Шенеуніктерді жеріміздің астындағы байлықты жаппай сатып жіберуге кім итермелеп отыр?

5548

Мәжіліс депутаты Азат Перуашев жер қойнауын пайдаланудан түсетін табысты жария түрде бөлісуге шенеуніктердің өзі тосқауыл болып отырғанын айтты, деп хабарлайды Inbusiness.kz тілшісі.

Шенеуніктерді жеріміздің астындағы байлықты жаппай сатып жіберуге кім итермелеп отыр?

Аталмыш мәселе бүгін Мәжілісте қаралған. Нақтырақ айтсақ, "Жер қойнауы туралы" кодекстің жобасы талқыланды. Азат Перуашев өз сөзін аталмыш заң жобасын қолдап, оның әзірленуіне мұрындық болған бастамашыларға алғыс айтып бастады.

"Жер қойнауын пайдалану тақырыбы құжатта көтерілген мәселелерден әлдеқайда ауқымды деп есептейміз. Әсіресе, былтыр референдумда қабылданған Конституциясының жаңа редакциясын ескерейік. Жаңа редакциясының 6-бабының 3-тармағы бойынша "Жер мен жер қойнауы халыққа тиесілі", - деп еске салды депутат.

"Ақ жол" фракциясы бұл заң жобасына 15-ке жуық түзету жолдаған көрінеді. Оның ішінде өнімді бөлу туралы келісімдердің шарттарын жалпыға жариялау мәселесі де бар.

"Кейінгі кезде бұқаралық ақпарат құралдарында өнімді бөлу туралы келісімдердің тонауға бағытталған шарттары туралы ақпараттар жарияланып жүр. Сол мәліметтерге сүйенсек, Қазақстан Қашаған сияқты ірі кен орнынан өндірілетін мұнайдан мардымсыз үлес алып отыр. "Ақ жол" партиясы бір жылдан астам уақыт бойы Үкіметтен бұл ақпаратты не растауды, не жоққа шығаруды, ал, расталған жағдайда аталмыш шарттарды қайта қарауды сұрап келеді. Біз, алдағы уақытта жер қойнауын пайдалану келісімшарттарында қоғам үшін жабық баптар мен нормаларды қолдануға тыйым салуды талап етеміз", - деді Азат Перуашев.

Депутат заңға стратегиялық кен орындардағы Қазақстанның үлесі 51%-дан аз болмау керек деген бап енгізуді ұсынды. 

"Шетелдік жер қойнауын пайдаланушыларға халқымызға тиесілі табиғи байлықтарымызды өндіріп, сатуды ғана емес, техника мен жабдықтардан бастап отандық өндірушілердің өнімдерін сатып алуды, оларға жер қойнауын пайдаланушылардың өздері қолданатын ауыстырылатын қосалқы бөлшектер мен детальдерді шығаруға қажетті құжаттарды беруге септесуді ұсынамыз. Сол арқылы шикізат алпауыттары қалпына келмейтін қорымызды өндіріп қана қоймай, Қазақстанның технологиялық дамуына серпін берер еді", - дейді Мәжіліс өкілі.

Айтуынша, Үкімет "Ақжол" партиясы ұсынған түзетулердің біреуін ғана қолдап, қалған ұсыныстарға теріс қорытынды берген.

Депутат өнімді бөлу туралы келісімдерді ашық жариялау туралы ұсыныстың кері қайтарылғанына қапалы.  

"Қарсыластарымыздың екінші уәжі - халықаралық құқыққа сай ӨБК шарттарын жариялауға болмайды-мыс.
Шенеуніктердің логикасы бойныша, жер қойнауының иесі, яғни, Қазақстан халқы шетелдіктердің өз меншіктерін қалай пайдаланып жатқанын білмеуі керек. Бұл үйіңізге әлдебіреудің келіп, жылдар бойы мал-мүлкіңізді сатып, ойына келгенін істеп, іргетасын талқандап кетуімен пара-пар. Ал,  "мынау не істеп жатыр?" деген сұрағыңызға, заңгерлер "сіздің оны білуге хақыңыз жоқ!" деп жауап қайырады. Бұл біреулерге ұнайтын шығар, бірақ "Ақ жол" фракциясы мұндай жағдаймен еш келіспейді. Біз осы жер қойнауларының иесі ретіндегі халқымызға қатысты әділетсіз шарттарды болған жағдайда ондай келісімдерді заңсыз деп есептейміз. Қоғам өнімді бөлісу келісімдерінің шарттарын білуі керек. Біз оларды жариялауды талап етеміз.
Конституция бойынша Қазақстанда халықаралық шарттар Парламент оларды ратификациялаған жағдайда ғана ұлттық заңнамадан үстем бола алады. Ал өнімді бөлісу келісімдері Парламентте талқыланбаған және ратификацияланбаған", - деді депутат.

Оның пайымынша, шенеуніктер халықаралық заңнаманың жер қойнауын пайдаланушыларға тиімді баптарын алға тартып жүрген шенеуніктер Ата заңымызды бұзып отыр.

"Кімге қызмет ететіндеріңізді анықтап алыңыздар, шенеунік мырзалар. Өз еліңізге ме, өзге біреуге ме?
Біздің Конституцияның жер және жер қойнауы туралы нормасы біреуге ұнайтынын не ұнамайтынын талқылауға да құқымыз жоқ. Халық оны қабылдады, ал Үкімет пен біз, депутаттар, оны айналып өтудің жолын іздемей, барлық талаптарды мүлтіксіз орындауға міндеттіміз", - дейді Азат Перуашев.

Оның сөзінше, ірі кен орындарындағы Қазақстанның үлесі кемінде 51% құрауы керек деген бастамаға шенеуніктер "онда инвесторсыз қаламыз" деген желеу айтқан.

"Барлық жер қойнауын тезірек сатып жіберуге шенеуніктерімізді кім итермелеп отыр? Мұнай, газ, металдар, көмір секілді байлықтарды ата-бабаларымыз ғасырлар бойы көзінің қарашығындай қорғап, бізге аманаттап кеткен.  Неге барлығын өз бағасынан да төменге тезірек сатып құтылғыларыңыз кеп жүр? Сіздерді ешкім асықтырып жатқан жоқ қой - бүгін алмаса, кейінгі ұрпаққа мирас болып қалады, ол кезде олардың инвесторлары әлдеқайда әділетті әрі бұдан да тиімді шарттар ұсынар. Басқа да уәждер жетерлік. Сондықтан, біз екінші оқылым барысында өз ұсыныстарымыздың енгізілуін талап ететін боламыз", - деді Мәжіліс депутаты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу