Саясат Нұрбек неге жаңа оқу жылын дағдарысқа айналдырып жіберді?

3957

Көңілі қалған жас ұрпақ өкілдері Ресейге кетіп, шетел асуда.

Саясат Нұрбек неге жаңа оқу жылын дағдарысқа айналдырып жіберді? Фото: kazgazeta.kz

Ғылым және жоғары білім министрлігі үшін биылғы жаңа оқу жылы дау-жанжалдарымен тарихқа кірмек. Министрлік әрбір ЖОО жанынан ситуациялық және дағдарыс орталықтары ашылғанын жариялады. Мұндай жайт ел тарихында ешқашан болмаған.

Өйткені біріншіден, оқуға түскен жастардың көбіне жатақхана жетпейтіні әшкереленді. Ата-аналар бұл салада қалыптасқан ахуалды "апат-катастрофа" деп бағалады. 1 қыркүйекте оқуға кірісу үшін жастар ауыл-аймақтан қалаларға ағылуда. Бір бөлігі орын таба алмай, далада қалды.

"Егер чаттарда жазғаны шын болса, кейбір жастар қарасуық жел және жаңбыр астында амалсыз парктерде қонып шыққан: вокзалдардағы орындықтарда түнейін десе, күзеті тұрғызып, қуып жіберетін көрінеді. Сонымен қатар, жастардың көптеп келетінін білетін хостелдер бағаны көтеріп қойған екен. Қонақүйлердегі нөмірлер балаларға қолжетімсіз. Жатақхана болады деп сендіргеннен кейін Алматыға қызымды елу мың теңгемен жібергенмін. Орын болмай, ол алты қызбен ескі үйде бір бөлмені жалдауға мәжбүр болыпты. Қандала шағып тастады дейді. Әрқайсысынан жиырма мың теңгеден алған. "Астанада үйіміз жоқ!" деген соң, жаңа депутаттарды пәтер тауып бергенше, билік былтыр қымбат қонақүйге орналастырды ғой! Жастарға неге солай жасамайды?", – дейді жетісулық Жомарт Оралбай. 

Ол Алматыда "тек қыздарға баспана берем, қасыма аламын" деген жеке хабарландырулар қаптап кеткенін айтады. Қызынан оларға хабарласпауды өтініпті, өйткені елде жатақханаға қатысты қалыптасқан ауыр ахуалды пайдаланып, әлдебіреулер өмірді көріп-білмеген, зымияндықтан хабары шамалы аңқау қыздарды жезөкшелікке салып жібере ме деп қорқады. Жомарт ағай амалсыз, микроқаржы ұйымынан кезекті несие алуға тура келгелі тұрғанына қапаланады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Әлеуметтік даму жөніндегі проректорының міндетін атқарушы Сәбит Суатайдың айтуынша, ҚазҰУ-де бірінші курс студенттерін қоспағанда, 20 100 студент білім алып жатыр. Биыл ЖОО-ға 4 100 грант иегері мен ақылы негізде оқитын 3 000-ға жуық студент оқуға түсті. Сөйтіп, студенттердің жалпы саны 27 мыңнан асып кетті. Бүгінде өз меншігіндегісін, жалға алатынын қоса алғанда, университеттің 20 жатақханада 7135 орны ғана бар. Осылайша, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де барлық студенттің небәрі 26,2%-ы жатақханамен қамтылып отыр. Еліміздегі жетекші, ең беделді әрі бай ғылым ордаларының бірінде жағдай осындай болса, басқасының ахуалы нешік?

Дәл осы кезде жоғарғы білім саласындағы тағы бір дағдарыс ушығып тұр. Әңгіме ҰБТ-да жоғары балл алса да, жоғары оқу орнына түсе алмаған жастар жайында. Осының алдында ғана Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек шуды басу үшін халыққа қосымша 10 мың гранттың бөлінетінін мәлімдеген болатын. Енді бұл ақпаратты оның Ғылым және жоғары білім министрлігі жоққа шығаруда. Ақпарат құралдары Саясат Нұрбектің сөзін енді "қауесет, слухи" деп беруде.

"Ғылым министрлігі қосымша 10 мың грант туралы қауесетке жауап берді. Ақпарат агенттіктері мен әлеуметтік желілерде биылғы жылдың түлектеріне 10 мың қосымша білім грантының бөлінгені туралы ақпарат тарады. Министрлік мұның мүлдем олай еместігін мәлімдеді", – деп жазады Ulysmedia.kz сайты.

Сонды бұл "фейкті" кім таратты?

"Қазақстандық талапкерлерге 10 мың грант қосымша бөлінетін болды. Бұдан бұрын түлектер гранттардың әділетсіз бөлінгеніне жаппай шағымданған болатын. Қосымша гранттардан ҰБТ-да 100 балдан артық жинаған, алайда олардың орындары су тасқынынан зардап шеккен өңірлерден келген үміткерлерге беріліп кеткен талапкерлер үміттене алады. Атап өтілгендей, былтырғыға қарағанда, биылғы жылы бюджеттік орындарға 11 мың үміткер артық таласқан", – деп хабарлады мемлекеттік 24.kz телеарнасы.

Бірақ қауесеттің тікелей дереккөзі – ақпарат құралдары емес. Сонда ақпаратты дұрыс жеткізіп, нақты түсіндіре алмай, елді жаппай жаңылдырған кім екен?

"Қазақстандық жылу-энергетика, су және орман шаруашылығы салаларында қалыптасқан үлкен проблемалар салдарынан, биылғы жылдан бастап, осы салаларда маман даярлауға көбірек грант бөлініп жатыр. Олар жылу энергетикасы, гидрогеология, ветеринария, ауыл шаруашылығы сияқты салалардың мамандарын даярлауға бағытталады. Жоғары балл алған балалардың бүкіл тізімін біз ректорларымызға табыстадық. Оның бәрі мықты, дарынды жастар. Олар осы білім деңгейіне жету үшін көп уақытын сарп етіп, еңбек сіңірді. Біз (ЖОО-лар) оларды жеке-жеке таратып аламыз, университеттерімізде оқуға мүмкіндік береміз. Шамамен 10 мың грант қосымша бөлініп жатыр", – деді министр Саясат Нұрбек.

Жоғары балл алған түлектің анасы Раушан Сұлтанова баласына бірде бір отандық университеттен ұсыныс түспегенін айтады.

"ҰБТ-ның өтіп кеткеніне 15 күндей болды. Саясаттың сөзін барлық арна, ақпарат құралдары таратты. Содан үміттеніп едік, алдаған екен бұл Үкімет! 10 мың грантты кімдерге таратып жатыр? Төмен балл алған мықтылардың балалары ханталапай етіп жатқан жоқ па? Қосымша гранттар туралы ақпарат ала аласыз деген Call-орталығына хабарластық. Телефонның құлағын ешкім көтермейді. Барып тұрып, үзе салады. Бірде бір жерде ақпарат жоқ. Ғылым министрлігінің сайтында қосымша гранттарды қайдан алуға болатыны айтылмаған. Тест орталығы да үнсіз. Өзекті ақпарат табу мүмкін емес", – дейді Сұлтанова.

Ол Қазақстанның балаларына тегін оқу мүмкіндігін ұсынатын ресейлік университеттерге хабарласыпты, үшеуінің өкілі белгілі бір ақыға орын тауып беруге уәде еткен екен. "Балаңызды оқып жүрген жерінен соғысқа алып кетеді деп қорықпайсыз ба?" деген сұраққа Раушан апай содан қорқатынын, бірақ университет өкілдері шетелдік студенттерге тиіспейтініне сендіргенін айтады. Көршінің уәдесіне сену әбестік болса керек. Ертең қазақстандық жастар окоптарды толтырып жатса, нағыз дағдарыс сонда болмақ. Ақылды, дарынды өрендердің шетелге кетуі де Қазақстанға абырой әпермейді.

Баласы жоғарғы нәтиже көрсеткен, тиісінше, қосымша гранттардан дәметкен ата-аналардың шуынан кейін енді Ғылым және жоғары білім министрлігі өз басшысының сөзін жоққа шығарды.

"Ресми түрде мәлімдейміз: қосымша 10 мың грант туралы ақпарат бүгінде өзекті емес! Бұл жаңалық министрдің 6 тамызда айтқан сөзіне негізделген еді. Яғни, грант иегерлері тізіміне кірмей қалған талапкерлер үшін әкімдердің, университеттердің, сондай-ақ жеке қорлардың гранттары есебінен қосымша тегін оқу орындарын ұсыну туралы министрдің ақпараты сол кезде ғана өзекті болатын", – деп жариялады Ғылым министрлігі.

10 мың гранттың үлкен бөлігі үлестіріп болыпты. Оның ішінде әкімдер мен университеттердің гранттары болған. Қалған гранттарды "Қазақстан халқына" қорының, сондай-ақ жеке компаниялар қаржысы есебінен табу қарастырылып жатқан көрінеді. Сондай-ақ оқуға түсіп кеткен, бірақ белгілі бір себеппен оқуын бастамайтын талапкерлердің қанша гранттан бас тартқаны 25 тамыздан кейін белгілі болады. Ол гранттар да қайта бөлінбек.

Айта кету керек, "Қазақстан халқына" қорына жалпы сомасы 250,3 миллиард теңге түскен. Оның ішінде 2024 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша атқарылған шарттардың жалпы құны 166 миллиард теңгеден ғана асты. Демек, 84 миллиард теңгедей қаражат қорда жатыр. Университеттерде 1 студентті бір жылғы оқыту құны орта есеппен 1,1 миллион теңге тұратынын ескерсек, бұл қаржы 37,7 мың баланы 4 жыл бойы оқытуға жетер еді.

Дегенмен, "Қазақстан халқына" қорының есебінде білім гранттарына бөлінетін жоспарлы шығыстардың көлемі айтарлықтай аз: қор 2024–2025 оқу жылына – 3 млрд 81 млн теңгеге дейін, 2025–2026 оқу жылына – 3 млрд 297 млн теңгеге дейін, 2026–2027 оқу жылында – 3 млрд 298 млн теңгеге дейін ғана қаражат бағыттауды жоспарлады.

Депутаттар шенеуніктердің жастарды тасқыннан зардап шеккен өңірлердің түлектеріне қарсы қойып, әлеуметтік шиеленіске түрткі болуы мүмкін екенін ескертеді. Білім және ғылым министрлігі биыл таратылған барлық гранттың 20%-ы су басып қалған өңірлерден эвакуацияланған талапкерлерге үлестірілгенін жариялады. "ТЖ-квотаның" тосыннан пайда болуы ҰБТ-да 100-ден артық балл жиған, жоғары білімін паш еткен түлектердің грантсыз қалуына соқтырды. Сонымен бір мезгілде, анағұрлым аз балл алған талапкерлер квота арқасында тегін оқуға мүмкіндік алды.

Бұл бір жағынан әділетті болатын: өзге өңірлердегі құрбы-құрдастары өз бетінше немесе репетитор жалдап, белсенді дайындалып жатқанда, топан судан зардап шеккен елді мекендердің жарықсыз, интернетсіз, баспанасыз қалған мектеп түлектерінде сәуір-мамыр бойы оқуға түсу емтихандарына лайықты дайындалуға мүмкіндігі болмады.  

Мәжіліс депутаты Ислам Сұңқар Саясат Нұрбектің ведомствосы "ТЖ-квотаны" енгізудің ықтимал салдарлары мен тәуекелдерін болжап, бағамдап, алдын ала алмағанына, көрегендік танытпағанына назар аудартты.

"Бұл жағдай елді дүдәмал етті. Бір жағынан, біз төтенше жағдай жарияланған өңірлерден келген балаларға көмектестік, екінші жағынан, басқа балалардың құқықтарын аяққа таптадық. Олар мемлекетті сотқа беріп жатыр. Бұл әрине, солардың өз құқығы. Мұндай сот процестері тым ұзаққа созылады, ол жастар әділдік таппай, тауы шағылуы мүмкін. Олар тіпті сотта жеңгеннің және сот министрлікті грант ұсынуға міндеттегеннің өзінде олар бюджет есебінен тек келесі жылы оқи алады. Осы бір жылда жастар шетелге кетіп қалуы мүмкін. Ғылым министрлігінің айыпты екені даусыз. Барлығын нақты, дұрыс, айқын ұйымдастыруы керек еді", – деді мәжілісмен.

Ақпарат құралдарының жазуынша, бірқатар ата-ана, мектеп түлектері мен кейбір құқық қорғаушылар мемлекет өзге түлектерге көмектесу үшін талапкерлердің бір бөлігінің мүдделеріне нұқсан келтірмеуге тиістігін мәлімдеді. 21 тамызда талапкер қыз алғашқы болып, Үкіметті сотқа берді.

Жас ұрпақ ересек өмірін мемлекетпен соттасудан бастаса, бұл мемлекетке абырой әпермейді.

Биыл мектептерді 188 мыңнан астам түлек бітірді. 2024-2025 оқу жылына барлығы 94 250 грант бөлінді. Оның ішінде 79 мыңға жуығы ғана бакалаврға берілген. 13 мыңнан астамы магистратураға және 2919 грант докторантураға бөлінді. Қазақстанда мектеп түлектерінің 50 пайызына ғана тегін оқуға мүмкіндік ұсынылады. Қалғаны не ақылы түседі, қаражаты жетпесе, талантты жастарымызды тегін грантымен қызықтыратын Ресейге, алыс шетелге кетеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу