Туристер Қазақстанда және Ресейде демалып, жиіркендірген жайттарын жайып салды

21296

Қазіргі кезде еліміздегі жағажайлар туристерге толғанын байқауға болады.

Туристер Қазақстанда және Ресейде демалып, жиіркендірген жайттарын жайып салды Фото: livejournal.com

Соның ішінде Татарстаннан келген туристер Каспийдің қазақстандық бөлігінде демалып, пікірлерін әлеуметтік желіде ортаға салды. Олардың айтуынша, теңіздің суы денені тітіркендіреді, бірақ бассейндердің тазалығы қуантқан.  

"Каспий жағалауындағы Ақтау курорты биылғы жазда шетелде тыныққысы келген Татарстан тұрғындары арасында ең танымал бағыттардың біріне айнала бастады. Бұған биылғы мамырда Қазан қаласынан тікелей авиарейстердің ашылуы ықпал етті. Осының арқасында біз үшін осынау экзотикалық бағытқа жету барынша жеңілдеді. Ресейлік туристердің Ақтау курортында демалуының орташа ұзақтығы 7 түнді құрайды. Салыстырсақ, басқа бағыттарда негізінен, бес күн. Бұл жайт ресейлік туристердің Қазақстандағы демалыспен толық көлемде, асықпай ләззат алуды қалайтынын білдіреді", – деп жазады ресейлік журналист Белла Лебедева.

Әлеуметтік желідегі пікірлерге жүгінсек, Ресейден келген саяхатшылардың Ақтауды таңдауының бірнеше себебі бар. Біріншіден, ұшып жету уақыты мейлінше қысқа. Жеке автокөлікпен де жетуге мүмкіндік бар. Екіншіден, Қазақстанның өзге өңірлеріне қарағанда климаты қолайлы, ыстық. Үшіншіден, РФ азаматтарынан шетелдік паспортты талап етпейді. Төртіншіден, тілдік кедергі жоқ көрінеді.

Бесіншіден, онда қалталы ресейліктер All inclusive форматында қызмет етіп, күнде тойдағыдай тойдыратын қонақүйлерге тоқтай алатыны алға тартылды.

Татарлық Набережные Челныдың Chelny-izvest порталы сауалнама жүргізе келе, "алысқа ұзамай, дәл жақын жерде қолайлылық пен жайлылық (удобство и комфорт) іздеген ресейліктер үшін Ақтау – ең тартымды таңдау" деген байламға келді.

"Жергілікті турагенттіктердің дерегінше, Ақтау бағыты – сервистің жоғарғы деңгейін бағалайтын және "бәрі қосылған" жүйесінде демалуды қалайтын ресейліктер арасында өте танымал. Әсіресе, Rixos Water World Aktau бесжұлдызды қонақүйі өзгеден ерекшеленеді. Оның аумағы үлкен, ересектер мен балаларға көңіл көтеріп, ойын-сауық құрудың бай таңдауын ұсынады. Онда тақырыптық парк, аквапарк орналасқан: олар демалудың бүкіл уақытында қолжетімді, еш шектемейді. Танымалдылық жөнінен екінші орында тұрғаны – Holiday Inn Aktau-Seaside, оның бағалары анағұрлым қолжетімді", – деп жазады "Челнинские известия".

Өз кезегінде, ресейлік турагенттіктер Ақтаудың үздік қонақ үйлерінің бестігін – Rixos Water World Aktau, Caspian Riviera Grand Palace, Холидей Инн Актау–Сити Центр, Grand Hotel Victory және Grand Nur Plaza қонақүй-бизнес орталығын ұсынады. Барлығы бойынша ресейліктердің қалдырған пікірлері жақсы көрінеді.

Ақтауда демалысын өткізген ресейлік Ирина Загрубина демалыстан алған әсерін бөлісті. Оның айтуынша, қазақстандық теңіздің бір кемшілігі ғана бар. Каспийдің бұл жағалауының қатты таяздануы кесірінен, суға түсу күрделі.

"Жалпы алғанда, қазақстандық Ақтаудағы демалудан көл-көсір оңды әсер алып, жақсы эмоциялармен оралдым. Бұл – балалы отбасылар үшін ең тамаша демалыс! Тек теңізде дұрыс суға шомыла алмағанымызды минус деп айта аламын. Суы таяз екен, суықтау болғандықтан денені тітіркендіреді. Есесіне, қонақүйлер аумағында үлкен-үлкен бассейндер бар, сулары таза, Ресейдегі сияқты қабырғалары көктеп кетпеген. Бұл жөнінен қазақстандық бақылаушы, жауапты құрылымдар қатаң қарайтынға ұқсайды. Бізді мысалы, жылы, теңіз суы толтырылған, жасанды толқындары бар бессейндер тәнті етті. Бұрын-соңды мұндайды көрмеппін", – деді Ирина.

Өзге туристер де "кең құлашты (просторные), теңіз сулы, жасанды толқынды бассейндер", сондай-ақ "Қазақ халқының кеңпейілділігі" (радушное отношение казахского населения) демалыстарын естен кетпес, жадта қалар жағымды, әсерлі еткенін айтады. Қайта оралуға құмбыл.

Ресейдің өзге әлемнен оқшаулануына байланысты биыл шетелде демалатын ресейліктердің саны тарихи минимумға дейін құлдырады. ВЦИОМ сауалнамасы бойынша Ресей тұрғындарының 85 пайыздан астамы биыл шетелге шықпайды, Ресей аумағын аралаумен немесе саяжаймен шектелуі мүмкін.

Ресейдің курорттарында демалып үлгерген ресейліктер негізінен теріс пікір қалдыруда. "Теңізде жасыл қойыртпақ қалқып жүр, иісі танауды жарады", "жағалауларда су медузалардан жасалған кисельге (кисель из медуз) айналып кетті" деген сияқты комментарийлер көп. Құжынаған тынығушылардың жағалауларды шүпірлей толтырғаны бейнеленген фото, видеолар әлеуметтік желіні кернеп тұр.

Демалушылар ресейлік курорттарда ешкімнің жағалауларды тазартпайтынына жаппай шағымданады. Жергілікті билік, кәсіпкерлер мұны жұмыс күшінің жетіспейтінімен түсіндіреді. Ресейдің 700 мыңнан астам ер-азаматы мобилизациядан, репрессиялардан бас сауғалап, шетелге қашты, релокантқа айналды. Миллионнан астам азаматы соғысқа алынған. Бұл солтүстік көршідегі көптеген салада "кадрлық тапшылықты" ушықтырды.

"Шілде айында Анапа суларында балдырлар белсенді көктей бастады. Салдарынан, туристер суға кіру жиіркенішті екенін айтады. Жасыл қою қойыртпақ жағалауды жаппай жайлап, оны бойлай созылып жатыр. Соған қарамастан, тынығушыларға жағалаулар шектен тыс толып кетті", – деп жазады 93.RU порталы.

Фотограф Мариана Анапаның "Орталық пляжының" өзі ластанғанын, медузалардан аяқ алып жүргісіз екенін айтады. Бұған күлімсі иісі қолқаны қапқан балдырлар қосылды. Ми қайнатар аптап ыстықтың әсерінен олар іріп-шіріп, бұзыла бастады. Мариана Орталық жағалау, "Лечебный пляж", Витязево, Джемет және басқа да жағажайлар толығымен адамға толғанын, орамал жаяр орын табу қиын екенін байқапты.

Блогер, "Маковозовы" телеграм-каналының авторы Андрей Маковозовтың айтуынша, Сочи мен Анапаның жағажайларында балдырлар өте қатты көктеп жатыр, кейбір жерлерде тіпті ел арасында "крокодил" аталатын, жасыл былыққа бөккен құм төбелер қалыптасқан.

Ресейлік биолог Вениамин Голубитченко ресейлік теңіздерде балдырлар маусым-тамыз айларында, яғни, нағыз туристік маусымда көктейтінін түсіндірді. Бірақ, биылғы жылы балдырлардың көктеуі мамырдан басталды. Оның үстіне биыл жергілікті муниципалитеттер мен қонақүйлер теңізді медузалардан, балдырлардан, теңіз шөбінен (камка) және қоқыстардан тазартуды тыйған. 93.RU олардан тазарту үшін жергілікті әкімшіліктер тендер өткізбегенін, ешкімді жалдамағанын жазады. Салдарынан, туристерге сол былықтың ортасында тынығуға тырысуға тура келеді.

Голубитченко бұл жолы тек жасыл ғана емес, "қызыл толқындар" келгенін, басқа да түрлі балдырлардың (мысалы, диатомеялардың, динофлагелляттардың) гүлденуі байқалып отырғанын мәлім етті. Оның бәрі қосыла келе, ресейлік су айдындарын бұлдыр, бұлыңғыр, лайлы еткен. Биологтың мәліметінше, олардың бәрінің бір мезгілде және қарқынды көктеуіне – ресейлік теңіздердің шектен тыс ластануы, соның ішінде оған ауыл шаруашылығы, канализациялық лас сулардың белсенді төгілуі себеп.

Мәскеулік блогер Валентина Буторина отбасымен ресейлік Сочи мен Анапада демаламын деп, "қайыршылана жаздағанын" ("чуть не разорилась") айтады. Краснодар өлкесіндегі демалыс ресейлік туристерді биыл естен тандырып жатқанына назар аудартады.

Instagram-да Valushabutorina лақап атымен мәлім блогер Анападағы небары 10 күндік демалысы шағын отбасысы үшін 426 мың рубльге (шамамен 2,3 миллион теңгеге) түскенін шошына хабарлады.

"Анападағы демалыс 426 мың рубль шығындауға мәжбүр етті. Бұл соманың 80 мыңы билеттерге кетті. Бірақ билеттерді Анапаға дейін емес,  Новороссийскіге дейін алдық. Өйткені мыңдаған өзге туристер сияқты біз де биыл билеттердің тапшылығы проблемасына тап болдық. Анапаға рейстердің билеті пайда болысымен, 3 минут ішінде таусылып қалады! Салдарынан, Новороссийск арқылы сапарлауға тура келді", – деді Валентина.

Тағы 16 мың рубль Анапаға таксиге кетіпті. Қонақүйдегі бөлмеге 310 мың рубль төлеген, оның өзінде блогер нөмірді ертерек брондапты. Айтуынша, дәл қазір ол екі еседей қымбатқа түсетін еді. Қонақ үй "бәрі қосылған" жүйесінде жұмыс істейді. Соның өзінде ұсақ-түйек керек-жарақты сатып алуға 20 мың рубль жұмсады.

"Теңізге демалуға бардық, бірақ теңізге суға түсе алмадық. Уақытты негізінен отель аумағында өткіздік. Тіпті браслетпен ғана кіретін жекеменшік, ақылы пляждар да адамға лық толы болды. Краснодар өлкесінде Қара теңіз маусым айының соңында тез суып қалды. Су температурасы шамамен +14 қана болды. Курорттарда құтқарушылар тынығушылардан қауіпсіздік мақсатында суға кірмеуді сұрады", – дейді мәскеулік блогер Валентина.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу