Шенеуніктер арасындағы заңгерлерге қауіп төнді

17173

Олар "мызғымас квотасынан" айырылып қалуы мүмкін.

Шенеуніктер арасындағы заңгерлерге қауіп төнді

Ел Үкіметі Президенттің мемлекеттік қызметшілерді және ұлттық компаниялар мен ұлттық холдингтердің қызметкерлерін 2020 жылы 10%-ға, ал келесі жылы 15%-ға қысқартудың әртүрлі жолдарын қарастырып жатыр. Мысалы, квазисекторда сатып алумен айналысатын бөлімдер оңтайландырылуда. "Самұрық-Қазына" қорының тобына кіретін компаниялардың ортақ сатып алу жүйесі енгізілуде. Бұл сала толық цифрландырылып, сатып алулардың электронды дүкені де құрылады деп күтілуде.

Алда министрліктер мен әкімдіктердегі, сондай-ақ квазисектордағы заңгерлік бөлімдер де соның кебін киюі ықтимал.

Заң ғылымдарының кандидаты, доцент, практик-заңгер Алмар Мүсілімов осының мән жайын Үкіметтен сұрады.

"Президент 1 қыркүйектегі биылғы жолдауында шенеуніктердің жалпы алғанда 25 пайызға қысқартылатынын жариялады. Бүгінде ел Үкіметінің 2006 жылғы 9 қарашадағы "Мемлекеттiк органдардың заң қызметтерi туралы үлгi ереженi бекiту туралы" №1072 қаулысы қолданылады. Бұл құжат меморгандар басшыларына заңгерлік қызметті тұтастай немесе заңгерлердің біреуін қысқартып тастауға тыйым салмай ма?" – деп сұрады А.Мүсілімов.

Жалпы, "Меморгандардың заң қызметтерi туралы үлгi ереже" министрліктердің және өзге ведомстволардың заң қызметтерiне олардың қызметiне тән емес қосымша функцияларды жүктеуге тыйым салады. 

Ережеге сәйкес, меморгандар өзіндегі заң қызметiн дербес құрылымдық бөлiмше ретiнде құрады. Ондағы заңгерлер саны ведомствоға бекiтiлген штат санының лимитіне тікелей байланысты болады. Әзірге заңгерлік бөлімнің құрылымы мен штаттық санын жауапты хатшы бекітеді. Тиісінше, заңгерлер соған тікелей бағынады. Алайда Қ.Тоқаевтың жолдауына сай биыл жауапты хатшылардың өздері қысқартуға ілікті. 2007 жылы Елбасы негізін қалаған жаухатшылар институты жойылып, тек тарих еншісінде қалады. Жақын арада ел Үкіметі Мәжіліске осыны жүзеге асыратын қос бірдей заңды енгізбек. Құжаттар "Қаазақстан Үкіметі туралы" конституциялық заңына өзгерістер енгізу туралы" және "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне жауапты хатшылар институтын тарату мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы" деп аталады.

Ал жоғарыда айтылған ереже бойынша шынында "мемлекеттiк органның заң қызметтерiн таратуға жол берiлмейдi".

"Осылайша, меморганның өзi қайта ұйымдастырылмаса немесе таратып жіберілмесе, заң қызметтерiн бөлімше ретінде мүлдем жоюға тыйым салынған. Мемлекеттiк орган өзіне бөлiнген бюджет қаражатының шегiнде заң қызметтерiнiң тиiмдi және сапалы қызметi үшiн тиiстi жағдай жасауға міндетті. Бұл ретте заң бөлімі қызметкерлерінің саны сол меморган қызметкерлерінің жалпы штат санының 5%-ынан кем болмауы қажет. Егер меморганның орталық аппаратының штат саны 500 және одан көп болса, онда заңгерлер саны 25-тен кем болмауы керек", – деді әділет министрі Марат Бекетаев.

Дегенмен, ол заңгерлік бөлімдерде бәрібір қысқартулар жүретініне назар аудартты.

"Өйткені биыл және келесі жылы меморгандардың жалпы штат санының лимиті қысқартылады. Соған орай заңгерлік қызметтер қызметкерлерінің саны пропорционалды түрде қысқартылуға жатады. Бұған қоса, Әділет министрлігі қолданыстағы "Мемлекеттiк органдарының заң қызметтерi туралы үлгi ережеге" өзгерістер енгізуді жоспарлап отыр. Соған бағытталған жұмыс аясында осы мәселе де қайта пысықталады", – деді Марат Бекетаев.

Ендеше бұрын өзін жер қозғалса қозғалмайтындай, мызғымас сезініп келген шенеунік-заңгерлер қазіргі 5 пайыздық квотадан да айырылып қалуы ғажап емес.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу