ШҚО-ның кен қоры 20 жылға ғана жетеді

13358

Мағзұм Мырзағалиев Өскемендегі Жылу электр орталығының жұмысын "жасылдандыруды" тапсырды. 

ШҚО-ның кен қоры 20 жылға ғана жетеді

"Кенді Алтай" атанған Шығыс Қазақстан облысының қолданыстағы кен орындары 20 жылдың ішінде сарқылатыны талайдан бері айтылып келеді. Даниал Ахметов бастаған жергілікті актив осы мәселені Өскеменге жұмыс сапарымен барған Экология, геология және табиғи ресрустар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің алдына да қойды.  

"Өскеменде облыс әкімі Даниал Ахметовпен бірге өңірдің минералдық-шикізат базасын дамыту бойынша жиын өткіздік. Өңірдің барлық минералдық шикізат түрі анықталған десек болады.Алтын,күміс,мыс,цинк, қорғасын,титан және жер асты суларының үлкен қоры Шығыс Қазақстанда шоғырланған",  деп жазды министр Тwitter-де. 

Оның айтуынша, өңірдегі қазбалардың қоры 17-20 жылға ғана жететін көрінеді.  Сондықтан геологиялық барлау жұмысының көлемін ұлғайту міндеті тұр. Мағзұм Мырзағалиев бұл істе барынша жаңа технологиялар қолданылып, кен барлауға ниетті инвесторларға қолайлы жағдай жасалу керек деген пікір білдірді. 

"Облыс әкімімен барлауды күшейту, қосымша қаржы тарту бойынша Жұмыс тобын құруға келістік.Оның құрамына саладағы ғалымдар, компаниялар, мемлекеттік органдар өкілдері кіреді.Жастарды геология саласына тартып, баулу да маңызды. "Қазгеология" облыстағы ЖОО-мен әріптестікті күшейтеді", – дейді ведомство басшысы.

Министрдің пайымдауынша, елдегі экологиясы ушыққан өңірлердің үштігіне кіретін облыста Өскеменде Жылу электр орталықтарының жұмысы талапқа сай реттелмеген. Соның кесірінен жыл сайын бір ғана кәсіпорыннан  16 мың тонна шығарынды қоршаған ортаға тасталады. 

"Өскемен жылу электр орталығының атмосфералық ауаны ластау деңгейін төмендету жұмыстарымен таныстық. Кәсіпорын ең үздік қолжетімді технологияларды енгізу арқылы ауаға шығатын қатты бөлшектерді 53,3%,күкірт диоксидін 17% төмендеткен. Дегенмен, жылу электр орталығының жұмыс технологиясын одан әрі жасылдандыра түсу қажет. Халық оның нәтижесін қысқа уақыт ішінде сезінуі тиіс. Әсіресе, қыста, желсіз ауа райында ластаушы заттың көп бөлігі ЖЭС-тан бөлінеді. Жылына шығарындылар 16 мың тоннаға дейін жетеді. Өскемен қаласы қоршаған орта ахуалы ең нашар үш өңірдің қатарына кіретінін ескере отырып, өңірдегі экологиялық шараларды күшейту аса маңызды", деп жазды миинистр.

Есжан Ботақара


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу