Үкімет Президент бастамалары резервінің миллиардтарын күрт ұлғайтпақ

4835

Сарапшылардың байламынша, Ұлттық қордан тым көп қаржы шығындалды, алайда оның қайтарымы да, қайда кеткені де белгісіз. Ал Үкімет 2030 жылы бұрын олигархтарға бюджеттік арзан несиеге үлестірген ҰҚ қаржысының жартысын ғана қайтара алуы мүмкін.

Үкімет Президент бастамалары резервінің миллиардтарын күрт ұлғайтпақ

Мемлекет басшысының қатаң сынынан кейін Ұлттық экономика министрлігі бюджеттік заңнаманы жетілдіруге білек сыбана кірісті.

Осы мақсатта "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне бюджеттік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заң жобасы жазылып, қоғамдық талқылауға шығарылды. Ол арқылы мемлекеттік қаржы саласында жылдар бойы қордаланған бірқатар проблемаларды шешуге талпыныс жасалуда.

Мысалы, жуырда Есеп комитеті Ұлттық қордың жүздеген миллиард қаражаты арзан несие түрінде ұлттық компанияларға, холдингтерге, тіпті жекеменшік ірі кәсіпорындарға таратылып кеткенін сынады. Сорақысы сол, ол қаражат кейін болашақ ұрпаққа арналған әлгі қорға қайтпайтын көрінеді. Не револьверлік тәсілмен қарызға қайта беріледі, не бюджетке, яғни Үкіметтің қалтасына түседі.

Жаңа заң жобасында жиырма жылдай бойы қор қазынасын талан-тараж етуге мүмкіндік беріп келген осы схеманы доғаруға ұмтылыс байқалады: Ұлттық қордан республикалық бюджетке нысаналы трансферт түрінде бөлініп, артынша бюджеттік кредитке бағытталған қаражаттар – өтелген несиелер мен сыйақылар қорға қайта аударылуға тиіс болады. Бұл – Ұлттық қорды толықтыратын бесінші қайнар-көзге айналатыны айтылды.

"Есеп комитеті 2019-2021 жылдар кезеңінде Ұлттық қордан бөлінген нысаналы трансферттердің өз мақсатына және тиімді пайдаланылуына мемлекеттік аудит жүргізді. Аудит шаралары барысында кредиттерді өтеуден түсетін түсімдер республикалық бюджеттің кіріс бөлігіне есептелетіні анықталды. Бұл ретте бұрын Ұлттық қордан берілген кредиттердің өтеміне арналған сомалардың қорға кері аударылуы қолданыстағы заңнамада мүлдем қарастырылмаған. Осы орайда нысаналы транесферт қаражаттар есебінен берілген бюджеттік кредит қаражаттарын Ұлттық қорға оралту туралы Есеп комитетінің ұсынысы қолдау тапты. Бұл норма бюджеттік кредиттерді өтеудің тиімділігі мен нысаналылығын қамтамасыз етеді", – деп түсіндірді Ұлттық экономика министрлігі.

Жалпы бұл жерде қандай сома туралы сөз болып отыр? Экономика ведомствосының мәліметінше, әрі есептемелерге сәйкес, Ұлттық қордың нысаналы трансферттері есебінен берілген, тиісінше қорға қайтарылуы ықтимал соманың жалпы көлемі 243,8 миллиард теңгені құрайды. Алайда соның ішінде 2030 жылға дейін тек 135,4 млрд теңге ғана қайтарылуға жатады. Өйткені келісімшарттар бойынша бюджеттік кредиттер тым ұзақ уақытқа және жеңілдікті кезеңдермен үлестірілген.

Нәтижесінде, тіпті осы заңнамалық түзету алда барлық меморгандардың келісімін алып, Парламент құптағанның өзінде, ол Ұлттық қорды қомақты әрі қарқынды түрде толықтыра алмайды.

Оның орнына Үкімет алдағы уақытта да Ұлттық қорды орасан зор көлемде шығындауға ниет танытып отыр.

Мысалы, бас экономист Әлібек Қуантыровтың командасы Бюджеттік кодекстің "Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын пайдалану" деп аталатын қолданыстағы 23-бабына "ҚР Президенті бастамаларына арналған резервті толықтыру" деп аталатын жаңа норма қосуды ұсынды. Бұл "Мемлекет басшысының бастамаларын қаржыландыратын резервті толықтырудың жаңа, қосымша көзін анықтау мақсатында" жасалмақ. Яғни бұл резерв те алда қор арқылы толықтырылмақ.

Бұған қоса, резерв көлемін күрт арттыру жоспарланған. Қолданыстағы заңнамалық нормаға сәйкес, Президент бастамаларына арналған резервтің көлемі кезекті қаржылық жылдың республикалық бюджетінің жоспарланып отырған барлық шығындарының 2%-ын құрайды.

Ұлттық экономика министрлігінің дерегінше, осы талапқа сай 2023 жылы президенттік резерв көлемі 366 миллиард теңге болады деп жоспарланған.

"Бірақ Мемлекет басшысы халыққа жыл сайынғы жолдауларында және басқа да бастамалары мен тапсырмалары аясында салмақты бюджет шығыстарын талап ететін ірі міндеттер қояды. Содан тапсырмаларды қаржылық қамту мақсатында бүкіл республикалық бюджетті қайта қарап, нақтылау рәсімдерін өткізу қажет болып жатады. Бұл ұзақ уақытты алады (3 айға дейін созылуы мүмкін). Ал Президент көбіне қойылған міндетті жедел әрі кезек күттірмей орындауды талап етеді. Осыған байланысты Президент бастамаларына арналған резерв мөлшерін 2-ден 3%-ға арттыруды ұсындық", – деген түсініктеме берді экономика ведомствосы.

Сонда Қ.Тоқаевтың кез келген тапсырмасын, қымбат бастамасын шұғыл жүзеге асыруға жол ашылатын көрінеді. Экономист Марат Ерғозин ТМД кеңістігінде сұрапыл соғыс жүріп, іргеден қауіп төнген, геосаяси ахуал ушыққан, салдарынан ел ішіндегі жағдайдың тұрақсыздану тәуекелі туындаған шақта мұндай қадамның орындылығына назар аудартады. Тек жаңадан құрылып жатқан Жоғары аудиторлық палата көз жұма қарамай, президенттік резервтің орнымен, тиімді жұмсалуын кірпік қақпай бақыласа болғаны.

Экономист Рақым Ошақбаев 2001 жылы болашақ ұрпақтарға арналған мұнай қоры ретінде құрылған Ұлттық қордың сол кездегі тұжырымдамасына сәйкес, онда 2020 жылға қарай 180 миллиард доллар жиналуға тиіс болғанын еске салды. Оның орнына қордың қазынасы 2014 жылғы 77 миллиардтан қазір 52 миллиард долларға дейін құлдырап кетті. Себебі, билік болашақ ұрпақты ұмытып, ҰҚ қаржысын қазірден белсенді шығындап жатыр. Соның ішінде мұнайды, жерді, мемактивтерді және басқасын сатудан жыл сайын тоқтаусыз құйылып жатқан түсімдер мен салықтар да жұмсалып кетуде. Сарапшы бұдан бөлек, қор активтерін инвестициялаудан түсетін табыстар да соның жолын құшатынына назар аудартты.

Ұлттық қордың активтерін Ұлттық банк басқарады. Қордың барлық дерлік қаражаттары шетелде орналастырылған. Активтердің 93%-ы валюталық портфелге тиесілі. Үкметтің халықаралық санкциялардан қорқуының бр себебі де сол болса керек.  

"Жария ақпарат Ұлттық қор активтерінің құрылымы мен инвестициялық стратегиясы жайында тым мардымсыз түсінік береді. Біз ҰҚ қаражаттары нақты қандай бағалы қағаздарға, қандай елдер мен компанияларға салынғанын көрмейміз. Осыдан түйетін басты түйін біреу: қордан шыққан шығын орасан, бірақ оның қайтарымы да, қайда кеткені де беймәлім, қорда қомақты қаражат қордаланған, алайда оның қайда салынғаны түсініксіз", – деді экономист.

Осылайша, Ұлттық қор аңыз форматында қалып тұр: ол туралы бәрі естіген, бәрі біледі, бірақ оны көзімен көргендер сирек.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу