Тұрғын үй бағасы тағы қымбаттайды

17051

Бұған Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаржыны пайдалану себеп болуы мүмкін. 

Тұрғын үй бағасы тағы қымбаттайды

Белгілі экономист, "Талап" қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаев осындай болжам жасап отыр.

"Президент биылғы Жолдауында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы шекті мөлшерден асқан соманы тұрғын үй алуға, ем-домға жұмсауға болатынын айтты. Мұндай мүмкіндікті 700 мыңнан астам қазақстандық пайдалана алады. Олардың шекті сомадан асқан қаржысы 1 трлн 400 млрд теңгені құрап отыр. Мұндай мүмкіндікке ие адамдар – осы күнге дейін тұрақты жұмыс істеген, зейнетақы салымын үздіксіз аударған орта таптағы жандар. Қисынға салсақ, мұндай адамдардың басында баспанасы бар. Яғни мұқтаж емес. Демек, олар өздеріне берілген мүмкіндікті пайдаланып комфорт-кластан, бизнес-кластан жайлы пәтер алуға тырысады. Осы жағдайды ескерсек, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларындағы комфорт-кластағы, бизнес-кластағы үйлердің бағасы қымбаттайды. Бағаға әсер ететін тағы бір фактор бар. Ол – теңгенің құнсыздануы", – деді Рахым Ошақбаев "Талап" қолданбалы зерттеулер орталығының ресми парақшасында жүргізген тікелей эфирде.

Қазақстан құрылысшылар одағының басшысы Талғат Ерғалиев та тұрғын үй бағасының қымбаттайтынын жеткізді. 

"Қазақстандағы тұрғын үй құрылысы 2000 жылдардан бастап қарқынды дамып келеді. Бірақ содан бері баспана бағасы бір рет те арзандаған емес. Арзандамайды да. Біршама уақыт құбылмалы болып тұрады. Алайда түбінде бәрібір шарықтап шыға келеді. Себебі Қазақстандағы инфляцияның деңгейі жоғары. Ресми деректерге сүйенсек, инфляция деңгейі 6-8 пайыз. Ал шын мәніндегі көрсеткіш 12-15 пайызды құрайды. Инфляцияның дұрыс есептелмеуі осындай келеңсіздіктер тудырады. Осыны жақсы түсінгендер құрылыс материалдарының бағасын ешқашан төмендетпейді", – дейді Талғат Ерғалиев.

Әлемді шарпыған кононавирус пандемиясына байланысты қазір тұрғын үй құрылысы қиын кезеңді бастан өткеріп отыр. Әсіресе, отандық нарық жұмыс күшінің жетіспеушілігі мәселесімен бетпе-бет келуде. Өйткені карантинге байланысты Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан секілді елдерден келетін арзан жұмыс күшінің тартылуына тыйым салынды. Талғат Ерғалиев бұл фактордың да тұрғын үй бағасына әсер етіп отырғанын жеткізді.

Санжар Беркінбай

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу