Үкімет ескі көлік иелеріне қатысты жаңа шешім қабылдады

52161

Елімізде ескі көліктерге салынатын салық мөлшері өзгерді.

Үкімет ескі көлік иелеріне қатысты жаңа шешім қабылдады Фото: canva.com

Бұл туралы Сенат депутаттарына жауабында Үкімет басшысы Олжас Бектенов хабарлады.

Оның айтуынша, автокөлік иелері жеңіл автомобильге салық салуды қайта қарау мәселесін көп жылдан бері көтеріп келеді.

"Олар салық сомасын көліктің пайдаланылу мерзіміне және бағасына қарай белгілеу – анағұрлым әділетті болатынын алға тартады. Осыған байланысты жаңадан әзірленіп жатқан Салық кодексінің жобасында автомобильдің шыққан жылына қарай салық салу көлемін де саралап, дифференциациялау тәсілі ұсынылып отыр", – деді Премьер-министр.

Үкімет көлік құралдарынан жиналатын салық ставкалары үшін келесідей төмендету коэффициенттерін белгілеуді ұсынады:

  • шығарылғанына 10 жылдан 20 жылға дейін мерзім өткен автомобильдер үшін – 0,7;
  • шығарылғанына 20 жылдан асып кеткен автокөліктер үшін – 0,5 коэффициент.

Үкімет бұл шешімді мақұлдаған. Дегенмен, егжей-тегжейі әрі қарай талқыланады.

"Бүгінде бұл мәселе бойынша тәсілдемелер пысықталып жатыр. Ұсынылып отырған тәсілдемелер бойынша ақырғы шешім қабылданғаннан кейін жаңа Салық кодексінің жобасында нақты сандар көрініс табады", – деді Үкімет басшысы Олжас Бектенов.

Дегенмен, "31 арнаның" мәліметінше, бірқатар сарапшы мұндай қадам арқылы Үкімет елде ескі көліктердің қаптауын ынталандырады деп қауіптенеді.

Өйткені, жеңілдікті несиелендіру бағдарламалары өзін ақтамады, елде жаңа көліктер үлесі артпады. Бүгінде азаматтардың көбісінің жаңа авто алуға мүмкіндігі жоқ.

"Біз ескі-құсқы автомобильдердің әрі қарай пайдаланылуын ынталандырмауымыз керек! Үкімет, керісінше, жаңа автомобильдерді сатып алуға қозғау салуға немесе оған басқа бір балама ұсынуға тиіс еді. Осы бағытта іс-шаралар кешені жүзеге асырылса, тек сонда ғана біз ескі машиналардың елге ағылуына тосқауыл қоя аламыз. Оған дейін жолдардағы қауіпсіздік, экологиялық тұрақтылық мәселесі жайына қалады", – деді "Ортақ жол" жол жүрісі қауіпсіздігі қауымдастығының президенті Арсен Шакуов.

Көлік иелері қайта бұл шешімге қуануда. Жеке кәсіпкер Ерлан Сағымбайұлы көлік салығы қалта қағатынын айтады.

"Менің Lexus LX470 маркалы көлігім бар. Оған салық органдары 4 мың текше сантиметрден жоғары ставкамен, яғни 117 айлық есептік көрсеткіш көлемінде салық есептейді. Ал, бұл биыл 431 964 теңге. Оның үстіне қозғалтқышының көлемі 1500 текше сантиметрден асатын жеңіл автомобильдер үшін салық сомасы қозғалтқыш көлеміне қатысты төменгі шектен асатын әрбір бірлік үшін 7 теңгеге артып отырады екен", – деді Ерлан.   

Оған мемлекеттік кірістер басқармасы жарты миллион теңгеге жуық салық есептеп жіберіпті. Неге сонша көп салық салынатынын кәсіпкер сол бойы түсіне алмаған.

Оның көлігі жаңа емес, 2007 жылы шығарылған екен. Бірер жылдан соң жиырма жылға жуықтайды. Сондықтан ескірген көліктерге салықтың да төмендетілгенін қалайды.

"Өйткені Үкімет амортизацияны, яғни мүліктің тозуына қарай оның құндылығының да біртіндеп кемитінін ескергені жөн. Мен жыл сайын жарты миллиондап салық төлейді екенмін, кейін сатқым келсе, "темір тұлпарымды" өткізуден түскен қаражат сол салық шығындарын ғана "жаба" ма? Баспана да ескірсе, салығы азаяды ғой", – деді Ерлан Сағымбайұлы.

Бұған дейін осы мәселе бойынша Қаржы министрінің орынбасары Ержан Біржанов түсініктеме берді. Оның айтуынша, бұл мәселе Үкімет тарапынан да, "Атамекен" палатасы тарапынан да талқыға салынуда.

Өйткені автокөлік құрастырушылар ескі көліктерге салықтың төмендетілгенін құптамайтын көрінеді. Өз өнімдерін сатып алушылар қатары ары қарай кемиді деп алаңдайтын болса керек.

"Шығарылғанына 20-30 жыл болған ескі көліктерге қатысты мәселелер көп. Біз оларға салынатын салықты кеміту үшін төмендетуші коэффициенттерді қолдануды ұсынып отырмыз. Әйтпесе, көнерген көлік үшін жаңа машинамен бірдей салық төлеткізген әділетті болмайды. Бірақ бұл бастамаға қарсыласушылар бар. Сондай-ақ халыққа түсетін салық жүктемесін азайтуға бағытталған басқа ұсыныстар енгізілді", – деді қаржы вице-министрі.

Мысалы, қымбат көліктерге қолданылу мерзіміне қарамастан, "салтанат салығын" салу ұсынылыпты. Сол арқылы салықтық жүктеме бұқара халықтан бай-бағыланға қарай аударылады.

Бірақ халықты бай-кедей деп бөле берген де жақсылық әпермеуі мүмкін. Қазақстан кеңес кезінде мұны басынан өткерді.

Дегенмен, ескі-құсқы көліктердің көбеюі проблемасы тек ушығуда. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2024 жылғы наурыздағы жағдай бойынша Қазақстанда тіркелген автокөліктер саны 5 миллион 378,9 мың бірлікті құрады.

Оның ішінде 88,1%-ы – жеңіл автомобильдер, 9,9%-ы – жүк автомобильдері және 2%-ы – автобустар.

Шығарылған жылы бойынша бүгінде:

  • 20 жылдан асқан көнерген көлік санының үлесі – 45,1%,
  • 10 жылдан 20 жылға дейінгісі – 23,6%,
  • 7-ден 10 жылға дейінгілері – 12,9%,
  • 3-тен 7 жылға дейінгі жаңа көліктердің үлесі – небары 12,1%;
  • автокөлік құралдарының тек 6,2%-ының шығарылған жылы 3 жылдан кем. Су-жаңалары осынша ғана.

Шығарылған жылы 20 жылдан асып кеткен жеңіл автомобильдердің ең көп саны Алматы облысында – 326,5 мың бірлік. Алматы қаласында – 189,4 мың, Жамбыл облысында – 166,4 мың, Қарағанды облысында – 162,9 мың және Шығыс Қазақстан облысында – 155,2 мың көнерген көлік көшеде салдырлап жүр.

Президенттің тапсырмасымен, қазіргі кезде Үкімет, бизнес қоғамдастықпен бірлесіп, жаңа Салық кодексінің жобасын әзірлеп жатыр.

Бұрынғы билік тұсында, 2017 жылы қабылданған "Салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер туралы Кодексті" ауыстыратын бұл құжат 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап, күшіне енуі керек. Үкімет алдына сондай міндет қойылды.

Салық кодексі – өте күрделі, аса көлемді (қолданыстағысы 1 144 беттен және 780 баптап тұрады) құжат болып табылатындықтан, Парламентке оны мұқият, егжей-тегжейлі қарау үшін көп уақыт қажет болады. Сондықтан Мәжілістің де, Сенаттың да депутаттары қайта-қайта Үкіметке сауал жолдап, екі аяғын бір етікке тығып, асықтырып жатыр.

Өз сауалдарында парламентшілер Бектенов Үкіметінен Салық кодексі жобасын Парламент қарауына "өте қысқа мерзім ішінде" енгізуді талап етті. Сонда ғана қос палатадан тұратын депутаттық корпус кодекс жобасының әрбір нормасының жай-жапсарына қанығып, барлық жаңашылдықтарына талдау жүргізіп, тиісті ұсыныстарын енгізе алады.

Қазақстан Парламенті алдағы айдың басына дейін ағымдағы ІІ-сессиясын аяқтап, оқушылармен бірге жазғы каникулға кетпек. Депутаттардың байламынша, шабандық танытқан Үкімет оған дейін жаңа Салық кодексінің жобасын Мәжіліске енгізіп үлгермеуі мүмкін. Өйткені көптеген мәселеде бизнес ортамен келісімге келе алған жоқ. Ескі көліктерге салық ауыртпалығын азайту шешімін де әзірге толық қорғап шыға алмады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу