Үкімет МӘМС-ке қатысты тағы бір шешімін айтты

1819

Бір топ депутат "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры қызметінің легитимді еместігі" туралы мәселе көтерді.

Үкімет МӘМС-ке қатысты тағы бір шешімін айтты Фото: canva.com

Осындай байламы бар депутаттық сауалды биылғы 16 қазанда бір топ мәжілісмен Үкіметте әлеуметтік салаларға, соның ішінде денсаулық сақтау саласына жетекшілік ететін вице-премьер Тамара Дүйсеноваға жолдаған болатын. Дүйсенова ханым оған ұзақ жауап бермеді. Осылайша, конституциялық заңнаманы бұзды.

Өйткені "ҚР Парламентi және оның депутаттарының мәртебесi туралы" конституциялық заңның 27-бабының 4-бөліміне сәйкес, өздерiне сауал жолданған лауазымды тұлғалар оған жазбаша жауабын "әрi кеткенде 1 ай мерзiмде табыс етуге" тиіс.

Ақыр соңында депутаттар заңсыз деп тапқан медсақтандыру қоры туралы сауалға кеше Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин жауап жолдады. Бұл ретте Үкіметтің дерегінше, Серік Мақашұлы өзінің лауазымдық міндеттері аясында тек сауда саясатына, агроөнеркәсіп кешеніне, жер қатынастары, сондай-ақ Еуразиялық одақ пен ДСҰ аясындағы ынтымақтастық мәселелеріне жауап береді. Айта кету керек, неге екені белгісіз, құзырына кірсін-кірмесін, медсақтандыруды Үкіметтің барлық мүшелері қорғаштап жүр.

Мәжіліс депутаттарының айтуынша, Әлеуметтік медсақтандыру қоры (ӘМСҚ) түрлі айыппұлдарымен, шектеулерімен, тыйымдарымен медициналық ұйымдарды дұрыс жұмыс істеуіне кедергі болып жатқан көрінеді. Ақ халаттылар бұл қор құрылғалы пациенттерге қызмет көрсету күрт күрделенгеніне тоқтаусыз шағымдануда. Олардың пікірінше, ӘМСҚ жойылса, онсыз денсаулық сақтау жүйесі жақсарар еді.

Депутат Гүлдара Нұрымова төзімі таусылған медициналық қызметкерлер мен медұйымдардан Парламентке көптеген арыз-шағым түскенін айтады.

"Біздің "Аманат" партиясы сайлауалды бағдарламасында медициналық көмек сапасын арттыруға уәде етті. Бірақ денсаулық сақтау жүйесінің барлық институттары арасында конструктивті, сындарлы серіктестік, ықпалдастық орнатпай, бұған қол жеткізу мүмкін емес! Мұнда барлық проблема келісімшарттан бастау алады. Біріншіден, ӘМСҚ пен медұйымдар арасында бекітілетін бұл құжат біржақты сипатқа ие, оған медұйымдар, өнім берушілер түзету енгізе алмайды. Тек тапсырыс беруші (қор) ғана оған өзгерістері мен толықтыруларын енгізе алады", – деді мәжілісмен Гүлдара Алданышқызы.

Вице-премьер Серік Жұманғарин мұны растамады. Оның айтуынша, "Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы" заңына сәйкес, денсаулық сақтау субъектілерінен МӘМС жүйесінде медициналық көмек көрсету жөніндегі қызметтерді сатып алуды ӘМСҚ "уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен, сондай-ақ денсаулық сақтау субъектілерінің теңдігі мен адал бәсекелестік қағидалары негізінде" жүзеге асырады.

"Денсаулық сақтау министрлігінің 2020 жылғы 8 желтоқсандағы №ҚР ДСМ-242/2020 бұйрығы бойынша "қосылу келісімшартының" жобасын қордың өзі дайындайды. Содан соң ол жобаны уәкілетті органға, министрлікке және "Атамекен" палатасына ұсыныстар беруі үшін жолдайды. Бұған қоса, келісімшарт жобасы бекітілерден кем дегенде бір айдай бұрын қордың сайтында орналастырылып, қоғамдық талқылауға шығарылады. Яғни, медициналық қызметтерді сатып алу келісімшарты барлық тараптардың құқықтарын, міндеттемелері мен мүдделерін ескереді", – деді Жұманғарин.

Дегенмен, қор ол жобаны талқылау кезінде бизнес қауымдастықтар, медұйымдар ұсынған сын-ескертпелерді қабылдамай тастауға құқылы. "Ұсыныстар міндетті түрде түзету түрінде енгізілсін" деген талап жоқ. Депутаттардың "біржақты сипатта" деп отырғаны да осы.

Екіншіден, кәсіби қоғамдастық пен мәжілісмендер медсақтандыру қорының қит етсе емханаларды, клиникаларды және ауруханаларды айыппұлмен жазалай бастайтынына наразы. Сорақысы сол, ӘМСҚ жыл сайын айыппұл салатын негіздерді еселеп арттыруда. Депутаттардың дерегінше, егер 2022 жылы медұйымдарға айып (неустойка) 5 позиция бойынша ғана есептелсе, ал 2024 жылы айыптау позицияларының саны 25-ке жеткен. Бірден 5 есеге (!) ұлғайды. Мұндай жағдайда шынында да медициналық көмек көрсетумен айналысу азап-мехнатқа айналады.

Үкімет басшысының орынбасары айып-неустойкалар саны артқанын растады. Оның ұстанымынша, бұл бір жағынан, "өнім берушілердің, қызмет көрсетушілердің төл міндеттемесін орындауын қамтамасыз етудің тәсілі" саналады. Екінші жағынан, ол "келісімнің шарттарын бұзу санын азайтуға" ықпал етеді.

Вице-премьер 2024 жылғы, қолданыстағы келісімшартта жеткізушілер міндеттемелерінің 40 пункті барын нұсқады. Мұның ішінде 22 пункт нормативтік-құқықтық актілердегі талаптармен бекітілген. Қалған 18 пункті ӘМСҚ-тің өзі ойлап тауыпты: олар тікелей келісімшартта ғана бекітілген талаптар. Міне, осы 40 пункт міндеттеменің 21-і айып жазуды қарастырады. Демек, репрессиялық пунктер саны шамалы азайтылған.

"Үшіншіден, қорға өнім мен қызмет жеткізушілер сонысы үшін ақы алуға құқылы делінген. Алайда қордың атқарылған жұмыстар актісі негізінде белгілеген ақысына олар қарсылық білдіру құқығынан айрылған. Наразылық білдіру мүлдем көзделмеген. Салдарынан, медұйымдардың шын мәнінде орындаған жұмыстарының көлемін қор төмендетеді. Соның кесірінен, ауруханалар тиісті ақысын толық көлемде ала алмайды", – делінген Мәжіліс депутаттарының Үкіметке хатында.  

Вице-премьер Серік Жұманғарин ұсынған ақыға келіспесе, емхана не аурухананың тиісті хаттамаға қол қоймай қоюына болатынын айтты.

"Атқарылған қызметтер актісі ТМККК немесе МӘМС аясында көрсетілген қызметтерді сатып алу келісімшартын орындау хаттамасы негізінде толтырылады. Төлем төлеу қағидаларының 20-шы пунктіне сәйкес, егер жеткізуші келісімшарттың орындалуы туралы хаттамамен келіспесе, онда оны алғаннан бастап, 3 жұмыс күнінен кешіктірмей, хаттамаға қол қоюдан тас тартатыны туралы қорды жазбаша хабардар етуге тиіс. Хатында бас тарту себептерін негіздеуі, тиісті есептемелерін және растаушы құжаттарын тегіс қоса беруі керек. Осылайша, хаттамаға наразылық білдіру тетігі қарастырылған", – деді С.Жұманғарин.

Медұйымдар өкілдерінің айтуынша, хаттамаға қол қоймай қойса, төлемнен қағылуы, қаржыдан тарығуы мүмкін. Амалсыз, бергенге қанағат тұтуына тура келеді екен.

Мемлекеттік немесе жеке медициналық ұйымның көрсеткен қызметінің сапалы не сапасыз екенін қалай анықтауға болады? Ең қарапайымы – оның қызметін тұтынған пациенттердің пікірін білу немесе әлеуметтік зерттеу жүргізу. Бұл тұрғыда қор өзі би, өзі қожа.

Мәжілісмен Гүлдара Нұрымованың айтуынша, ӘМСҚ келісімшарттағы міндеттемелердің орындалуына мониторинг жүргізумен шектелмейді, медициналық көмектің сапасына сараптама жүргізу функцияларын да өзіне алып алған. Бұдан мүдделер қақтығысы туындауы мүмкін. Мысалы, қандай да бір медұйымға ақы төлегісі келмесе, оның қызметін сапасыз деп тани салады.

Осы орайда Үкімет басшысының орынбасары да Денсаулық сақтау кодексіне және Денсаумині бұйрығына сәйкес, сапаға сараптама тәуелсіз эксперттерді және бейінді мамандарды тарта отырып, жүргізілуге тиістігін нықтады. Қордың өзі бұл іске тәуелсіз сарапшыларды тұрақты тартатынына сендіріп бақты.

Алайда халық ТМККК мен МӘМС аясында қызмет көрсететін кейбір жеке емханаларда тар мамандық дәрігерлерінің жоқтығына, мейірбике сырқаттарды басқа емханалардағы дәрігерлерге жолдап, өзі тек бағыттама таратумен айналысатынына шағымдануын жалғастырды.

Айтпақшы, Серік Жұманғарин "көрсетілген медкөмектің сапасына сыртқы сараптама жүргізуге тәуелсіз эксперттерді тарту" ӘМСҚ-тің міндеті емес, құқығы болып табылатынын ескертті.

Үкімет басшысының орынбасары қордың биылғы қаңтар-қыркүйек аралығында барлық өңір бойынша көрсетілген медкөмек үшін 1 триллион 952,4 млрд теңге төлем төлегенін жеткізді. Ол "жыл ортасына дейін медкөмектің ақысын төлеуге қатысты күрделі жағдай туындағанын" хабарлады.

Қазіргі уақытта қор төлем құжаттары бойынша жылды жабу, медициналық көмектің көлемі мен сапасына мониторинг жүргізу, "Saqtandyry" ақпараттық жүйесінің функционалын ары қарай әзірлеу жұмыстарымен айналысуда.

Серік Жұманғарин 2025 жылы қордың келісімшартын қайта қарап, оған өзгерістер енгізу жоспарланып отырғанын жария етті. Соның ішінде әлгінде айтылған 40 міндеттеменің саны қысқартылуы, келісімшарт міндеттемелерінің орындалуын бағалау индикаторлары қайта пысықталуы, медқызметтердің қолжетімділігін және сапасын жақсарту шаралары қабылдануы мүмкін.

Сарапшылардың айтуынша, медсақтандыру жүйесін қатпар-қатпар былық жайлаған. Мысалы, медұйымдарды айыппұлмен жаппай жазалауға әзір тұратын ӘМСҚ өз басшыларының жөнсіздіктеріне көз жұма қарайтынын мемлекеттік аудиторлар анықтады.

Жоғары аудиторлық палата (ЖАП) жүргізген мемлекеттік аудит әшкерелегендей, қордың өзі МӘМС туралы заңды бұзады, медсақтандыру мен тегін медкөмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК), сондай-ақ жұмыс берушілер төлеген, азаматтардың табысынан ұсталған медсақтандыру жарналары мен аударымдары қаражаттарының қайда, қалай жұмсалғаны туралы қаржылық есепті ұсынуды, бухгалтерлік есепті жүргізуді қамтамасыз етпеген.

ЖАП аудиторлары 32 миллиард теңге соманың талан-тараж етілгенін анықтады. Ресми мәлімет бойынша палатаның тексеру қорытындысында ӘМСҚ басқарма төрағасының 1 орынбасары және басқа деңгейлердегі 11 лауазымды тұлғасы тәртіптік жазаға тартылды.

ЖАП осы шараларды құп алып, "бұл пунктті бақылаудан алып тастады".

Алайда ел қызығын көре алмаған миллиардтар үшін қандай жаза қабылданды? Депутаттардың дерегінше, соған қатысы бар барлық басшылар аяусыз жазалану орнына небары 1 немесе 2 ай мерзімге уақытша сөгіс алып, жеңіл құтылып кеткен. Ал, басшысының орынбасары ірі қаладағы қордың өңірлік филиалының директоры болып тағайындалыпты.

Қордың "ала қойды бөле қырқып", қызмет жеткізушілердің жекелеген тобына тым лоялды, жақсы қарайтыны әшкере болды: олардың шектен тыс асыра көрсеткен көмек құнын төлегенін ЖАП анықтады.

Бюджеттен қыруар қаражат шығындалса да, денсаулық сақтау ақпараттық жүйелері әлі күнге тиісті интеграцияланбаған. "е-Densaulyq" медициналық көмекті төлеудің бірыңғай жүйесі сол бойы дайын емес. Ол 2024 жылғы 1-тоқсанда қолданысқа берілуге тиіс еді, кейін оның мерзімін қыркүйекке созды. Енді келесі жылға қалдырылды.

Сол арқылы медицина саласына соққы жасады: медқызметтер мен өнімдер үшін ақы төлеу дағдарысқа ұшырады. Мемлекет амалсыз, ескі ақпараттық жүйелерге оралып, соны пайдалануға мәжбүр болды.

Медсақтандыру жүйесіндегі былықтардан әбден ығыр болған, лайықты медициналық көмек ала алмаған халық ӘМСҚ-ты немесе бүкіл МӘМС жүйесін жоюды сұрап, шағым жазуда. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу