Тұрғындардан жиналған қаржы қайда кетіп жатыр?

719

Қалалық жерде пәтер иелері ай сайын Жекеменшік мүлік иелерінің бірлестігі (ЖМИ) немесе Пәтер иелерінің кооперативіне (ПИК) қосымша ақы төлейді.

Тұрғындардан жиналған қаржы қайда кетіп жатыр? Фото: canva.com

Түбіртекте бұл қызмет түрі "Үйді қалыпты ұстау шығындары" деген жазумен көрсетілген. Сондықтан да әрбір пәтер иесі ай сайын төлеп отырған қаржысының қайда кетіп жатқанынан хабардар боп отыруы керек.

Пәтер иелері төлейтін ол қаражат баршаға ортақ үйді басқаруға және үйдің тозып кетпеуіне жұмсалады.

Жекеменшік мүлік иелерінің бірлестігі немесе Пәтер иелерінің кооперативі үй маңындағы аумақты реттеп ұстауға міндетті, өйткені тұрғындардан жиналған қаражат оларға бірнеше жауапкершілікті атқаруы үшін төленеді.

Атап айтсақ, жауапты екі мекеме үй маңын көгалдандыруға, шөп шауып, шатырды қоқыстан, қардан, мұздан тазартуға, ауладағы қарды шығарып, жаяу жүргіншілер жолын таза ұстауға міндетті.

Одан бөлек, бұл ақша үйдің суағарын жөндеу, қабырғалардағы жарық-тесіктерді бітеу, шатырды бүтіндеу, кіреберістерді сырлау-бояу және баршаға ортақ кіреберіс есікті жөндеу мен дәліздегі терезенің әйнегін ауыстыру секілді жұмыстарға жаратылуы керек.

Үйдің жылу жүйесін жөндеу-тексеру жұмыстарына, жылыту маусымына дайындық, құбырларды тазарту шарасына да ПИК жауапты.

Жекеменшік мүлік иелерінің бірлестігі мен Пәтер иелерінің кооперативінің міндетіне – өздеріне қарасты үйлерді сумен жабдықтау және кәріз жүйесін жөндеу, құбырларды ауыстыру, жертөлені таза ұстау, электр қуатымен қамтамасыз ету, линияларды жөндеу, кіреберістерді жарықтандыру, бірінші қабаттағы және кіреберістегі шамдарды ауыстыру да кіреді.

Кооператив әкімшілігі тұрғындармен жиналыс ұйымдастыру, шағымдар мен өтініштерді қарау, бухгалтерлік есеп жүргізу, салық, банктік есеп пен құжаттама жасау, сервистік компаниялардың жұмысына ақы төлеу секілді шығындарды да жеке пәтер иелерінен жиналған ақшаға атқарады.

Алайда, түбіртекте жекелеген жолдармен – ортақ үйді күрделі жөндеуге, газ жүйесіне техникалық қызмет көрсетуге, баршаға ортақ жылу есептегішін ауыстыруға арналған бөлек алымдар көрсетілуі де мүмкін.

Бір нәрсе есте болуы керек, бізде іс жүзінде тұрғындарға көрсетілетін қызметтер әр жерде әр түрлі. Көп жерде жылу жүйесі, су құбыры, электр жарығы секілді өмір сүруге аса қажетті мәселені ғана шешіп, қалған ақшаны қалтаға басатыны да өтірік емес.

Сондықтан да атқарылатын қызметтер мен кететін шығыдарды тұрғындардың жалпы жиналысында бекітіп, жиналыс хаттамасына енгізген дұрыс. Атқарылатын қызметтер көбейіп кетсе, тариф те жоғары болуы мүмкін.

Жалпы жиналыс өткізбестен, ПИК басшылары өз бетінше жаңа қызметтер мен өздеріне ыңғайлы тарифті енгізе алмайды.

Еліміздің барлық өңірлерінде төменгі тарифті қала әкімдіктері бекітуі тиіс. Тек, Астана мен Алматы қалаларында ғана 2020 жылдан бастап бұл іске әкімдіктер араласа алмайтын болған.

Жекеменшік мүлік иелерінің бірлестігі (ЖМИ) немесе Пәтер иелерінің кооперативіне (ПИК) басшылығы

Ай сайынғы және жылдық есептердің көшірмелерін пәтер иелерінің жазбаша талабы бойынша 15 күнтізбелік мерзім ішінде тұрғын үй кеңесі мүшелерінің біріне немесе тексерушіге тапсыруға міндетті. Ал, қарапайым тұрғындарға ПИК әкімшілігі қажетті есеп-қисап жөнінде ақпар беруден бас тартса, онда кез-келген тұрғын үй инспекциясына немесе сотқа жүгінуге құқылы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу