Тұрғын үй қымбаттамайды

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
23224

Ипотеканың сыйақысына қосылған пайызды пәтер бағасымен шатастырмау керек.

Тұрғын үй қымбаттамайды

Мұнай бағасы арзандап, теңге құнсызданып, доллар дүрбелең туғызған тұста баспаналы болуды армандап жүрген жұрт "қап!" деп қапаланды. Олардың барлығы тұрғын үй нарығында "жарылыс" болады, шаршы метрлердің бағасы қымбаттайды деп қауіптенді. Себебі Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 9,25%-дан 12%-ға көтергенде "Баспана хит" тұрғын үй бағдарламасының жылдық сыйақы мөлшерлемесіне бірден +1,75% қосылды. Сәйкесінше бұған дейін 11%-бен рәсімделген ипотеканың жылдық сыйақы мөлшерлемесі 2020 жылдың 10 наурызынан бастап 13,75%-ға өсті. 

Нақтылай кетейік, Ұлттық банк базалық мөлшерлемені өзгерткенге дейін "Баспана хит" тұрғын үй бағдарламасымен үй алып үлгерген азаматтарға соңғы өзгеріс әсер етпейді. Олар ипотеканың жылдық сыйақы мөлшерлемесін келісімшартта көрсетілген 11%-бен төлей береді. 

"Қазақстан ипотекалық компаниясы" АҚ-ның бастапқы және қайталама тұрғын үй нарығынан пәтер сатып алу мүмкіндігін беретін "Орда" ипотекалық бағдарламасының жылдық сыйақы мөлшерлемесі 11 наурыздан бастап 13%-ға өсті. Бұған дейін сыйақы мөлшерлемесі төлем қабілетін толық растағанда 12%, жартылай растағанда 14% болған. Енді борышкер төлем қабілетін толық растағанда бұрынғыдай 12% -бен емес, 13% -бен несие рәсімдейді. Мұнда да бұған дейін келісімшарт жасаған тұлғаларға соңғы өзгерістердің қатысы болмайды. 

"Қазақстан тұрақтылық қоры" АҚ мәліметінше, "7-20-25" мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының сыйақы мөлшерлемесіне өзгеріс енгізілмейді. 

Ипотека рәсімдеген тұлғалар қарызды бұрынғыша 7%-дық мөлшерлемемен төлей береді. 

"Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ менеджері Айдана Наурызбаеваның  мәлімдеуінше, клиенттерге алаңдауға негіз жоқ. Қаржы ұйымы осыған дейінгі шарттарын сақтайды. 

"2008 жылы болған жаһандық экономикалық дағдарыс кезінде де банк 
жеңілдетілген несие беру шартына, оның сыйақы мөлшерлемесіне өзгеріс енгізген жоқ. Сыйақы мөлшерлемесіне өзгеріс енгізу жоспарымызда жоқ. Барлығы бұрынғыша, өзгеріссіз қалады", – деді менеджер. 

Тұрғын үй нарығының ойыншысы, сату менеджері Мейрамбек Байсымақов мәселенің ақ-қарасын ажыратып, тұрғын үй нарығында ешқандай өзгеріс болмайтынын, пәтер құны қымбаттамайтынын һәм арзандамайтынын айтты. 

"Ипотеканың сыйақы мөлшерлемесіне қосылған пайызды пәтер бағасымен шатастырмау керек. Кредиттің сыйақы мөлшерлемесі пәтер бағасы емес. Сұраныс бәсеңсігенде құрылыс компаниялары пәтер бағасын қымбаттату емес, сақтап қалу үшін жанталасады. Қазір құрылыс компаниялары барлық әлеуметтік желілерде белсенділік танытып, клиенттеріне құрылыстың үздіксіз жүріп жатқанын жариялап жатыр. Себебі тұрғын үйге сұраныс төмендеп кетті. 

Мейрамбек Байсымақовтың сөзінше, тұрғын үй қымбаттайды деген сөзді риэлторлар таратады. Олар осы арқылы клиент тартып, тұрғын үй нарығының көрігін қыздыруға тырысады. 

"Соңғы жылдары елімізде әлеуметтік төлемдер мен зейнетақы болмаса,  жалақы өскен жоқ. Теңге құнын жоғалтты. Ал тауар бағасы айтарлықтай қымбаттады. Бұл халықтың шығыны ұлғайды деген сөз. Табысының 50%-ын азық-түлікке жұмсап жатқан халық тұрғын үй бағасы қымбаттаса, сатып алу мүмкіндігін біржолата жоғалтады. Ал құрылыс компанияларына салған үйлерін өткізу қажет. Жасыратыны жоқ, қайталама нарықтағы тұрғын үйдің бағасы орта есеппен 15%-ға өсті. Бірақ бұл уақытша құбылыс. Көп ұзамай баға қалпына келеді", – деді.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу