Үкімет миллиардердің зауыттарын ұзақ уақыт жарылқап қалуға неге жанталасуда?

4810

Алпауыттарға салықты аз төлеу үшін өз міндетін орындаса да жеткілікті көрінеді.

Үкімет миллиардердің зауыттарын ұзақ уақыт жарылқап қалуға неге жанталасуда? Фото: google.com

Қатардағы қазақстандықтардың "ыңыршағы айналған" көлігі, жөндеу көрмеген баспанасы, азын-аулақ бақша салатын аядай жері болуы мүмкін, оның бәріне мемлекетке алым-салықтар төлеу керек. Олардың көлемі тұрақты өседі. Ол салықтарды қалай азайтуға болады? Болмайды. Мемлекеттік кіріс органдары жолдаған түбіртектегіден аз төлесеңіз, қудалуға ұшырайсыз.  

Алдымен Мемкірістер комитеті мен оның қаптаған аумақтық органдары ақпарат құралдары арқылы салықтарыңызды уақытында төлемесеңіз мемлекеттің қандай қаһарына қалатыныңызды тоқтаусыз қайталап, құлағыңыздың құрыш етін жейді. Содан соң сөзден іске кіріседі: борышкер азаматтың банк шоттары, карталары бұғатталады. Жұмысшысы үстінен жұмыс берушісіне шағым хаттар жолдап, қорқытады, тіпті жұмыстан қуылуына ықпал етеді. Соңынан іс қозғалып, судьялар ақталуға мүмкіндік қалдырмай, отырысына шақырмай, сырттай үкім шығара салуы мүмкін.

Бұған қоса, қазақстандықтарға мемлекеттің "делдалдары" да жабылады: Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жарна және аударылым деп аталатын екі алымын бермесеңіз тегін медициналық көмектен қағады. Оның үстіне ол алымы дүркін-дүркін өсіп отырады. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры – әлеуметтік жарна төлеуге мәжбүрлейді, бизнеске, өзін-өзі жұмыспен қамтушы азаматтарға тізесін батырып, жанын шырқыратады. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры да халық үстінен байығанымен, сол халықтың жарнасына оны лайықты зейнетақымен қамтамасыз ете алмағанына еш қымсынбайды.

Қорыта айтқанда, билік салық төлемеген бұқара адамының өмірін тозақ етуге құзырлы.

Ал қазақ жерінің асты-үстіндегі қазынаны асаған алпауыттар ше? Олар да пенде емес пе? Оларға салықтық жеңілдіктер, артықшылық-префренциялар, оның сыртында бюджеттен қолдау шаралары, инвестициялық өтемақылар қарастырылған.

Inbusiness.kz бұған дейін Үкімет олигархтар Александр Машкевич, Патох Шодиев және Шухрат Ибрагимов иелік ететін ERG құрамындағы үш кәсіпорынға салықтың он жылдай уақыт бойы өспейтініне кепілдік беретін келісім бекіткелі жатқанын жазған болатын.

Қарсы алыңыз: билік ERG құрамындағы тағы бір кәсіпорынды ұзақ уақыт бойы сол игілікке қарық қылатын келісім мен Үкіметтің жеке қаулысының жобасын әзірледі.

Құжат "Қазақстан Үкіметі мен "Қазақстан электролиз зауыты" акционерлік қоғамының арасында Инвестициялық міндеттемелер туралы келісімді" бекітеді.

Билік келісімге қол қою құзырын Индустрия және инфрақұрымдылық даму министрі Марат Қарабаевқа берді. "Қазақстан электролиз зауыты" (ҚЭЗ) атынан оның бас директоры Андрей Батраченко қолтаңбасын қалдырады деп күтілуде.

Осы келісімге сәйкес "Үкімет салық заңнамасының тұрақтылығына кепілдік береді". Жаңа Қазақстанның іс басындағы және келесі келетін биліктері миллиардерлердің бұл кәсіпорнына тиісе алмайды, салықты көтеруге жол берілмейді.

Салықтың өзгермейтініне кепілдіктер 2032 жылдың 31 желтоқсанына дейін күшінде болады.

Оған айырбас ретінде "Қазақстан электролиз зауыты" не істеуі керек? Жай ғана онсыз да орындауға тиіс міндеттемесін орындаса болды.

Атап айтқанда, инвестор алдағы 8 жыл бойы 259,1 миллиард теңге немесе қазіргі бағаммен 569 млн доллар, яғни жылына 71 млн доллар мөлшеріндегі инвестициялық міндеттемелерін жүзеге асырып отырса жеткілікті.

Бұл сома бір қарағанда аса қомақты көрінуі мүмкін. Дегенмен, ол компанияның Қазақ елінен табатын табысының тырнағына да тұрмайды. Контрагенттердің адалдығын тексеруге арналған Statsnet дерегінше, "Қазақстан электролиз зауыты" АҚ-ының жылдық бағалау кірісі 2022 жылы – 1 трлн 580 млрд теңгеден, 2021 жылы – 1 трлн 858 млрд теңгеден асыпты.

Сонымен, ҚЭЗ сегіз жыл бойы 259,1 млрд теңгені қайда жұмсамақ?

"Инвестициялар инвестордың капиталдандырылатын кейінгі шығыстарын, тіркелген жаңа активтерді сатып алуын, өндіруге, салуға арналған шығыстарды қаржыландыруын, сондай-ақ халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстанның бухгалтерлік есеп, қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес тіркелген активтердің құнын ұлғайтатын басқа да шығындарды қаржыландыруын қамтиды", – делінген келісім жобасында.

Демек, бұған қалаған шығынын жатқыза алады.

Тек Үкімет одан инвестициялар сомасының кемінде 50 пайызын алғашқы төрт жыл ішінде салуды өтініпті.

Жалпы, олигархтарға форс-мажорды сылтауратып, осы келісім аясында өз мойнына алған міндеттемесін орындамауына да мүмкіндік берілген, ол үшін жаза тартпайды. Мысалы, қазақстандық соттар пандемияны да форс-мажорға жатқызған болатын. Еске сала кетейік, шенеуніктер бірде-бір қарапайым қазақстандықты пандемия екен деп, салықтан, міндеттемелерінен босатқан жоқ.

"Егер келісім бойынша қандай да бір міндеттемелерді орындамау немесе орындау кезіндегі кідіріс еңсерілмейтін күш мән-жайлары (форс-мажор) салдарынан туындаса, тараптардың ешқайсысы оларды орындамағаны үшін жауапты болмайды. Форс-мажорға еңсерілмейтін күш мән-жайлары, яғни төтенше және осы мән-жайлар кезінде алдын алу мүмкін болмайтын мән-жайлар, дүлей құбылыстар, әскери іс-қимылдар және басқасы жатады", – делінген келісім жобасында.

Оның үстіне бұл келісімнің қалай орындалып жатқанына қоғамдық бақылау болмайтын түрі бар.

"Тараптар келісімнің қолданылу мерзімі ішінде оны іске асыру жөніндегі жұмысқа қатысты барлық құжаттар, ақпарат және есептер бойынша құпиялылық шарттарын сақтайды", – деп қадап айтылған құжаттың "Құпиялылық" бөлімінде.

Бұдан бөлек, сот талқылауы барысында пайдаланылатын ақпараттар да; тараптардың біріне қызмет көрсететін үшінші тұлғаларға қатысты мәліметтер де; тарап қаржы қаражатын алатын банкке немесе қаржы ұйымына берілетін деректер де; инвестордың кез келген, оның ішiнде инвестицияларды жүзеге асыруға байланысты өзге ақпараттар да құпияға жатқызылады.

Қазақстан Үкіметі инвестормен тек орысша сөйлеседі: "Келісімнің тілі. Тараптар орыс тілі қарым-қатынас тілі ретінде қолданылады деп уағдаласады. Келісім күшіне енген күннен бастап келісім шарттарының орындалуына қатысты ақпарат орыс тілінде жасалады", – делінген құжатта.

"Қазақстан электролиз зауыты" АҚ-ның осы келісім аясындағы "Инвестициялар салу графигі" небәрі 2 графадан тұрады.

Тарата айтсақ, "тіркелген активтерді қалпына келтіруге күрделі салымдары" сегіз жылда 85 млрд 743,6 млн теңгені құрайды. Ал "істен шығатын негізгі құралдарды ауыстыру және жаңа негізгі құралдарды сатып алуға" 173 млрд 356 млн теңге жұмсауы қажет.

Қарапайым теңеу: қатардағы қазақстандық көлік сатып алса, онымен жолаушы не жүк тасып, бизнес құрса, содан "активін, яғни көлігін қалпына келтіруге күрделі салым салса", мысалы, апатқа түсіп қалған жағдайда толық жөндетсе, сонымен қатар "істен шығатын негізгі құралдарын, запастық бөлшектерін ауыстырса", мемлекет оған салық тұрақтылығына кепілдік бере ме? Көлік салығы айлық есептік көрсеткішке байланған, ал АЕК жыл сайын өседі де, тиісінше, көлік салығы да тоқтаусыз қымбаттайды. Ендеше әрбір "темір тұлпар" иесі салықты "қатыруды" армандар еді.

Бұдан бұрын Ratel.kz жазғандай, өткен жылдың соңында Павлодардың салықшылары "Қазақстан электролиз зауыты" АҚ-ы 12 жыл бойы швейцариялық акционері ERG SALES AG компаниясына дивидендтер төлеп келе жатқанын, бірақ сол үшін Қазақстан қазынасына салық төлегісі келмейтінін мәлімдеді.

"2010 жылдың 19 ақпанында ҚЭЗ "Инвестициялық жобаға заемшы инвестициялаған қаражаттарды ауыстыруға" деп, Қазақстанның даму банкі мемлекеттік банкінен 15 жылға 400 млн доллар кредит алды. Мұның себебі белгісіз: не ҚЭЗ шынында жобаға өзінің ешқандай төл қаражатын салмаған, бірден қарыз қаражатты салған, немесе оның өз қаржысы болған және ол соны салған, бірақ қолында ақшасы болуы үшін артынша арзан кредит алған. Қалай болғанда, ҚЭЗ-дің жалғыз акционері – швейцариялық ERG SALES AG компаниясы сол кредитті алуы үшін кепілзат ретінде ҚЭЗ-дің 3 349 961 қарапайым акцияларын ұсынуға келіседі. Осы үшін ҚЭЗ жыл сайын акционеріне заемдық соманың жалпы көлемінің 0,75%-ы көлемінде сыйақы төлеп тұрады", – деп жазды сараптамалық портал.

Павлодар облысының Мемлекеттік кірістер департаменті бұл төлемдерді тақырыптық салықтық тексеріс жүргізу барысында сонау 2021 жылы әшкерелепті. Бірақ ақпарат құралдарына тек былтырғы жыл соңында сыр ашты. Салықшылардың байламынша, "Қазақстан электролиз зауыты" АҚ-ы осы схема арқылы шетелде тіркелген құрылтайшыларына дивидендтер төлеудің және сол үшін Қазақстанға корпоративті табыс салығын жете төлемеудің тәсілін тапты.

Сома салмақты: ERG SALES AG акцияларын кепілге қойғаны үшін екі жылда жалпы көлемі 1 млрд 267,7 млн теңге сыйақы алыпты. Салықшылар осы үшін 195,3 млн теңге салықты қосымша өндірте алды.

"Қазақстан электролиз зауыты" АҚ Қазақстандағы алғашқы және жалғыз жоғары таңбалы бастапқы алюминий өндіруші болып табылады. Ол дүниежүзіндегі осындай 200 алюминий алпауыты арасындағы көшбасшы ондыққа кіреді. Олай болса, жаһандық алпауыттың 8 жылда құятын инвестициясы да қомақты болып, триллионмен есептелсе жөн.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу