Туристік ұйымдар Еңбек кодексімен неге алысып жатыр?

13745

Өз мүддесін қызғыштай қорғаған олар тіл мүддесін аяқасты етуде.  

Туристік ұйымдар Еңбек кодексімен неге алысып жатыр?

Пандемия, карантин және шекаралардың жабылуы ішкі туризмнің бағын ашты. Тарихта алғаш рет деуге болар, былтырдан бері отандық туристік нысандар төрт маусым бойы толық дерлік қуатта жұмыс істеуде. Курорттық-шипажай орындары, туристік базалар адамға толы. Көбісі тарифтерін бірнеше рет көтеріп үлгерді. Бүгінде мысалы, Бурабай жақта демалу ақысы Мысырда, тіпті Түркияда тынығудан қымбатқа түседі.

Дағдарысқа қарамастан, қазақстандықтар осы бағаға келісуде.

Енді өз талап-ережелерін таңа алатынын түсінсе керек, отандық туризм саласында қызметті жүзеге асыратын, инфрақұрылымдық нысандарды басқаратын компаниялар Үкіметке өз ұсыныстарымен шыға бастады.

Мысалы, Алматы облысының Алакөл ауданындағы Ақши кентінде, Алакөл өзенінің жағалауында орналасқан қонақүй кешендерінің қожайындары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкеновке ұжымдық хатпен жүгінді.

Олар не сұрайды?

Шағымның қысқаша мазмұнына тоқталсақ, туризм саласында еңбек ететін қазақстандықтарды бірнеше ай бойы тоқтаусыз, тынығусыз шүмектеп тер төгуге мәжбүрлеу керек. Бұл – дамушы елдердің туризмінде кең таралған тәжірибе. Алайда бұған Еңбек кодексі қарсы.

Министрге хат жазушылар Қазақстанның туризм индустриясы көптеген кедергіге жолығып отырғанын жеткізді. Елеулісі ретінде еңбек қатынастары аталды. Сондықтан олар Еңбек кодексінде осы сала үшін өзгелерден ерекше, дифференциалды әдістеме қарастыруды ұсынады. Бұл үшін Парламент жаңа заң жобасын қабылдауы қажет.

Қазіргі кезде туристік кластерде еңбек процесі көбіне вахталық әдіске сай ұйымдастырылады. Бірақ соның өзі жарамайтын көрінеді. Хат авторларының бірі, Алакөл-Жетісу туристік кластеріне маманданған "Aquamarine Resort" ЖШС басшысы Инна Дороштың түсіндіруінше, мұның бірнеше себебі бар.

"Алакөл өзенінің жағалауында орналасқан демалыс аймақтарының жұмысшылары күн сайын, жұмыс соңында өз үйлеріне қайта алмайды: ірі қалалардан, елді мекендерден қашық жатыр. Біз персоналға демалыс күндерінде де үйлеріне кетуге мүмкіндік бере алмаймыз. Әйтпесе, бұл сервис сапасына теріс әсер етеді. Оның үстіне персонал демалыста курортта қалып, қонақтармен бірге демалуды қалауы ықтимал. Сондай-ақ сенбі-жексенбіде алыстағы үйлеріне барып-келіп жүрсе, көп уақыты жолға кетіп, дұрыс тыныға алмас еді. Талдап көрдік, біздің жұмыскерлер тұрғылықты жерлеріне жетуі үшін орташа есеппен 8–12 сағат жұмсайды екен. Сонымен қатар көлік шығындары да олардың қалтасын қағады", – деді Инна Александровна.

Яғни, туризм саласының еңбеккерлеріне демалыс бермеу – солардың қамын ойлаудан туған шара ретінде ұсынылып отыр. И.Дорош қаңтар, наурыз, мамыр, желтоқсан секілді ұзақ мерекелері бар айларда да жұмысшыларға "каникул" бере алмайтындарын айтады: себебі, дәл осы кезеңдер – туристік объектілер, қонақүйлер үшін ең табысты маусым: саяхатшылар мен демалушылар лек-лекпен ағылып келеді.

Жалпы, вахталық әдіс жұмыс берушіге салықтық жеңілдік әпереді. Өйткені бұл тәсілде компаниялар персоналды тамақтандыруға, оның тұру және ұйықтап-тынығу жағдайларын жасауға, жұмыс орнына дейін және одан кері бағытта тасымалдауға шығындалады деп есептеледі.

Туристік сала мұны неге азсынады?

Еңбек кодексінің 135-бабына сәйкес, осы әдісті пайдаланатын жұмыс берушілер міндетті түрде жұмыс уақытының теңгерім-балансын сақтауға тиісті. Қарапайым тілмен айтқанда, вахта кезінде жұмысшы 15 күн жұмыс істесе, кем дегенде 15 күн, ал 30 күн тер төксе, артынша ең кемі 30 күн демалуы, күшін қалпына келтіруі керек. 

"Алайда туристік кластерде жұмыс уақыты маусымдық сипатқа ие. Туристер көп келетін ең кірісті кездер негізінен жазғы 2,5–3 айға ғана созылады. Жұмыскерлер осы мерзімде белсенді еңбек етуі керек. Бірақ заң бойынша ол 15 күннен тек 3 ауысым, немесе 30 күннен 2 ауысым ғана жұмыс істеп үлгереді. Бұл норма жұмыс берушілерге білікті қызметкерлердің тұрақты штаты мен командасын қалыптастырып, сонымен бірге бүкіл маусымды табысты өткізіп шығуға мүмкіндік бермейді. Оларды лайықты алмастыра алатын осы көлемдегі қосалқы команданы табу оңай шаруа емес. Біріншіден, білікті кадр тапшылығы бар, екіншіден, бірнеше күндік маусымдық жұмыс үшін жолға шығындалуға баратындар аз. Үшіншіден, маусым кезінде пойызға, ұшаққа, тіпті автобустарға билет табу күрделі: оларды туристер алдын ала сатып алып қояды", – дейд Инна Дорош.   

Айтпақшы, Қазақстандағы туризм саласына SWOT-талдау жүргізген сарапшылар Еңбек кодексіндегі вахтада болу тәртібін – туристерге сапалы қызмет көрсете алатын білікті персоналдың тапшылығына соқтыратын фактор ретінде атап көрсетіпті.

Туристік нысандарда қызмет ететін жұмыскерлерге жоғары жалақы тағайындаса, бұл – тұйықтан шығарар бір жолға айналар еді: жақсы табыс тауып қалу үшін мамандардың өзі құлшыныс танытады. Әйткенмен, бұған кәсіпкерлер, қонақүй, курорт қожайындары барғысы келмейді. Олар тамақтандырумен және баспанамен қамту шығыстары сыртында еңбекақыны көтерсе, тариф қымбаттатуға тура келетінін алға тартады. Онсыз да қымбат баға тағы көтерілсе, қазақстандықтар қайтадан миллиондап шетелдік жағажайларға ағыла бастамақ.

Атап өтер жайт, елімізде вахталық тәсілді негізінен, құрылыс, көмір өндірісі, шахтадағы жұмыс, тау-кен өнеркәсібі секілді салалар қолданады. Туристік бизнестегі қызметшілердің жұмысы шахтердей ауыр еместігі мәлім. Осы орайда бұл секторда уақытша жұмыстан ақша табуға әсіресе, студенттердің қызығушылығы зор.

Сала кәсіпкерлерінің сендіруінше, ақысы төленсе, қызметкерлер барлық үш ай бойы туристік кешенде қалып, еңбек етуге дайын отыр. Бірақ мұны еңбек инспекторлары еңбек заңнамасын өрескел бұзу деп тануы мүмкін.

Демек, пандемия аяқталған соң, студенттер каникул кезінде Түркия, Ресей, Чехия және басқа да туристік дамыған елдерге даяшы, күтуші, аниматор, еден жуушы, аспаз болып жұмыс істеуге қайта ағылары сөзсіз.

Үкімет мүшесіне ұжымдық хат жазған туристік сала ойыншылары вахталық әдісте өзге елді мекендерден қашық орналасқан туристік аймақтар үшін демалыс уақытын 5 күнге дейін қысқартуды сұрайды. Сондай-ақ жұмыс берушілерге 18 жасқа толмаған азаматтарды жұмысқа алуға қойылған тыйымды жоюды ұсынды. Сонда жайлаудағы шопанның балалары да, немесе жақын ауылдың жасөспірімдері де зиянды еңбек жағдайлары жоқ жұмыстарға тұра алар еді. 

Туризм мен тіл сыйыспай ма?

Өз кезегінде туристердің бұларға айтар шағымы бар. Мысалы, азаматтардың мәліметінше, турбазалар, қонақүйлер мен курорттардың көбі орыстілді маманды жұмысқа алуға бейім тұрады. Соның кесірінен өз елінде демалған қазақтар өзін жатжұртта жүргендей сезінеді, қазақша айтқанын ұғындыра алмай қиналады. Мысалы, Өскемен тұрғыны Ермек Нұртаза биылғы 13 ақпанда тынығуға ниеттеніп, "Алтайские Альпы" деген тау шаңғысы курортына телефон шалады.

"Оның сайты да тек орыс тілінде ғана жазылған. Менеджері де, әкімшісі де, маркетинг пен жарнама бөлімі де кілең орысша жауап береді. Мемлекеттік тілде бір сөз айта алмады. Осы мекеме тек орыс ұлтына ғана қызмет көрсете ме? Әлде қазақ мемлекетінде орналасқанын ұмытқан ба? Осылайша, қазақ мемлекетінде тұрып, қазақ тілінде сөйлесе алмай, қызмет көруден қағылып, үйде қалдым. Естуімше, дәл осы курортты салу барысында мемлекеттен ақша бөлінген. Ол рас болса, неге халыққа мемлекеттік тілде қызмет көрсетпейді? Әлде қазақтар өз елінде шаңғы тебуге құқығы жоқ па? Мен шаңғы тебуім үшін қай мемлекетке кетуім керек? Бұл елдің Президенті қайда, менің конституциялық құқығымды қорғайтын? Мынау бір сұмдық! Қазақстанда орыс тілінсіз аяқ баса алмайсың. Қазақ мүддесін аяқасты қылса, Үкіметтің қай елге қызмет еткені?!", – дейді Е.Нұртаза.

Бұған алып, қосар ештеңе жоқ.

Жанат Ардақ

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу