іздеу сервисіне жаңа жасанды интеллектпен жұмыс істейтін мүмкіндіктерді әкелгеніне қуанышты және жақын арада бұл туралы қосымша мәліметтермен бөліседі", - дейді Google өкілі Лара Левин. 

Дегенмен, Google компаниясы Samsung-пен арадағы келіссөздерге қатысты түсініктеме бермеді. Samsung та бұл мәселе бойынша комментарий беруден бас тартып отыр.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу