Төрт айда жаңа көліктердің сатылымы 8,5 пайызға төмендеді

3628

Ресми дилерлердің сатылымы 31 мыңнан асты. 

Төрт айда жаңа көліктердің сатылымы 8,5 пайызға төмендеді

Жыл басынан бері ресми дилерлер 31 189 техника сатқан. Бұған жеңіл автокөліктерден бөлек, жүк көліктері, автобустар, арнайы техникалар, тіркемелер де кіріп отыр. Дәл бір жыл бұрынғы көрсеткіш 34 100 техниканы құраған еді. Осылайша, осы жылдың қаңтар-сәуір аралығында жаңа көліктердің сатылымы 8,5 пайызға төмендеген.

Автонарықты талдау және мониторингілеу орталығының басшысы Артур Мискарянның мәліметінше, сәуірде көп сатылған ТОП-5 брендтің қатарына Chevrolet (3 004 сатылған), Hyundai (1 802), KIA (968), Toyota (950) және LADA (798) енген.

"Сәуір айының қорытындысы алғашқы ондықтағы бірқатар танымал брендтердің сатылымының айтарлықтай төмендегенін көрсетті. Мысалы, Nissan сатылымы 81 пайызға, Volkswagen – 81 пайызға, GAZ – 78 пайызға, Renault – 67 пайызға құлдырады, – деді Артур Мискарян.

2022 жылдың қаңтар-сәуір аралығында көп сатылған брендтердің бестігі келесідей: Hyundai – 8 675, Chevrolet – 5 893, KIA – 3 326, LADA – 3 121 және Toyota – 3 094.

Сарапшының пікірінше, көлік тапшылығы мен логистикалық проблемаларға геосаяси жағдай қосылды. Бұл нарықтың кейбір қатысушыларының жұмысына сөзсіз әсер етті.

"Қазіргі жағдайда өзімізде құрастырылған автомобильдерді сатып алғандардың ұпайы түгел. Біріншіден, отандық өнімдердің бағасы импорттық автомобильдермен салыстырғанда шамалы ғана қымбаттады. Екіншіден, жеңілдетілген бағдарлама бойынша автокөлік сатып алу мүмкіндігі беріліп отыр", – деп нақтылады Автонарықты талдау және мониторингілеу орталығының басшысы.

Сарапшы валюта нарығындағы өзгерістерді де естен шығаруға болмайтынын ескертті. 1 рубльдің бағамы 7 теңге екенін ескерсек, бұл ресейлік тұтынушылардың Қазақстаннан автокөлік сатып алу жолын қарастыруға негіз болмақ.

"Соңғы екі айда "Ресейден келетін сатып алушылар ағыны" мифологиялық сипатқа ие болып келді. Егер курс ұзақ уақыт бойы осы деңгейде сақталса, ресейліктерден нақты сұраныс түсуі әбден мүмкін", – деді А.Мискарян.

Еске сала кетейік, 16 мамырда Қазақстанда жеңілдетілген автонесие бағдарламасы іске қосылды. 23 мамырдағы жағдай бойынша, ел тұрғындарынан 14 507 өтінім түскен. Оның 4 834-і мақұлданды. Бұл дегеніміз – 35,7 млрд теңге. 2 857 өтінімді "Банк ЦентрКредит" мақұлдаса, қалған 2 013 өтінімге "Еуразиялық банк" оң жауап берген. Әзірше республикада 34 автокөлік берілді.

Ғалия Әділ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу