Тұтыну несиесіндегі "тәуекел тобы" кім

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
21783

Елімізде 4,5 млн борышкер ай сайын 8,5 мың теңге көлемінде тұтыну несиесін өтейді.

Тұтыну несиесіндегі "тәуекел тобы" кім

Биылғы жылдың I тоқсанында 3,4 трлн теңгені құраған тұтыну несиесі соңғы 3 айда 4 трлн теңгеге жетті. Осылайша жыл басынан санағанда 3,8%-ға ұлғайды.

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляковтың пікірінше, халықтың несиеқұмарлығы оның әлеуметтік жағдайына кері әсер етеді.

"Ел азаматтары тұтыну несиесін рәсімдеуді әдетке айналдырып алды. Бүгінгі таңда әр үшінші қазақстандық банктерге орта есеппен 300 мың теңге қарыз. Көпшілігінің бірнеше несиесі бар. Дәл қазір 4 трлн теңгені құрап отырған тұтыну несиесін қарыз иелерінің жалпы санына бөлетін болсақ, әр адамның борышы 900 мың теңгеден асып кетеді",– деді Олег Смоляков.

Оның сөзінше, халық шектен тыс тұтыну несиесін алып отыр.

"Қарыз алушылардың 84%-ы 300 мың теңге көлеміндегі қарыз жүктемесін арқалап жүр. Ай сайын 4,5 млн борышкер шамамен 9 мың теңге тұтыну несиесін өтейді", – деп нақтылады Ұлттық банк төрағасының орынбасары.

Олег Смоляковтың сөзінше, халықтың несиеқұмарлығына қатысты мәселені несие нарығының дамуына кедергі келтірмей шешу керек.

"Біз ешкімнің несие алуына шектеу қоймаймыз. Бірақ несие алып, оны қайтармай жүретіндерді тезге сала аламыз. Мәселені несие нарығының дамуына кедергі келтірмей шешу үшін алған қарызын қайтармайтындардың тізімін жасап, оларға қарыз бермеу шарасын қолдануды ұсынамыз", – деді қаржы реттеушісінің өкілі.

Оның айтуынша, парламент Ұлттық банктің ұсынысын құп алса, заң бойынша қаржы нарығын реттеу мен дамыту ісі және микрокредиттік ұйымдардың қызметі орталықтандырылады. Сәйкесінше микрокредиттік ұйымдар азаматтардың несие тарихына қатысты мәліметті деректер базасынан көріп, біліп отырады. Сөйтеді де, кімге несие беру, кімге бермеу қажеттігі туралы шешім қабылдайды.

Белгілі болғандай, тұтыну несиесін рәсімдейтін 18-23 жас аралығындағы адамдар "тәуекел тобына" жатады. Себебі олардың көбінесе тұрақты табысы болмайды.

Тұтыну несиесін рәсімдейтін әр10 адамның жетеуі 35 жасқа жетпеген. Несиенің дәл осы түрін қолданатындардың 55%-ын 31-40 жас аралығындағы азаматтар құрайды. Олар несиелерін дер кезінде және тұрақты өтейді. Айтпақшы тұтыну несиесіне әйелдердің 10%-ы жүгінеді.

Несие рәсімдеу көрсеткіші бойынша Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары көш бастап тұр. Қарағанды, Шығыс Қазақсан, Түркістан облыстарының тұрғындары да тұтыну несиесін жиі алады. Көбінесе адамдар несиені білім алу, медициналық қызмет ақысын төлеу, кәсібін дамыту, үй жөндеу, тұрмыстық техника және байланыс құралдарын сатып алу үшін рәсімдейді.

"Халықтың табатын табысы мен алатын қарызы арасында үлкен алшақтық бар. Бұл банк секторы үшін жағымсыз жайт. Уақыт өте келе қаржы институттары немесе тұтас банк секторы дағдарысқа ұшырауы мүмкін. Жекелеген банктер қаржылық қиындыққа тап болса, оның салқыны тұтас жүйеге тиеді", – дейді "Қазақстан Халық банкі" АҚ басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова.

Оның сөзінше, Ұлттық банк былтырдан бері мәселені шешу амалдарын қолданып жатыр.

"Несие портфелінің ұлғаюына шектеу қойылды. Бірақ мәселе түбегейлі шешілген жоқ. Бұдан былай тұтынушы несиесін рәсімдейтін екінші деңгейлі банктердің капиталы ерекше назарға алынады. Банктің қалауы мен мүмкіндігі қаржылық жағдайына сай болған жағдайда ғана адамдарға қарыз беру құқығын ұсыну қажет деп есептеймін", – деді Үміт Шаяхметова.

Экономист Александр Юрин Ұлттық банк несие нарығындағы жағдайды тұрақтандыруға тырысып жатқанын тілге тиек етіп, бұл нарық адамдар қарыз алудан бас тартқанда ғана қалпына келетінін айтты.

"Қазір несиелендіру шарты бұрынғымен салыстырғанда әлдеқайда жақсы әрі тиімді. Адамдар несие алудан тыйылмаса, қарызға өмір сүрулерін жалғастыра береді", – деді маман.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу