Елімізде жұмысы ілгері баспай, кері кеткен салалар белгілі болды

889

Кейінгі уақыттарда тері өндірісі де осы санатқа қосылды.

Елімізде жұмысы ілгері баспай, кері кеткен салалар белгілі болды Фото: Dairy News

Таяуда Ауыл шаруашылығы елдегі мал терісінің 78 пайызы өңделмей, құр босқа шығындалғанын мәлімдеді. Ал жауапты өзге де ведомстволар жұмыстарды қолға алуға асығар емес.

Өңделмеген қалдық көбейді

Алдымен елдегі тері өңдеу нарығының жай-күйін айтайық. 2023 жылдың қорытындысы бойынша, 2,5 миллионнан аса ірі қара малдың терісі өндірілген екен. Оның 8 пайызы қайта өңдеуге жіберілген, 13,7 пайызы Ресейге, Түркияға, Қырғызстанға, Нигерияға экспортталыпты. Бірақ ең қызығы, сол 2,5 млн терінің 78 пайызы, яғни, 1,9 миллионы өңделмей, қалдық күйінде қалған. Министрлік бұның себебін шикізат қорының тым көптігімен түсіндіруге тырысқан.

Ведомство дерегіне сенсек, республикада теріні бастапқы өңдейтін 9 кәсіпорын жұмыс істейді. Өңдеуші кәсіпорындардың қуаттылығы 3,3 млн-ға дейін ірі қара мал терісін, ұсақ малдың 4 млн-нан астам терісін өңдеуге қауқарлы. Міне, осы тұстан қайшылық шығады, 2,5 млн теріні өңдей алмаған кәсіпорындардың қуаттылығы шынында көп деуге сену қиын.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің алға тартуы бойынша, кәсіпорындардың айналым қаражаты тапшы, өндірілген өнімді өткізу нарықтары шектеулі екен. Оның үстіне сапалы шикізаттың жеткіліксіз. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді дамыту жөніндегі 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарында тері өңдеуші кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында 200-ден астам мал терісін дайындайтын әрі жинайтын пунктер ашу, мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру қарастырылыпты. Теріні тереңдете өңдеу бойынша инвестициялық жобаларды жүзеге асыру көзелген және оны ынталандыру үшін жаңа кәсіпорындар салу, қазір жұмыс істеп тұрғандарын жаңғырту, кәсіпорындардың шығындарын өтеу де ойластырылған.

Бұған қоса, кешенді жоспар бойынша қайта өңдеуші кәсіпорындарға негізгі және айналым қаражатты толықтыру үшін жеңілдетілген несие беру қарастырылған екен. Аталған шаралар тері-жүн өңдеу кәсіпорындарының жұмысына оң ықпалын тигізіп, проблемаларын шешуге мүмкіндік беретіні айтылыпты. Бір қарағанда бәрі жақсы, алайда саланың жай-жапсарымен жақсы таныс кей депутаттар жағдайдың жасалып жатқанына сенбейді.

Министр тиісті жұмыстарды атқармауда

Негізі Қазақстан бір жылда жоғарыда айтылған 2,5 млн дана терімен шектелмейтіні анық. Ауылдарда сойылған мал терісінің түгелі дерлік далаға тасталады. Ілгеріде әр ауылда тері жинаушылар болатын.

Олар халықтан ақшаға тері сатып алып, зауыттарға өткізеті. Қазір бұл үрдіс жоғалды. Халық терінің қажеті жоқ, оны өткізуге, өңдеуге үкімет жағдай жасамаған деп ойлайды.

Мәжіліс депутаты Анас Баққожаевтың айтуынша, осы процестің зиян тигізетін теріс жақтары бар.

– Ауылдағы жұрттың тері өткізуіне жағдай жасалмағаны рас. Дегенмен халық мал терісін далаға лақтыруды қойғаны абзал. Егер ауырған малдың терісі болса, одан ауру тарайды және экологияға да зияны орасан. Мейлі, сатып алу нарығы жоқ дейік, бірақ мемлекет тері утилизациясын ұйымдастыруы керек. Кезінде Таразда, Семейде, Қордай мен Арқалық, Алматыда тері өңдейтін ірі зауыттар болды. Алайда олардың мәселесін мемлекет шешпеді. Инвестициялық жоба ретінде басталып, өнімдері сұраныста болған. Қазір олардың техникалары ескірді, ірі мекемелер әбден қарызға батты, көпшілігі сол күйі жұмыс істемей тұр, – дейді ол.

Баққожаевтың пікірінше, бұндай құлдырауға үш себеп жеткізген. Біріншіден, мемлекет өзге елдермен келісімге отырып, кәсіпорындарға сауда нарығын ұйымдастырып беруі керек еді. Өндіріс орындары қажетті тауарларды толтырып отыруға қауқарлы болатын. Бірақ нарықтар табылмаған соң ірі мекемелер құр жұмыс істеп жатқандай әсер қалдырды.

Екіншіден, ақша айналымы да болмаған. Зауыттар қажетті шикізатты сатып алуға да қаржы көздерін таба алмапты. Дәл осы салаға мемлекет субсидия қарастырып немесе несие линиясын ертерек ұйымдастырғаны абзал еді.

Үшіншіден, мемлекет кәсіпорын иелерін салықтан босатпады. Мәселен, олар халықтан теріні сатып алады, өңдейді, бірақ өздері сатқаннан кейін мемлекетке қосылған құн салығын төлеп отырды. Ал сол уақытта қытайлықтардың өзі елімізге келіп, халықтан шикізат сатып алып кетті. Бірақ олар сол үшін мүлде салық төлемегені белгілі. Міне, осындай жайттардан кейін барлық кәсіпорындар банкротқа ұшыраған.

– Біз қазір сол кездегі потенциалды жоғалтып алдық. Алдағы уақытта не істеу керек? Біріншіден, тері өндірісі саласын салықтан босату керек. Осы бойынша біз ұсыныс беріп қойдық. Екіншіден, айналымдық капиталды қалыптастыру ісін мемлекет мойнына алғаны абзал. Үшіншіден, шикізат қорын құруға септесу. Иә, әлемде былғарыға сұраныс азайды. Дегенмен түбегейлі жойылмайды. Кәсіпорындарға "өздерің дамыңдар" деп, қараусыз қалдыру жөнсіз. Қанша жерден нарықтық экономика десек те, мемлекет бұл іске араласуы керек, – дейді депутат.

Жалпы алғанда тері өндірісі өте қиын сала байқалады. Қазақстанның жер аумағы өте үлкен, ауылдарды аралап, халықтан теріні жинау, оны тасымалдау өте көп шығынды талап етеді.

Бұған қоса, салаға бөлек ведомство керек. Өндіріске қатысты түсініктемені Ауыл шаруашылығы министрлігі бергенімен, кәсіпорындарды Өнеркәсіп министрлігі бақылайды. Ал бұл министрлік салаға ерекше зер салып отырған жоқ, бары да, жоғы да – бір.

– Өнеркәсіп министрлігінің ішінен жеңіл өнеркәсіп комитетін құру идеясын министр Қанат Шарлапаевқа бірнеше рет айттық. Бірақ жылдан астам уақыт өтті, ештеңе істемеді, – деп түйіндеді Анас Баққожаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу