Шенеуніктер жемқорлық жайлаған салаға еркіндік беруді қоймай-қоймай сұрап отыр

5111

Министрліктің ұстанымынша, егер жол салу жобасын қымбаттатуға уақытында рұқсат етпесе, ары қарай ол одан да көп қымбаттайды.

Шенеуніктер жемқорлық жайлаған салаға еркіндік беруді қоймай-қоймай сұрап отыр Фото: asfalt-kachestvo

Бұған дейін Inbusiness.kz Антикордың жол құрылысы саласында көптеген миллиардтық бұзушылықтарды әшкерелегенін жазған болатын. Атап айтқанда, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жол салу жұмыстарының шын бағасын 4,8 миллиард теңгеге асырып көрсеткенін анықтады.

Президенттің тапсырмасымен жол саласындағы коррупциялық қауіп-қатерге талдау жүргізген Антикор біраз былықтың бетін ашты. Оның арасында жол жобасының жобалау-сметалық құжаттамасының (ЖСҚ) құнын шектен тыс өсіріп жазу, сапасыз материалдарды, әбден ескірген жабдықтар мен технологияларды пайдалану және басқасы бар. Бұған қоса жол құрылысына сыбайлас-ымыралас және адал емес компаниялар тартылады, ақыры олар жұмысты аяғына жеткізбей, орта жолда қалдырады.

Кейінгі 3,5 жылда антикоррупциялық агенттік осы салада 65 жемқорлық қылмыстарын әшкереледі. Олардан мемлекетке шамамен 9 миллиард теңге шығын келген.

Антикор сондай-ақ ағымдағы жол құрылысына да мониторинг жүргізуде. Бүкіл ел бойынша 217 телім қамтылған. Әсіресе, 12 кең ауқымды жоба, соның ішінде халықаралық дәліздер агенттіктің бақылауына алынған.

Талдау барысында биылғы алғашқы бұзушылықтар табылып жатыр. 5 өңірде жалпы сомасы 4,8 миллиард теңгеге басыартық және қосалқы жұмыстарды да қоса салу жолымен, сметалардағы соманы асырып жазу деректері анықталды. Тағы 6 өңірде қолға алынған жұмысты тиімсіз жоспарлау фактілері тіркелді. Мысалы, Абай облысында 20 млн теңгеге "шұңқырлы жөндеу" жүргізіліп, ақша игерілгеннен кейін дәл сол учаскенің жол жабынғысын толық сүріп тастап, енді 1 миллиард теңгеге ағымдағы жөндеу жүргізілуде.

Бұл саланың өне-бойын коррупция дерті дендеп алғанын байқауға болады.
Соған қарамастан, Көлік министрлігі Үкіметке осы саладағы бақылауды ары қарай әлсірететін бастамалармен шығып отыр. Министр Марат Қарабаевтың командасы бұл ұсыныстарын "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне көлік саласын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заң жобасына қосты. Егер Парламент әдеттегі әніне басып, мәніне терең үңілмей, жеңілтек қарап, жедел құптай салса, министрлік дегеніне жетеді.

"Автомобиль жолдарын күтіп ұстауды және жөндеуді қаржыландыру жүйесін дамытқан жөн. Көлік саласына өз қажеттіліктерін қаржыландыруда көбірек еркіндік беру керек. Сондай-ақ оны қосымша қаржыландыру көздерімен қамтамасыз ету қажеттілігі туындады", – делінген Көлік министрлігінің аталған заң жобасына реттеушілік саясаттың консультативтік құжатында.

Ведомствоның дәйектемесі "мығым", тіпті "ультиматумға" ұқсайды: егер құрылыс компанияларына жобаны қымбаттатуға дер кезінде мүмкіндік бермесе, ары қарай қымбатшылығы одан да зор болады.

Бұл ретте шенеуніктердің өкілді органдарға – Парламент пен мәслихаттарға да тағар "айыбы" бар: бюджетті өзгерту ісін созбалаңға салады екен.

"Қазақстандағы көп сатылы бюджеттік процесс аясында бюджетті түзету және нақтылау мерзімдері ұзаққа созылады. Соның кесірінен жол құрылыстарын да уақытылы және тұрақты түрде қаржыландыруды жүзеге асыру қиын. Сонымен қатар, бюджетті қабылдау кезеңдері аяқталған кезде көбіне бағалар да өзгеріп кетеді, бұл бюджетті түзетудің жаңа айналымын бастауды талап етеді. Мысалы, 484–503 шақырым теліміндегі "Қостанай–Қарабұтақ" жобасының бастапқы құны 2020 жылы 24,7 миллиард теңгені құрады, 2023 жылы түзетілгеннен кейін жобаның құны 32 миллиард теңгеге дейін өсті. Тиісінше жоба 7,2 миллиард теңгеге қымбаттады. Аталған жайттар әсіресе, іске асырылуы бірнеше жылға есептелген ұзақ мерзімді жобаларды жедел қаржыландыруға теріс әсер етеді. Бұл олардың одан да көп қымбаттауына және ары қарай созбалаңға салынуына соқтырады", – делінген министрліктің құжатында.

Көлік ведомствосының мәліметінше, республикадағы автожолдардың жалпы ұзындығы 94 мың 781 шақырымды құрады. Соның ішінде:

  • халықаралық және республикалық маңызы бары – 26,2%;
  • облыстық маңызы бары – 33,5%;
  •  аудандық маңызы бары – 40,1%.

Келесі деректер осы жолдардың жыл сайын жүздеген миллиард қаржыны игеретін құралға айналып кеткенін паш етеді. Республикалық маңызы бар автожолдар желісінің жалпы ұзындығы 24,9 мың шақырым. Оның ішінде 5,7 мыңы – бюджеттен бөлінген қаражатқа жөнделіп жатыр: 2,6 мың шақырымда – түрлі жөндеу, 3,1 мың шақырымында – толық реконструкция жоспарланған.

Енді қараңыз, осы мақсатта жол құрылысы компанияларына бір ғана 2024 жылы республикалық бюджеттен 389 миллиард теңге үлестіріледі.

Жемсау-кормушка мұнымен бітпейді. Биылғы 2024 жылы 3,1 мың шақырым автожолдар жаңадан салынуға тиіс. Соның 1,9 мың шақырымы – бұрыннан созылып келе жатқан жобалар және биыл оларды аяқтау жоспарлануда. Оларға қанша триллион қаражат (жолды жаңадан салу оны жөндеуден бірнеше есе қымбат тұрады) шығындалатынын министрлік жарияламады.

Дегенмен, соның өзін азсынып отыр. Дәйектеме ретінде, тәуелсіздігін қалпына келтіргеніне 30 жылдан сәл ғана асқан Қазақстанды дамыған бай елдермен салыстырады.

"Автожолдарды салу және реконструкциялау жобаларына қажетті қаражаттың тапшылығы қазірдің өзінде шамамен 94 миллиард теңгені құрайды. Бұл тек материалдар құнының қымбаттауының, сондай-ақ қаржыландыру көздерінің болмауының тапшылығы. Айта кету керек, мысалы, I-ші санаттағы 4 жолақты жолдың 1 шақырымын салу Қазақстанда шамамен 900 миллион теңгені немесе 1,9 миллиондай долларды құрайды. Салыстырсақ, АҚШ-та 1 шақырым жолдың құрылысы шамамен 5 миллион долларға, Францияда – 5,2 миллионға, Швецияда – 5,6 миллионға, Германияда – 5,7 миллион долларға түседі", – деп дәлелдеді Көлік министрлігі.

Бұл жерде барлық штаттарын қоса алғанда, АҚШ-тың бюджеті 2024 жылы 9,8 триллион долларды, Германияда – 2,03 триллион долларды, Францияда – 1,6 триллион долларды, шағын ғана Швецияда – 282 миллиард долларды құрады. Қазақстанның республикалық бюджеті – 2024 жылы 23 триллион 316,1 миллиард теңге немесе шамамен 49 миллиард доллар ғана.

Тиісінше, егер Көлік министрлігі мен құрылыс компаниялары армандап отырғандай, Қазақстан әрбір шақырым жолды салуға 5,7 миллион долларға дейін шығындауға кіріссе, елдің бір жылдық бүкіл республикалық бюджеті небары 8 мың 596 шақырым жолды төсеуге жетеді екен.

Солай-ақ болсын делік: бүкіл республикалық бюджет тек жол құрылысына берілсін, мұндай жағдайда Үкімет халыққа зейнетақы, жәрдемақы, шәкіртақы, жалақы төлемейді, яғни, әлеуметтік міндеттемелерін орындай алмайды. Үкіметтің халықаралық дәліздер құрылысына халықаралық қаржы институттарынан миллиардтаған доллар қарыз алуы салдарынан, тарихымызда болмаған рекордтық көлемге жеткен мемлекеттің қарызын (Қаржы министрлігінің дерегінше, 27,2 триллион теңгеден асқан мемқарызға қызмет көрсетіп, өтеуге 10,4 трлн теңге қажет) төлей алмайды, онда мемлекет дефолтқа ұшырайды. Барлық тіршілік тоқтайды, экономика тоқырайды. Есесіне, 8,5 мың шақырым жаңа жол еуропалық бағамен салынады.

"Флориданың жылдамдықты хайуэйларында көлік айдадым. Бір мезгілде сүйсіндім және қызғаныштан ызам қайнады. Тап-таза, түп-түзу, жүк көлігіне, жеңіл автоға да ыңғайлы. Америкалық әріптесімнің айтуынша, бір салынған жол 40 жыл, түсінесің бе, қырық жыл тұра береді. 1980-ші жылдары төселген жолды көрсетті, біздегі жаңасы ұялғандай! Бізде жаңа асфальт көктемде қармен бірге еріп кетеді. Құпиясы қарапайым: америкалықтар трассаларды және басқасын бетоннан салады және барынша үлкен салмақ пен өткізу қабілетіне есептеледі. Бетонның астына да, үстіне де қалың асфальт төсейді. Сонда берік гидроизоляция жасалып, термикалық тігістер, саңылаулар арқылы жол астына ешқандай су еніп кетпейді", – деді қазақстандық, алысқа жүк таситын жүргізуші (дальнобойщик) Роман Федорук.

Алайда Көлік министрлігі өздеріне және жол салушыларға "көбірек еркіндік" пен барынша көп қаржы сұрағанда, сөйтіп, салған жолдарының ондаған жыл мұрты бұзылмай тұратынына кепілдік бермейді. Өйткені бюджеттен қанша қаржы шығындалса да, жол салушылар ескі технологияларды қолдануын жалғастырады. Олар тіпті бұл саладағы инновацияларға еш қызығушылық танытпайды. Оған құлқы да, кадры да жоқ.

"ҚазжолҒЗИ" АҚ мәліметінше, Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтының мамандары кезінде "Астана–Щучинск" автобанының құрылысына ғылыми-техникалық сүйемелдеуді жүзеге асырыпты. Соның арқасында, институт қызметкерлерінің бақылауымен бұл республикалық трассада жаңа технологиялар мен құрылыс материалдары қолданылған екен. Назар аударыңыз: "ҚазжолҒЗИ" хабарлауынша, бүгінде бұл – Қазақстанда көптеген жылғы пайдалануда азды-көпті жоғары сапасын көрсете алған жалғыз жол ғана болып тұр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу