Төл теңгені не күтіп тұр?

11629

Соңғы уақытта доллардың теңгеге шаққандағы бағамы қымбаттап жатыр. 

Төл теңгені не күтіп тұр? Фото: inbusiness.kz

Алдағы уақытта теңгені не күтіп тұр? Девальвация болуы мүмкін бе? Сарапшылар осы тақырыпқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Күні кеше Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов ұлттық валютаның девальвациясына ешқандай негіз жоқ екенін баса айтты. Айтуынша, қазіргі таңда теңге тұрақты.

"Теңгеде депозиттердің кірістілігі инфляцияны есепке алғанның өзінде шетелдік валюталарға қарағанда анағұрлым жоғары. Өз басым ұлттық валютаның тұрақтылығына сенемін", - деді вице-министр Сенат кулуарында.

Қаржы сарапшысы Айбар Олжай теңгенің құлайтынына фундаменталдық негіз жоқ екенін жеткізді.

"Кішкене келісетін тұсы бар. Теңгенің құлайтынына фундаменталдық негіз жоқ. Мысалы, теңге қандай жағдайда құлауы мүмкін? Мұнайдың бағасы барреліне 10-20 доллардан құлап кетсе, ұзақ уақыт солай тұрса, бізде онда үлкен төлем балансының тапшылығы және Ұлттық қордың жетіспеушілігі байқалады. Сол кезде теңге құлауы мүмкін, қазір ондай жоқ. Екіншіден, төлем балансында импорт қатты көбейіп кетіп, біздің экспорт көлемі қысқарса, арадағы теріс айырмашылық көбейіп кетсе, онда теңгеге үлкен қысым болады. Бізде қазір ондай байқалмайды. Үшіншіден, бізде доллардың белгілі бір дефициті болған жағдайда, мысалы, АҚШ-тан бір санкциялар болып, Қазақстанға доллар операциялары істелінбесін десе, бізді санкция қысса – доллардың дефициті болып, бізде девальвация болар еді. Ешқандай санкция жоқ, доллар емін-еркін елімізде саудалана береді. Сондықтан осындай факторларды қарап отырып, тағы қандай фактор бізге әсер етуі мүмкін деген ойлар келеді. Ол санкция астында тұрған рубль. Қанша десек те, рубльмен бізде байланыс каналы бәрібір бар, біздің Ресеймен тауар айналымымыз әлі де жоғары деңгейде және оның дені рубль арқылы жасалады", - деді сарапшы.

Айуынша, келесі бір фактор – бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры үшін долларларды сатып алу.

"Ол да мемлекет тарапынан биржада конверттеледі, мемлекет биржаға теңгені шығарып, оларға долларды сатып алады. Бұл БЗЖҚ-ның валюталық активтерін толықтырып ұстап тұру үшін жасалады. Осы тұрғыдан алғанда мемлекеттің де кішкене теңге бағамының сәл ауытқуына шағын болса да әсері бар", - деп есептейді ол.

Ұлттық экономика қуатты болуы керек

Экономист Жангелді Шымшық теңге толыққанды болу үшін ұлттық экономика қуатты болуы керек деген пікірді алға тартып отыр.

"Егер бүгін қай ұлттың валютасы үстемдік етіп жатыр десек, бұл АҚШ доллары. Олардың экономикасы әлемдік жалпы ішкі өнімнің жартысына дейінгі деңгейін шығарады. Ең қуатты экономика болғандықтан, оның валютасы да тұрақты. Мысалы, Қытай юанін бұрын ешкім керек қылмайтын, осыдан үш-төрт жыл бұрын ҚХР жапондардың экономикасын қуып жетіп еді, енді юаньді конверттелетін валюта ретінде халықаралық қатынастарда қолдана бастады. Ресейдің өзінде юаньмен әжептеуір сауда-саттық жүргізіліп жатыр. Егер де біз ұлттық валютамызды тұрақты дейтін болсақ, онда экономикамыз сондай дәрежеде болуы керек. Қомақты өнім өндіретін экономика болуы тиіс. Ал біз шикізат қана шығаратын, тіпті аяқ астында қалып жатқан байлықтарды игере алмай жатқан экономиканы көре тұра, ұлттық валютаның құнсыздануына ешқандай негіз жоқ деп отырмыз", - деді ол.

Сарапшы ақшаның бес қызметі болатынын еске салды.

"Егер ол толыққанды ұлттық валюта боламын десе, онда бес қызметті атқаруы керек. Ең негізгі қызметі – құн өлшемі. Бізде теңгемен ешкім құнды өлшемейді. Барлығы доллармен өлшенеді, содан кейін теңгеге аударады. Бірінші қызметін толыққанды орындамаған ақша ұлттық валюта бола алмайды", - деді Жангелді Шымшық.

Ұлттық банк не дейді?

Ұлттық банк зейнетақы активтерінің инвестициялық портфелі үшін доллар сатып алуды тоқтатады. Бұл туралы ҰБ төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова хабарлады. Оның сөзінше, доллар-теңге бағамындағы құбылмалылықтың жоғары болуы қазан айының басынан байқалады. Теңгенің динамикасына ішкі және сыртқы факторлар әсер етеді. Әлия Молдабекова доллардың ішкі өсу факторы ретінде ел ішінде валютаға деген сұранысты атады. Шетел валютасына сұраныстың өсу себептерінің қатарында бюджеттік шығыстардың ұлғаюы, квазимемлекеттік сектордың инфрақұрылымдық және инвестициялық жобаларға жұмсайтын шығыстары бар, деп жалғастырды ол.

"Бұл шығыстардың айтарлықтай бөлігі шетелдік жабдықтарды, материалдар мен технологияларды сатып алуға жұмсалады, өз кезегінде бұл долларға қосымша сұранысты туғызады. Сонымен қатар зейнетақы активтерін басқарудың табыстылығы мен тиімділігін арттыру үшін Ұлттық банк БЖЗҚ-ның валюталық бөлігінің үлесін 40 пайызға дейін ұлғайту туралы шешім қабылдады. Яғни, валюта нарығындағы сұраныс факторларының бірі – Ұлттық банктің БЖЗҚ-ға сенімгерлік басқарушы ретінде валюта сатып алуы. 10 қазандағы жағдай бойынша БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесі 40 пайызға жетті. Бұл өсім валюталық портфельдің, әсіресе акциялардың шетелдік активтері құнының өсуіне, теңгеге шаққандағы доллардың нығаюымен байланысты", - деді спикер.

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова БЖЗҚ-ның валюталық үлесін ұлғайту бойынша алға қойылған міндет орындалғанын жеткізді. Осылайша Ұлттық банк зейнетақы активтерінің инвестициялық портфелі үшін доллар сатып алуды тоқтатады. Әлия Молдабекова Ұлттық банк валюта нарығындағы ахуалға тұрақты мониторинг жүргізетінін баса айтты. Бұдан басқа валюта бағамының айтарлықтай құбылмалылығы жағдайында Ұлттық Банк валюталық интервенциялар жүргізу құқығын пайдаланады, деді Әлия Молдабекова.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу