Теңіздегі мұнайды қазақтар енді татарлармен бірігіп өндірмек

6279

Татарстан Қазақстанның әр саласына дендей енуде.

Теңіздегі мұнайды қазақтар енді татарлармен бірігіп өндірмек Фото: Sputnik / Анатолий Устиненко

"ҚазМұнайГаз" бен татардың "Татнефть" компаниясы әлемдік супергигант саналатын "Теңіздің" дәл жанында орналасқан "Қаратон" кен орнында геологиялық барлау жүргізу жоспарын бекітті. Олар онда мұнай мен газ өндіруді 2028 жылы бастауды жоспарлап отыр.

Ресейлік компанияның дерегінше, бүгінде кен орнында геологиялық барлау жоспары дайын, бекітілді. Алғашқы іздеу ұңғымасын бұрғылауға биылғы жылы кірісіп кетеді.

Бұл үшін қаражатты "Татнефть" ұсынады. Ол жобадағы 50% үлеске ие. Қалған елу пайызы – ҚМГ-да. Қос компания арасындағы келісімге сәйкес, егер аталған телімде қара алтын не көгілдір отын табылмаса, шығындар "Татнефтьтің" мойнында қалады. Бірақ мамандар онда қазына мол екенін айтады.

Егер бәрі ойдағыдай болып, жетістікке жетсе, Қазақстан ресейлік компанияның бүкіл шығынын өтеп беруге тиіс. Бұл жөнінен мәміле 90-шы жылдарда бекітілген "өнім бөлісу келісіміне" қатты ұқсайды.

Қаратон кен орны қара алтыны қарқынды алынып жатқан "Теңіз", "Королевское" және Ембімұнайгаздың бірнеше кен орнына жақын жерде орналасқан. Ескі деректер бойынша онда 353 миллион тонна, бәлкім, одан да мол мұнай ресурсы болуы мүмкін. Онда жылына 4,5 миллион тонна мұнай өндіріледі. Алайда қойнауында қанша қазына тұнып жатқанын геологиялық барлау нақты анықтайды.

ҚМГ мен татардың "Татнефті" Атырауда геологиялық барлау жұмыстарын бірлесіп жүргізетіні 2022 жылғы маусымда белгілі болды. Сонда, 17 маусымда, Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өткен "Петербор халықаралық экономикалық форумы" кезінде "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ-ының сол кездегі басшысы Мағзұм Мырзағалиев пен "Татнефть" ЖАҚ-ы бас директоры Наиль Маганов Атырау облысындағы "Қаратон-Сарықамыс" жобасын бірлесіп іске асыру жөніндегі ниет келісіміне қол қойды.

Келісім арқылы қос тарап аталған жобаға қатысты геологиялық-барлау жұмыстары бойынша ынтымақтастық ниетін растады. Ұлттық компания бұл қол қою рәсімі Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Татарстан басшысы Рустам Миннихановтың кездесуі барысында өткенін хабарлады.

Мұнай-газ саласының сарапшысы, Energy Monitor қорының директоры Нұрлан Жұмағұлов соңғы 2 жыл бойы жүрген келіссөздер барысында Қазақстан тарапының "Татнефтьке" 30-дан астам кен орнын ұсынғанын айтады.

Биылғы 2024 жылғы ақпанда ақпарат құралдары ресейлік "Татнефтьтің" "ҚазМұнайГаздың" еншілес компаниясының 50% акциясын иеленгенін жариялады. Сатып алу-сату келісіміне тараптар қолдарын қойды.

Ақорданың баспасөз қызметі хабарлағандай, 2024 жылғы 21 ақпанда, Татарстан астанасы Қазанға сапары аясында Қазақстан Президенті "Татнефть" ЖАҚ бас директоры Наиль Магановты қабылдады.

Маганов Тоқаевқа Қазақстанда бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективасы туралы егжей-тегжейлі мәлімет берді.

Атап айтқанда, "Татнефть" Атырау облысында бутадиен және одан өнім өндіруге бағытталған мұнай-газ химиясы саласындағы стратегиялық инвестициялық жобаны жүзеге асырып жатқаны айтылды.

Аталған кәсіпорын "ҚазМұнайГаз" компаниясымен Қазақстанның батыс өңіріндегі көмірсутегі қорларын барлау және өндіру жобалары аясында ынтымақтастық орнатқан. Бұдан бөлек, "Татнефть" қатты пайдалы қазбалар кенін бірлесе игеру ісіне атсалысуда.

Қасым-Жомарт Тоқаев "Татнефть" компаниясының Қазақстанда мұнай-газ және тау-кен өнеркәсібін дамыту жөніндегі бастамаларын жоғары бағалап, аталған кәсіпорын еліміздің энергетика саласындағы стратегиялық серіктестердің бірі екенін атап өтті.

Сол кездесу барысында Қазақстан тарапы "Татнефтьпен" арада бірнеше құжатты бекітті. Оның арасында Қазақстандағы қатты пайдалы қазба байлығын өндіру жобасы, бутадиен және оның туындыларын өндіретін зауыт салу, ҚМГ-ге тиесілі Karaton Operating Ltd компаниясының 50% акцияларын сатып алу-сату келісімдері бар.

Нұрлан Жұмағұловтың мәліметінше, 2021 жылы "Бутадиен және оның туындыларын өндіру" жобасы аясында "Бутадиен" бірлескен кәсіпорны құрылды, оның 25%-ы – ҚазМұнайГаздың, 75%-ы – "Татнефтьтің" еншісіне тиді.

2022 жылғы қарашада болашақ зауыттың құрылыс алаңында бастапқы құрылыс-монтаждау жұмыстары басталды.

Зауыт 2025 жылы салынып бітетіні хабарланды. Онда өнімнің 5 түрін шығару жоспарланды: бутадиеннің өзі, стирол-бутадиен-стирол (жол жабынғысында пайдаланылатын каучук), дивинил-стиролды синтетикалық каучук (көліктің шина-доңғалағын жасауға арналған каучук), изобутан-изобутилендік фракция, метил-трет-бутилді эфир (бензин қоспасы).

2022 жылғы 5 қарашада "Бутадиен" ЖШС бірлескен кәсіпорны мен "Теңізшевройл" ЖШС арасында бутанды сатып алу-сату келісіміне қол қойылды. Оған сәйкес, жаңа зауытқа шикізатты ТШО жеткізуге келісті. Ол жыл сайын 380 мың тонна бутанды жеткізіп тұруға тиіс.

Бұл зауыт өндіретін синтетикалық каучук Қарағанды облысында "Татнефть" тұрғызған автомобиль шиналарын жасайтын кәсіпорында пайдаланылмақ.

Алайда 2023 жылғы маусымда "ҚазМұнайГаздың" "Бутадиен" бірлескен кәсіпорнынан шығып кеткені мәлім болды.

"Дереккөздерімнің ақпараты бойынша серіктестер арасында келіспеушіліктер туындаған. Өйткені "Татнефть" қазақстандық шикізаттан алынған жартылай фабрикатты Ресейдің Тольятти қаласындағы өз зауытына әкетуді жоспарлаған. ҚМГ бутадиенді одан да тереңірек өңдеп, ақырғы дайын өнімді осында, Қазақстанда шығаруға табандаған. Содан кейін "Татнефть" Ресейден аудит жіберді, мұнда да тараптардың мүдделері түйіспей қалған. "Татнефтьтің" Атырау мұнай өңдеу зауытынан үлес сұрағаны айтылып жүр. "Татнефтьтің" директорлар кеңесінің төрағасы Рустам Минниханов – Американың санкциясының астындағы тұлға екенін ескерсек, бұл қаншалықты орынды болар екен?", – деді сарапшы Нұрлан Жұмағұлов.

Қалай болғанда, Қазақстан "Бутадиен" ЖШС құрамында қалды: ҚМГ-ны "Самұрық-Қазына" қоры ауыстырды.

Бірақ зауытты пайдалануға беру мерзімі шегеріліп, 2026 жыл болып белгіленіпті.

"Бутадиен" ЖШС – Қазақстан және Ресейдің мұнай-газ химиясы, атап айтқанда бутадиен каучуктарын өндіру саласындағы бірлескен жобасы. Жоба Қазақстандағы мұнай химиясын дамыту жөніндегі арнайы экономикалық аймақтың аумағында, Атырау қаласынан 43 шақырым жерде, Қарабатан телімінде орналасқан. Жобаны іске асыру құрылыс кезеңінде екі мыңнан астам жұмыс орнын және пайдалану кезеңінде 754 жұмыс орнын (жоғары білікті мамандар) құруға мүмкіндік береді. Жобаның алдын ала құны 888 млн доллар мөлшерінде анықталды", – делінген қордың ресми хабарламасында.

Шикізатты жеткізудің жыл сайынғы көлемі 380 мың тонна бутанды құрайды. Өнімінің жоспарланған өткізу нарықтары ретінде Еуропа, ТМД, Қытай, Түркия және басқасы белгіленді.

Зауытта 30 мың тоннаға дейін – "стирол-бутадиен ТЭП" өнімін, 60 мыңға дейін – дивинил-стиролды синтетикалық каучукті, 45 мыңға дейін – бутадиенді, 40 мыңға дейін – метил-терт-бутил эфирін, сондай-ақ 130 мың тоннаға дейін – изобутан-изобутилен фракциясын өндіру жоспарланып отыр. Бұл жоба 2026 жылы қолданысқа берілуі мүмкін.

Бұған дейін "Татнефть" Қарағанды облысының Саран қаласында шина зауытын іске қосты. 2022 жылғы желтоқсанда "KamaTyresKZ" атты зауытта алғашқы қазақстандық автомобиль шиналары шығарыла бастады. Бірақ сериялық жаппай шығаруға кірісе алмаған екен. Кәсіпорын жобалық қуатына биыл, 2024 жылы шығады деп күтілуде.

14 ақпанда, Қарағанды облысына жұмыс сапары аясында "KamaTyresKZ" зауытында жаңа Үкімет басшысы Олжас Бектенов болып қайтты. Сонда зауыт басшылығы Премьерге көктемде сериялық өндірісті бастауға уәде етті.

Ол үшін арнайы курстардан білім алған 500-ден астам қызметкер жұмысқа кірісуге дайын екен. Осы жүздеген қарағандылық маман ресейлік Нижнекамскідегі "Татнефть" ЖАҚ шина кәсіпорындарында оқудан өтті. Ал, зауыт толық қуатына шыққаннан кейін қосымша 1 000-нан астам жұмыс орны ашылмақ. Көктем аяқталғанға дейін шамалы уақыт бар.

Қарағанды облысы әкімдігінің мәліметінше, бұл зауытта екінші кезеңде резеңке-техникалық бұйымдарды, үшінші кезеңде – ауыл шаруашылығы техникасына арналған ауыр шиналарды өндіру жоспарлануда.

Егер өндіруші уәдесінде тұрып, шинаны сериялық шығаруға қол жеткізсе, онда елде құрастырылатын автомобильдердегі қазақстандық мазмұнды, локализацияны арттыруға үлес қосар еді.

Демек, татар елінің беткеұстар компаниясы – "Татнефтьпен" ынтымақтастық жалғасуда. Бұл серіктестік елге зор игілік, мол қайтарым әкелсе, жақсы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу