Trade-in: үйді жаңасына айырбастаймын деп, далада қалды

8440

Үй алудың жаңа тәсілі туралы не білу керек?

Trade-in: үйді жаңасына айырбастаймын деп, далада қалды

Қазақстанда баспана бағасы шарықтап барады. Мысалы, елордада 41-45 шаршы метрлік пәтерді 17-18 миллион теңгеге сатуда. Өзге өңірлерде де нарықтағы баға көтеріліп жатыр. Дағдарыс кезінде тұрмысы төмендеген тұрғындардың бұл соманы қалтасы көтермесі даусыз.

Осы орайда кейбір құрылыс компаниялары Trade-in бағдарламаларын іске қосуда, онысы "ескі үйіңді жаңаға айырбаста" дегенге саяды. Ескі баспана құны жаңасымен теңеспейді, демек, үстеме ақша төлеу керек.

Алайда осындай бағдарламаларға сенген кейбір азамат алданып қалуда. Соның бірі көкшетаулық Жанара К. жаңа пәтеріне де қол жеткізбеген, әрі атасынан мұраға қалған өз үйінен де айырылып қалды.

"Үш жылдай бұрын қала көшесімен келе жатып, билбордтан "трейд-ин" бағдарламасының жарнамасына көзім түсті. Ескі үйіңізді тапсырып, жаңа пәтеріңізді иеленіңіз дейді. Ойласа келе, көрсетілген мекенжайға жүгіндім. Пәтерімді көрсетуге уағдаластым. "Отаu Developent" тұрғын үй-құрылыс кооперативінің қызметкері Диана өзімен тәуелсіз бағалаушыны ерте келді. Осыдан кейін сатып алу-сату келісімшартын бекіттік, уағдаластыққа сәйкес, оларға өз пәтерімді беремін, бірақ ақша алмаймын. Құжатты нотариус бекітті, ол бойынша пәтерімді Диананың атына көшірдім, ол маған 14,8 миллион теңге берген секілді болып, кіріс-кассалық ордер, чек берді", – дейді жәбірленуші.

Бұл іс біржақты етілген соң оған кооператив төрағасы Руслан Болатұлының қолы қойылған, тұрғын үй-құрылыс кооперативіне (ТҚК) кіргені туралы келісім тапсырылады.      

"Олардың талабы бойынша пәтерді біз бірден босатып бердік. Отбасыммен жаңа баспанамызды тағатсыздана күттік. Келісім бойынша жаңа пәтерге 2018 жылдың наурызында кіруге тиіс болдық. Ал 2017 жылдың қарашасында құрылыс тоқтады да қалды. Содан бері үлескерлер қаншама рет жиналыстар өткізді, оған Көкшетау қаласының прокуратурасының, жергілікті әкімдіктің өкілдері қатысты. Ақыр соңында үй құрылысы қайта жанданды. 2019 жылдың қарашасында бізге тиесілі баспана орналасқан 6-шы қабат салынып бітті. Жаңалықты естіп, қуана жеттік, өз қабатымызды араладық. Құрылыс компаниясының рұқсатымен бөлмелерді қайта бөлумен, дәретхана, жуынатын бөлмені жөндеумен айналыстық", – дейді Жанара.

Бірақ оның тауқыметі таусылмаған екен. Техникалық паспорт алғаннан кейін құрылыс компаниясы 2020 жылдың тамызында үлескерлерден "Салыстырып тексерудің үшжақты актісін" талап етеді. Онда үлескерлер енгізген ақшалардың кооперативтен тұрғын үйді салушыға – "Отау Құрылыс" ЖШС-на аударылғаны расталуға тиіс көрінеді.

"Осы актіні ұсынуды барлық үлескерден сұрады. Біздің көбіміз ол соманың аударылғанын растай алмадық. Себебі, кооператив бізден ешқандай қаражат алған жоқ, оның орнына үйімізді бердік. Құрылыс компаниясы болса, жаңа пәтерді бізге беруден бас тартты. 2020 жылғы желтоқсанда мен Көкшетау қаласының полиция департаментіне шағыммен жүгіндім. Соның негізінде қылмыстық іс қозғалды. Бүгінде ол іс сол бойы қарау сатысында жатыр", – деп мұңаяды Көкшетау тұрғыны.

Ақмола облысы әкімінің орынбасары Асқар Мұратұлы 2021 жылғы ақпанда кооператив төрағасы Сарсембаевты, "Отау Құрылыс" директоры Байдәулетовты және үлескерлерді шақырып, жиналыс өткізді. Отырыс қорытындысында барлық үлескерлердің ақшаларын қайтару және олармен бітім-медиативтік келісімге қол қою туралы шешімге келді. Сөйтіп, елордамен іргелес облыстың "астанасын" шулатқан түйткілді мәселеге нүкте қойылғандай болған.

Дегенмен, дау жалғасуда: 7 үлескерге ақшасын қайтарудан бас тартқан.

"Сендерден ешқандай ақша түскен жоқ деп бет қаратпайды. ТҚК төрағасы біздің атымыздан қаражат енгізгеніне сендіріп бақты. Әйткенмен сол сөзін растайтын ешқандай құжат ұсынбайды. Құрылыс компаниясының директоры болса, өздеріне ол қаржы түспегенін мәлімдеді. Соның кесірінен әбден сергелдеңге түстік. Менің отбасым 4 жылдан бері пәтер жалдап тұруға мәжбүр. Тұйықтан, түнектен шығар жол көрінбейді. Тергеу де ілгерілейтін түрі жоқ. Бұл жерде не себепті Диана куәгер мәртебесінде тартылғанын түсінбедім. Өйткені мен, тағы бір үлескер екеуіміз өз үйлерімізді дәл сол әйелдің атына көшіргенбіз. Олар менің ескі үйімді сатып жіберген. Жаңа тұрғын үйдегі пәтерімді де басқа адамға қайта сатып үлгеріпті. Мұнысы енді алаяқтық емей немене?", – деп налиды Жанара.

Ол Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевқа хат жазып, осы жағдайды өз бақылауына алуды, сондай-ақ үлескерлердің не пәтерін, не ақшасын қайтаруына көмектесуді сұрапты.

Әкімдік әзірге ресми жауап қатпады.

Homsters.kz агенттігінің түсіндіруінше, әзірге Қазақстанда жылжымайтын мүлікті trade-in арқылы сатып алу тәсілі кең тарала қоймады.

"Бүгінде оны кейбір құрылыс компаниялары инвестиция тарту бойынша сәнді маркетингтік әдіс ретінде ғана ішінара қолданады. Бұл бағдарламаға қатысатын компаниялар аз, тиісінше, тұрғын үй кешендері бойынша таңдау да шектеулі. Егер пәтерді трейд-ин схемасымен сатып алуға бел бусаңыз, келісімге қол қоймас бұрын барлық тәуекелдерді таразыға тең тартып, салмақтап алыңыз. Құрылыс салушының не кооперативтің бедел-репутациясын бағамдаңыз. Оның тұрғызған объектілерін көзіңізбен көріп, тұрғындармен, үлескерлермен әңгімелессеңіз, тіптен жақсы. Сондай-ақ олардың бағалауымен шектелмей, өз бетіңізге басқа бағалаушының қызметін пайдаланыңыз", – дейді Homsters сарапшылары.

Агенттік trade-in қатысушыларының бірнеше түйткілді проблемаға кездесуі мүмкін екенін еске салды. Біріншіден, заңгерлік тәуекелдер туындайды. Клиенттің ескі үйін сату-сатып алу келісімшарты мен жаңа жылжымайтын мүлікке инвестиция салу келісімі арасында ешқандай байланыс болмайды. Екеуі екі бөлек шарт. Егер тұрғызылып жатқан ғимаратқа қатысты дау туындаса, оны берешегі үшін банк алып қойса, онда сол проблема трейд-ин қатысушысына да таралады. Салдарынан ол үйінен айырылады, немесе жаңа пәтеріне меншік құқығын иеленуі созбалаңға салынады. Ал сатып жіберген ескі үйін компания қайтармайды.

Екіншіден, құрылыс компаниясы клиентінің мүлкін тезірек сатып жіберуге мүдделі. Сондықтан "үйіңді босат!" деп асықтырады. Соның кесірінен trade-in қатысушысына жаңа баспанасы берілгенше туыстарын жағалауға, болмаса, үй жалдап тұруға тура келмек. Ол азабы қаншаға – айларға әлде жылдарға созылатыны белгісіз.

Үшіншіден, компаниялар пәтерді шынайы бағасынан 10–20% арзанға жылдамырақ сатып жіберуге ұмтылады. Тиісінше, үй иесіне жаңа пәтері үшін көбірек өтемақы енгізуге тура келмек.

Бұған қоса, ескі пәтерді сатуға құрылыс компаниялары делдалдарды – жылжымайтын мүлік агенттіктерін тартып жатады. Ондай жағдайда делдалдардың шығыны көбіне клиенттің мойнына артылады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу