Шылымқорлардан ел бюджетіне қанша миллиард түскені анықталды

5450

Көк түтінге құмарлар онысын қойса, шынымен ұшақ сатып ала алады.

Шылымқорлардан ел бюджетіне қанша миллиард түскені анықталды

Ел арасында кеңес кезінен бері танымал әзіл-анекдотта бір адам екіншісіне: "егер сіз шылым тартпағаныңызда, бүкіл өміріңіз бойы соған жұмсаған қаражатқа ұшақ (кейбір нұсқада көлік немесе заңғар үй) сатып алар едіңіз!" дейді. Әзілдің астарында шындық бар көрінеді.

Темекі түтінін будақтатудан ләззат алатын азаматтар осы жаман әдетіне жұмсайтын бір жылғы шығынын ортаға тастаса, бір емес, жүздеген ұшақ сатып ала алады екен.

Мысалы, әлемдегі ең танымал ұшақтың бірі – 189 жолаушыны алып ұша алатын "Boeing 737-800". Оның жаңасы 106,1 миллион доллар тұрады. Бұл қазіргі бағаммен шамамен 54,8 миллиард теңгеге тең. Ал шылымқорлар сатып алған сигарет түрлерінен түсетін салықтың өзі 232,4 млрд теңгені құрайды. Бұл 4 "Боингке" тең. Егер 7 адамға ғана арналған "Cessna Citation M2" VIP-джетімен есептесек, оның 232-сін сатып ала алатын еді.

Қазақстанда шылымға құмартқандар әлі де болса көп көрінеді. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, елімізде 15 жастан асқан ересек қазақстандықтардың 21,9%-ы темекі тартады. Бір қуаныштысы, бұл жерде гендерлік теңдік жоқ 15 жастағы және одан ересек ерлердің 78,2%-ы, ал әйелдердің 21,8%-ы шылым шегетін көрінеді.

"Ауылда көп қызық болмаған соң ауылдықтардың көбі зерігіп темекі тартады" дейтін кеңес кезінен қалған стереотип қазір жарамайтын көрінеді. Ұлттық статбюро 15 жастан асқан ауыл тұрғындарының 39,7 пайызы осыған әуес екенін анықтаған. Ал қалалықтар арасында бұл көрсеткіш 60,3 пайызға жеткен.

Сондықтан мемлекет үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, елде темекіге қарсы күресті қайта қолға алмақ. Әйтпесе, бұл шараларға бағытталып келген қаржыландыру 2020 жылы елде пандемияның басталуына байланысты салауатты өмір салтына бөлінген қаражаттармен бірге қысқарып кеткен болатын.

Билік не дейді?

Қаржы министрлігінің хабарлауынша, ведомство бір жағынан, бюджетті толтыру және салықтық әкімшілендіруді жақсарту, екінші жағынан, салауатты өмір салтының өрістеуіне ықпал ету мақсатында акциз саясатын жетілдіру жұмыстарын жүргізуде.

"Бұл саясат елдегі осы нарықтың тұрақтануына, бюджеттің табыстылығын қамтамасыз етуге, сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға септеседі. Нәтижесінде, темекі өнімдері бойынша акциз салығының түсімі жыл санап өсіп келеді. Нақтылай кетсек, 2019 жылы темекі өнімдерінен 195,7 миллиард теңге, 2020 жылы – 218,3 миллиард теңге, ал былтырғы 2021 жылы – 232,4 миллиард теңге салық түсті", – деп хабарлады министрлік.

Өйткені елде темекі өнімдерінен жиналатын акциздер ставкасы бірте-бірте көтерілуде. Атап айтқанда, 2021 жылы фильтрі бар және онысы жоқ сигареттерге, папиростарға салық – әрбір 1 мың данасы үшін 11 100 теңге болса, ал 2022 жылы 12 300 теңгеге дейін жоғарылады.

Ведомсто шылымқорларға аққұла Қазақстан ғана "шабуылдап" отырмағанын еске салды.

"Акцизге қатысты біздікіне ұқсас тәсілді әлемдегі көптеген елдер, соның ішінде көрші Ресей де ұстанады. Сонымен бірге ол мемлекеттер бүгінде қыздырылатын темекісі бар өнімдер үшін акциздік салықтың жеке категориясын құрды. Бұл ретте салық салынатын база ретінде темекі қоспасының салмағы алынады. Тиісінше, бұйымның әр келісіне белгілі бір ставка бойынша акциз салығы салынады", – деп түсіндірді Қаржы министрлігі.

Қазақстанда қыздырылатын темекісі бар өнімдердің акциз салығы 2021 жылы – 1 келі темекі қоспасы үшін 7 345 теңгені құраса, 2022 жылы – 11 750 теңгеге дейін өсті. Тиісінше, бұл бағытта да шабуыл өрістеуде.

Салық кодексінде осы өнімге "темекіні қыздыру жүйесінде пайдалануға арналған, темекі бұйымы ингредиенттері қосылған немесе қосылмаған темекі шикізатынан тұратын темекі бұйымының түрі" деген анықтама берілген.

Осы арқылы елімізде glo және IQOS стиктері қатаң реттеуге алынды. Былтыр ел Үкіметі бұларды темекіге теңестіргенде, оны өндірушілер араға лоббистерін салып, оған тосқауыл қоюға тырысты, елдегі беделді ақпарат құралдарында оған қарсы мақала бастырды.

Бұған дейін техрегламент тек темекі түрлерін, сигареттерді, сигараларды және сигариллаларды реттейтін. Ал қыздырылатын темекі, вейп пен электронды сигарета бұл санатқа жатпайтын.

Бұған қоса, Қазақстанда 2020 жылдың 1 қазанынан бастап темекі өнімдері қос өлшемді Data Matrix кодымен таңбалана бастады. Таңбаланбаған темекінің қалдықтарын 2021 жылдың қазанына дейін сатуға мүмкіндік берілді. Осы өтпелі кезеңнен кейін дүкендердегі барлық таңбаланбаған темекі өнімдері тәркіленетіні хабарланды. Шылымқорлар мерзімін өткізбей, сатып алыпты.

Бүгінгі таңда отандық темекі өнімдерін өндірушілер мен импорттаушылар 1 миллиардтан астам қорап темекіні таңбалады.

Қалай болғанда, салығы өсе беретіндіктен, жыл өткен сайын темекі тарту аса зиянды ғана емес, сондай-ақ өте шығынды "жаман әдетке" айналмақ.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу