"Самұрық-Қазына" "Қазақстан халқына" қорынан миллиардтарын кері қайтарып алуы мүмкін

5794

Ұлттық әл-ауқат қорының таза табысынан "Қазақстан халқына" қоғамдық қорына қаражат бөлу қағидалары анықталды.    

"Самұрық-Қазына" "Қазақстан халқына" қорынан миллиардтарын кері қайтарып алуы мүмкін Фото: zakon.kz

Ұлттық экономика министрлігі "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының таза табысынан "Қазақстан халқына" қоғамдық қорына қаражат бөлу қағидаларын әзірлеп шықты. Былтыр жолдауында Қ.Тоқаев мемлекеттің ірі активтерін басқаратын "Самұрық-Қазынаны" жаңадан құрылған қоғамдық қормен табыс бөлісуге міндеттеген болатын.

Нәтижесінде, байлық бөлісу қағидалары өте қысқа болып шықты, бір бетті ғана құрады.

Онда келесідей ережелер қамтылған:

Біріншіден, "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры жыл сайын "Қазақстан халқына" қоғамдық қорына аудиттелген қаржылық есептілік негізінде қор компаниялары тобының таза пайдасының кемінде 7% мөлшерінде қаражат бөледі. Бұл жерде кемінде деген сөз басты мәнге ие: мемлекетке бағынбайтын қор мемлекет қорынан 7%-дан да көп ақша талап ете алады. Тек оны қайда жұмсайтынын дәйектесе болғаны.

Өткен аптада Астанада өткен есептік іс-шарада "Самұрық-Қазына" басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов қордың таза пайдасының жеті пайызы "Қазақстан халқына" аударылатынын растады. Оның айтуынша, қоғамдық қорға төлемдер Президент тапсырмасына сәйкес, биыл 2023 жылдан басталады. Мысалы, Президент ұлттық әл-ауқат қорының инвестициялық табысының 50 пайызын 18 жасқа толғанға дейін балалардың шотына аударуды да ұсынған еді. Бірақ, ол төлемдер тек 2024 жылы басталады.

"Самұрық-Қазына" өкілдерінің мәліметінше, 2022 жылғы таза табыстың алдын ала болжамын есепке алғанда, "Қазақстан халқына" аударылатын сома шамамен 130 миллиард теңгені құрамақ.

Екіншіден, ұлттық әл-ауқат қорының қоғамдық қорға қаражатты беруі "Самұрық-Қазынаның" жалғыз акционерінің, яғни Үкіметтің тиісті шешімі негізінде жүзеге асырылады. Бұл үшін Үкімет алдымен қордың жылдық қаржылық есептілігін бекітуі керек.

Үшіншіден, ұлттық қордан ақша алу үшін "Қазақстан халқына" қоры шығындарын нақты негіздеп, өтінішпен жүгінуге тиіс болады: "Қордың қоғамдық қорға беретін қаражатының мөлшері қоғамдық қордың жазбаша сұрау салуын негізге ала отырып айқындалады, ол сұрауда қажеттіліктің негіздемесі қамтылуға тиіс".

Төртіншіден, қор осы сұрау хатты алғаннан кейін 20 жұмыс күні ішінде онда көрсетілген мөлшерде қоғамдық қордың шотына қаражат аударады.

Бесіншіден, талап етілмеген қаражат қоғамдық қорға қажет болғанға дейін ұлттық қордың иелігінде сақталады.

Алтыншыдан, бөлінген қаражатты "Қазақстан халқына" 3 жыл ішінде талап ете алады. Егер қоғамдық қор мысалы, 2023 жылы бөлінген қаражатты 2025 жыл аяқталғанша игермесе, онда 3 жыл өткеннен кейін ол қаражат "Самұрық-Қазынаның" балансына кері оралады және дәл сол ақшаны қоғамдық қор қайта сұрата алмайды.

Бірақ қор "Самұрық-Қазынадан" өзге жылдарға арналған қаражатты сұрата алады.

Бұған қоса, бүгін Мәдениет және спорт министрлігі Щучинск–Бурабай және Қапшағай арнайы ойын аймақтарынан тыс жерлерде ставкаларды қабылдайтын тотализатордың таза табысының да кемінде 5 пайызын "Қазақстан халқына" қоғамдық қорына міндетті жарна түрінде аудару мәселесін пысықтап жатқанын жариялады.

Осыған орай "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заңның жобасы әзірленді.

Яғни, "Қазақстан халқына" қорының қаржыландыру көздері күрт артты: оған әлеуметтік жауапты бизнес субъектілері мен кәсіпкерлер, қалталы меценаттар, ел байлығын астына басқан олигархтар мен қаржылық, өнеркәсіптік топтар, "Самұрық-Қазына" қоры, сондай-ақ алда казинолар, букмекерлік кеңселер, тіпті атшабарлардан қаржы қабылданады.

 

"Бүгінде Қазақстанда 45 ипподром бар, оның ішінде 3 ипподромның тиісті аумағы бар, ат аулаларымен, трибуналармен, жарыс жолдарымен қоршаумен, бастапқы бокстармен, интернетпен және тотализаторға арналған үй-жаймен жабдықталған. "Е-лицензиялау" мемлекеттік базасы ақпараттық жүйесіне сәйкес, қазіргі кезде тотализатор қызметімен айналысуға 8 лицензия қолданылады, оның 2-еуі букмекерлік кеңселер мен тотализатордың ("NetBet" ЖШС және "Евромирбет" ЖШС) қызметін біріктіреді. Ат спорты, асыл тұқымды жылқы шаруашылығы және ипподромдарды дамытудан "Қазақстан халқына" қоғамдық қорына кіріс көлемі бірінші жылы 4,5 миллион теңгені құрап, кейін жыл сайын 147 миллион теңгеге дейін күрт өседі деп күтілуде", – деп хабарлады мәдениет және спорт министрлігі.

Бүгін Tengrinews.kz агенттігіне сұхбатында "Қазақстан халқына" қорының басқарма төрағасы Болат Жәмішев бұл қоғамдық қордың өзі және қазақстандықтар күткен қорға айнала алмағанын ашық мәлімдеді.

"Қорға бір жыл толып отыр. Қор өзіңіз және қазақстандықтар күткендей қорға айнала алды ма?" - деп сұраған журналистке Б.Жәмішев: "Жоқ!" деп үзілді-кесілді жауап берді.

 

"Егер сапасы, тиімділігі, міндеттерді орындауы және жүзеге асыруы тұрғысынан алсақ, онда қор біздің күткеніміздей қорға айнала алмады. Екіұшты емес, нақты жауабым сол: жоқ. Енді бізге бұл мәселені шешуге тура келеді. Біз соған ниеттіміз", – деді "Қазақстан халқына" қорының басқарма төрағасы.

Оның мәліметінше, қор жаңа ғана құрылғанда, оған бірден 40 мың өтініш түсіпті. Қор оларды ұзақ уақыт қараған. Нәтижесінде, "басым көпшілігін қанағаттандырудан бас тартқан". Қазақстандықтардың бұл қорды қатты сынауының бір себебі осында жатса керек. Б.Жәмішев өтініштердің көбінде кредитті өтеп беру немесе баспана сатып әперу сұралғанын жеткізді. 

"Біз қайсысына көмектесуді қажет деп тапсақ, жүйе түзіп көмектесеміз. Қай жерде өтінішке қатысты жеке жұмыс істеу керек болса, жеке жұмыс істейміз. Өтініштердің үлкен көлемі шетелде емделу ақысын төлеуге қатысты болды. Түсіндіре кеткім келеді, біз шешім қабылдағанда қор қызметкерлерінің ғана пікірін басшылыққа алмаймыз. Сарапшылар қоғамдастығымен, дәрігерлермен, денсаулық сақтау саласында жұмыс істейтіндермен ақылдасамыз. Шетелде емделудің ақысын төлеуге арналған жүйені түздік. Бірақ бірінші кезекте балаларды емдетеміз, соның ішінде қолында оның Қазақстанда емделе алмайтыны туралы қорытындысы болса, төлейміз деп айқындалып алдық. Сонымен қатар Үкімет бюджет қаражатына шетелде емделуге жіберуге тиіс болған, алайда қандай да бір себептермен оны жасай алмаған жағдайларда қор көмектеседі", – деді Б.Жәмішев.

Ресми дерекке жүгінсек, 2022 жылғы 30 желтоқсандағы жағдай бойынша қорға заңды және жеке тұлғалардан 131,7 миллиард қаражат түскен. 2022 жылғы 31 желтоқсандағы есебі бойынша қор осы мол қаржыдан небары 25 млрд 559 млн 9,8 мың теңгені түрлі қайырымдылық шараларына жұмсаған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу