Тұрғын үй бағасының тұрақтанатыны рас па?

7938

Сырттағы баға ішкі нарыққа әсер етпей қоймайды. 

Тұрғын үй бағасының тұрақтанатыны рас па?

Халықты баспанамен қамтуға жауапты орган өкілдерінің баспана бағасының құбылуы туралы болжамдары бір-бірімен қабыспай тұр, деп хабарлайды inbusiness.kz  тілшісі.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің бірінші орынбасары Қайырбек Өскенбаев мамыр айынан бастап бапана нарығындағы баға түпкілікті тұрақтанады деп отыр. Ал "Отбасы банк" акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова сыртқы нарықтағы тенденциялар ішкі нарықтағы бағаға кез келген сәтте әсерін тигізуі мүмкін деп қауіптенеді.

Әуелде қазақстандықтардың тұрғын үй жағдайын жақсартады деген үмітпен қолға алынған зейнетақы реформасын шетелдік БАҚ көп сынаған болатын. Соның бірі – Eurasianet ресурсы.

"Тұрмыс деңгейі орта тапқа жататын, инвестициядан хабары бар тұрғындар біржолғы зейнетақы төлемдерін жылжымайтын мүлікке инвестиция етіп жұмсады. Бұл жылжымайтын мүлік нарығында қозғалыс туғызды. Ал халықтың тұрмыс деңгейі төмен бөлігі үшін бұл шараның пайдасынан зияны көп болды. Яғни, мемлекеттің мақсатсыз "мәрттігі" оларды инфляцияның құрсауында қалдырды. Өйткені сатылатын үймен бірге пәтер жалдау ақысы да қымбаттап кетті. Бейнелеп айтсақ, бұл кедейді суыққа тоңғызған популистік шара болды", – деп жазды Eurasianet

Вице–министр Қайырбек Өскенбаев та зейнетақы реформасының баспана бағасына тікелей әсер еткенін мойындап отыр.

"Осыған дейін зейнетақы жинағындағы ақшаны үй алу үшін жұмсауға мүмкіндік берілді. Сәйкесінше тұрғын үй бағасы өсті. Біз апта сайын жылжымайтын мүлік бағасын бақылап отырамыз. Жаңа бағдарлама енгізілгеннен кейін, тұрғын үй бағасы көтеріле бастады. Бастапқы нарықтағы тұрғын үй құны қаңтарда 3 %-ға, қайталама нарықтағы тұрғын үй 17 %-ға қымбаттады. Наурызда бағаның өсуі тоқтады. Біріншісі 0,5 %, ал екіншісі 2 % қымбаттады. Сәуір мен мамыр айларында өсім тоқтайды, ал маусым мен шілдеде бағалар тұрақтанады деп ойлаймыз", – деді вице–министр орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Министрліктің "бәрі тамаша болады" деген сүйіншілі болжамына "Отбасы банк" төрайымы Ләззат Ибрагимова қосыла қоймады. Ол қазір әлем бойынша құрылыс материалдарына деген сұраныс артып тұрғандықтан, бағаны бекем ұстап тұрамыз деу асығыс айтылған уәде болатынын меңзеді. Тұрғын үй құрылысына қажет өңделген материалдың көбін әлі де болса шетеден әкелуге мәжбүр болып отырғанымызды ескерсек, бұл сөздің жаны бар деуге болады.

"Тұрғын үй бағасы сыртқы факторлардың әсерінен жоғары деңгейде сақталып қалуы да мүмкін. Мысалы, 2020 жылы өңделген ағаш құны әлемде 2,2 есе  шарықтап кетті.  Шайыр бағасы 45 %, мыстың құны 27 %, болаттың бағасы 13 % қымбаттады. 2020 жылы әлемнің көптеген елінде активтер құнының қымбаттауы байқалды. Соның ішінде жылжымайтын мүлік те бар. Соның салдарынан экономикаға 10 трлн доллар құю қажет болды. Әлбетте нарық бұл коньюктураны ескермей кете алмайды", – дейді маман.

Оның айтуынша былтыр Түркиядағы жылжымайтын мүлік бағасы 27 %, Германияда 12 %, Ресейде 10 %, Канадада 7 % көтерілген. Ал биыл көптеген ел пандемия әлсіреткен экономиканы қалпына келтіру үшін драйвер сала – құрылысқа инвестиця салатын болады.

"2021 жылы экономиканы ынталандыру мақсатында көптеген ел инфрақұрылымға жұмсалатын инвестиция көлемін көбейтіп жатыр. Бұл ізінше шикізат пен металдардың көптеген түрлеріне сұранысты арттырып, бағаның жоғарлауына әсер етеді. Ол біздің нарықта кез келген уақытта көрініс табуы ықтимал. Дегенмен баспана бағасында жыл басындағыдай екі сандық өсім болмайды деп ойлаймын", – дейді Ләззат Ибрагимова.

"Отбасы банк" басшысы елдегі еңбекақы мөлшерінің ресми көрсеткіштерде өсуі тұрғын құнына әсер ететін тағы бір фактор деп есептейді.

"Жылжымайтын мүліктің өзіндік бағасында еңбек ресурстарының құны өте үлкен үлеске ие. Бүгін ресми статистика шықты. Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша номиналды орташа жалақы шамамен 11 % өсті. Тиісінше, краншылардың, монолит құятын қызметкерлердің, әрлеушілердің еңбекақысы жылжымайтын мүліктің бастапқы нарығына әсер етеді", – деді банк төрайымы.

Қайырбек Өскенбаев мемлекет тұрғын үй бағасын тұрақтандыру үшін арнайы бағдарлама шеңберінде салынатын үйлерге шекті баға белгіленгенін айтады. Вице–министр бұл коммерциялық баспана салушылардың ойына келген бағаны айтуына тосқауыл болады деп сеніп отыр.

"Мемлекеттік бағдарлама бойынша салынатын үйлердің әр шаршы метріне шектеу қойдық. Мысалы,  Алматы қаласында 240 мың теңге, Шымкент қаласында 200 мың теңге деген сияқты лайықты бағаны қойып бердік. Өйткені бізге қарап коммерциялық үй салушылар бой түзейді. Біз  шектен шықсақ, олар да бағасын өсіре береді. Ал біз тұрақты ұстап, олар қатты өсіріп жіберсе, халық екі бағаны салыстырады да, қымбатқа ұмтылмай, мемлекеттік бағдарлама бойынша салынып жатқан үйлердің біткенін күтеді", – дейді ведомство өкілі.

Қызды–қыздымен Қайырбек Өскенбаев елдегі баспана бағасын қазіргі деңгейден түрсіруге де болады деген болжам айтты. Алайда ол үшін тұрғын үй құрылысына қолданылатын материал мен бұйымның бәрі 100 пайыз Қазақстанда өндірілуі керек.

"Импортпен келетін құрылыс материалдары шарықтап жатқанда өзімізде шығып жатқан материалдар қатты қымбаттаған жоқ. Тек арамутра бағасы 33 % өсті. Сондықтан біз жаңа зауыттарды іске қосқыздық. Қазір нарық 100 пайыз отандық арматурамен қамтамасыз етіліп отыр", – дейді Қайырбек Өскенбаев.

Министрдің орынбасары шетелдік материалың бағасына тәуелділіктен құтылу үшін шыны және жылу–изоляцяилық материалдардың өндірісін жолға қою басталғанын айтады.

"Қазіргі  шыныны да 100 пайыз шетелден әкелеміз. Қызылордадағы шыны зауыты салынып бітсе, түгел шыны өнімі өзімізден шығатын болады. Санитарлық фаянс пен түсқағазды да 100 пайыз сырттан аламыз. "Самұрық–Қазына" компаниялар тобымен бірге инвестор іздеп жатырмыз. Биыл ол зауыттың да құрылысын бастап кетсек деп отырмыз. Жылу–изоляциялық материалдардың 38 %-ын ғана отандық өндірушілер беріп отыр. 62 % -ын шетелден әкелеміз.  Оны да биыл 100 пайыз отандық өндіріспен қамтуды жоспарлап отырмыз.  Ол үшін қосымша зауыттар ашылып жатыр. Осы жоспардың бәрі іске асқан кезде ғана үйлердің бағасы тоқтап, арзандайды деп сеніп отырмыз", – деді вице–министр.

Кейінгі 8 жылдың статистикасына қарасақ, тек 2016 жылы ғана тұрғын үй бағасы сәл–пәл төмендеген екен. Идустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қабылдап жатқан шаралар сол жағымды тенденцияны қайталай ала ма, жоқ па, оны уақыт көрсетпек.

Есжан Ботақара


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу