Тез байып кетудің жолын көрсететін курстар неге қаптап кетті?

6509

Өткен ғасырдың 70-ші жылдарынан бастау алып, бүгінде біздің қоғамға сіңісіп кеткен ақпараттық бизнес күннен күнге дамып келеді. 

Тез байып кетудің жолын көрсететін курстар неге қаптап кетті? Фото: canva.com

Оның бұлайша қарқын алуына адам психологиясының ерекшеліктері, әлеуметтік желінің дамуы, аз ақша салып, он есе артық табыс табу мүмкіндігі әсер етіп отыр.

Жаңа кәсіп түрінің оң және теріс әсері, шығу тегі, салдары жайлы толығырақ білу үшін inbusiness.kz тілшісі психолог, қаржыгер, мамандармен тілдесіп, ақпараттық кәсіптің қыр-сырына шолу жасады.

"Ақпараттық бизнес" (ағылшынша infomarketing) термині өткен ғасырдың 70-жылдары АҚШ-та пайда болып, бизнес пен ақпараттың үйлесімін меңзейді. Оның негізін қалаушы ретінде Дэн Кеннеди жиі аталады. Ол қазір ақпараттық алаңда жүрген барлық кәсіпкерлер, коучтер мен гурулар әлі күнге дейін қолданып жүрген әдіс-тәсілдердің, тактика мен стратегиялар жүйесін ойлап тапқан адам. Ал ақпаратты монетизациялаудың Ресейдегі атасы – 2007 жылы осы терминді енгізген Андрея Парабеллум саналады. Көп ұзамай жаңа бизнес түрі Орта Азия елдерін де қамти бастайды.

Ақпараттық бизнестің бұлайша қарқын алуының бірнеше себептері бар. Оған бірінші себеп – сұраныстың болуы. Ал сұраныстың артуының психологиялық та астары бар. Психолог маман Әлия Ерімбеттің айтуынша, әлеуметтік желілердің дамуы салдарынан еліктеушілік, өзін басқа адамдармен салыстыру көбейген, бала кезден өзінің қалауымен өмір сүре алмаған жандар ересек шағында да өзін іздеумен болады. Сол іздену барысында түрлі кәсіпті игеруге, жаңа білім алуға деген құлшыныс күшейеді. Осы сәтте тез әрі оңай нәтиже беруге уәде беретін курстардың маңыздылығы артады.

"Инстаграм әлемі адамдарға қатты әсер етеді, әдемі өмірді көріп, арманға батқан әрбір адам жаңа эмоцияларды сезініп, басқа өмірдің дәмін татқысы келеді. Әсіресе, бала кезінен өз қалауымен өмір сүре алмай, әке-шешесінің жетектеуімен оқуға түсіп, өзін таба алмай жүрген адамдар жаңа кәсіпті игеруге, жаңа білім алуға құлшынып тұрады. Бұл табиғи құбылыс, оның еш әбестігі жоқ. Ал курс сатушылар маркетинг жүргізу барысында дәл осы аудиторияға сай, жанды жеріне басатын психологиялық әдістерді көп қолданады, яғни адам эмоциясына әсер ететін сөздерді айтып, визуалды эффект жасайды. Әрине, баласымен үй шаруасында отырып қалған әйел үйден шықпай, бір-екі айда жаңа кәсіпке үйреніп, табыс табуға болады деген ақпаратқа сеніп қалады. Себебі іштей соған сенгісі келеді. Басында сол эмоция жетегінде жүріп, адам өзінің маңыздылығын сезініп, өзіне деген сенімі артады, алайда "вау" әсер ұзаққа созылмайды. Себебі білім деңгейінің төрт деңгейі болса, курстан өткендер соның бірінші деңгейінде қалып қояды", – деп түсіндіреді психолог.

Екіншіден, қазіргі нарықтық экономиканың заңдылығына сәйкес әр адам өзінің жеке брендін қалыптастыруға, мемлекеттік көмектен дербес табыс табуға тырысады және олардың қатары жылдан жылға толығып жатыр. Нарықтық экономика қалыптасқан кез келген елде ақпараттық бизнестің дамуы эволюциялық заңды құбылыс. Мұндай даму жолын Еуропа елдері де, АҚШ-та бастан кешірді, деп санайды қаржыгер Бауыржан Ысқақ.

Үшіншіден, ақпараттық бизнес өте табысты кәсіп түріне айналып отыр, себебі табыс көлемі бастапқыда кеткен шығыннан 5-10 есе артық.

"Егер ақпараттық өнімнің маржасы 60%-дан төмен болса, онда курс сәтті іске қосылмады деген сөз. Орташа алғанда, ақпараттық тауардан түсетін кіріс салынған инвестициядан X5-X10 есе артық деңгейді көрсетеді. Мысалы, о баста контент, жарнама жасауға 2 миллион теңге салынса, соңында 20 миллион теңге табасыз", – деп түсіндірді жеке брендті қалыптастыру бойынша сарапшы Камилла Омарова.

Осылайша, ақпараттық өнімдерден түсетін таза табыс кез-келген басқа қызметтер мен тауарларды сату табысынан едәуір асып түседі – бұл бизнесті дамыту үшін шынымен ең тиімді сала.

Қазір қоғамда ақпараттық бизнеске қатысты сан қырлы пікір айтылады, түрлі көзқарас бар. С. Демирел атындағы университеттің профессоры Молдияр Ергебековтың айтуынша, либерал қоғамда пікір әралуандығы болуы керек, кез келген маман қалауы бойынша өз тәжірибесін бөлісуге құқылы.

"Мен, өз басым, ақпараттық бизнестің дамуына қарсы емеспін. Өйткені еркін, либерал қоғамда пікір әралуандығы болуы керек. Егер адам өзін белгілі бір салада эксперт ретінде бағалайтын болса, курс ашып, оқырмандарына бойындағы білімін бере алуға құқығы бар. Сол арқылы кез келген тақырып не мәселе бойынша пікірталас туындап, ақпараттық бизнес еркін пікір нарығының қалыптасуына ықпал етеді. Десекте, әсіресе, психология тақырыптарында, психолог не өмір сүруге үйрететін коучтерге жүгінерде абай болған жөн. Өйткені психологиясы онсызда кілтипан беріп тұрған адамның психологиясын одан әрі бұзып жіберуі мүмкін. Әрине, мұндай курстар көбінесе құлақты елең еткізетін, өтпелі бір мотивацияны қалыптастыратын дүние болып келеді, көбінесе. Өйткені ондағы берілетін ақпарат көбіне ғылыми еңбектер мен пайымдауларға негізделмейді. Сондықтан курсқа жазылар алдында адамдар ондағы берілетін ақпараттың қаншалықты ғылыммен байланысы барын алдын ала сұрағаны дұрыс, яғни, қоғам мүшелері өздері сан алуан курстар ішінен, елгезерден ұн өткізгендей, сапалысын әрі пайдалысын таңдай білуі керек. Ал әлеуметтік медиа, коммуникация дамыған кезеңде көрсетілетін қызметтің сапасына баға беру өте оңай", – деді Молдияр Ергебеков.

Оның айтуынша, ақпараттық бизнес ұсынатын курстардың сапасы мен жалпы қоғамның білімінің артуына екі жағдай оң әсер етеді. Біріншісі, пікір әралуандылығының қалыптасуы. Екіншісі, медианың ғылым журналистикасына бет бұруы. Ғылымды, ғылыми жаңалықтарды бәріне түсінікті, қарапайым тілмен жеткізу маңызды.

Дегенмен кейбір шет елдерде онлайн-сабақтар мен курстардың мазмұнын, сапасы мен пайдасын бақылауды мемлекет өз мойнына алған. Қытайда біліктілігі жоқ блогерлер үшін тыйым салынған тақырыптардың толық тізімі бар, олардың қатарына медицина, қаржы және білім салалары кіреді. Сонымен қатар мемлекет жергілікті әлеужелі оқытушыларының дипломдары бар-жоғын бақылайды. Таратып отырған ақпараттың сапалы болуына австралиялық блогерлер де жауапты. Онда "Этика кодексі" қабылданып, соған сәйкес интернеттегі коммерциялық қызмет арнайы белгімен белгіленуі талап етіледі. Аталмыш талап орындалмаған жағдайда Бәсекелестік және тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия сотқа жүгінуге толық құқылы.

Ақпараттық кәсіпке экономикалық тұрғыдан қарар болсақ, қаржыгер Бауыржан Ысқақтың ойынша, жаңа бизнес түрінің мемлекеттік қазынаны байытудағы әлеуеті өте жоғары.

"Ақпараттық бизнеске, қосымша білім көзі ретінде, ешқандай қарсылығым жоқ, бірақ оны белгілі бір заңмен реттеу маңызды. Қандай салада болсын еңбек етіп, кәсібін дөңгелетіп отырған әрбір азамат салық төлеуге міндетті. Қазір дәл осы салаға қатысты арнайы бір заң жоқ, тек "Онлайн-платформалар мен онлайн-жарнама туралы" заңдық норма қабылданған. Онлайн курстардың даму қарқынын ескере отырып, оны тезірек нарыққа енгізу және заңмен реттеу мәселесін көтеру керек. Жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, тоқсан сайын салық төлеуі тиіс", – деп түсіндірді қаржыгер.

Қазақстанда қазір ресми түрде 400-ден астам блогер тіркелген. Олар тек 2023 жылы, "Онлайн-платформалар мен онлайн-жарнама туралы" заңына сәйкес, жарнамалық қызметі үшін 1-4%-дық салықтық жүктеме негізінде 200 млн теңге көлемінде салық төлеген. Егерде салық жүктелетін қызмет түрлерінің аясын кеңейтіп, тізімге онлайн-курстарды енгізер болсақ, бюджетке түсер қаражаттың артары сөзсіз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу