Үкімет шетелге жұмыс іздеп кететіндерді бақылауға алмақ

3090

Ел тұрғындарын жатжұртқа жұмысқа шақыратын агенттіктердің қызметі реттеледі.

Үкімет шетелге жұмыс іздеп кететіндерді бақылауға алмақ Фото: rg.ru

Батыс Қазақстан тұрғыны Сергей Владимирович "Вконтакте" желісінде ресейлік еңбекпен қамту агенттігінің хабарламасына жолығады. Онда жүк тасу үшін Луганскіде жүргізушілер талап етілетіні, олардың қолға 300 мың рубль (1,5 миллион теңге) алатыны, төлемнің айына екі рет төленетіні айтылған екен.

Сергейді жанар-жағармайдың, автотұрақтың, жатын орнының, тамағының, тіпті балаларына мереке күндері берілетін сыйлықтардың (Подарки детям на праздники) шығынын жұмыс берушінің өзі толығымен көтеретіні қызықтырған. Жұмыс беруші агенттік арқылы, яғни, аутстаффинг тәсілімен емес, тікелей контракт бекітеді. Үміткерде тек Е, CE категориялы жүргізуші куәлігі болса жеткілікті. Компания хабарландыруда "кеңеюіне байланысты көп көлемде персонал іздеп" жатқанын көрсеткен.

Содан Сергей оралдық, петропавлдық таныстарымен бірге Ресейге аттанады. Ол екі айдан кейін із-түссіз кетеді. Ресейдің Самарасында тұратын апасы Лидия шарқ ұра іздеп жүріп, ақыры оның майдан даласында қаза тапқанын анықтаған. Ресейлік "тасымал-логистикалық компанияның" шынында "арнайы әскери операцияға" қатысатын шетелдіктерді іздеп, тартумен айналысатынын білген.

Сергейді қасындағы жолдастарымен бірге алдымен Донецк облысына, содан кейін "окоп қазуға" алғы шепке жіберген. Олар содан оралмаған.

Жалпы, жұмыс іздеп, шетелге сапарлаған қазақстандықтардың хабар-ошарсыз кету оқиғалары аз емес. Өйткені олармен үнемі байланыста болатын нақты мекеме жоқ.

Оның үстіне қақтығыс ошағынан бір-ақ шықпауы үшін "екі қолға бір күрек" іздеп жүрген Қазақстан азаматтарын әлемнің әр түкпіріне аттандыратын жеке агенттіктерді бақылауға алған жөн.

Олқылықты түзету мақсатында Еңбек министрлігі "Қазақстан азаматтарының шетелдегі еңбек қызметін ұйымдастыру бойынша еңбек мобильділігі орталықтарының жұмыспен қамтудың жекеше агенттіктерімен өзара іс-қимыл жасау қағидаларын бекіту туралы" бұйрықтың жобасын әзірледі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитетінің Сыртқы көші-қон және босқындар басқармасының түсіндіруінше, құжат жұмыспен қамтумен айналысатын жеке агенттіктердің тізілім-реестрін қалыптастыруды және оны тұрақты жүргізуді қарастырады. Өйткені Avito, HH және басқа да агенттіктер қазақстандықтарды Ресейге және Украинада жұмыс істеуге шақыратын хабарландыруға толы.

"Қазақстан азаматтарын шетелде жұмысқа орналастыруды жеке агенттік (ЖҚЖА) шарт мерзімі өткеннен кейін жұмыскерді өз еліне қайтару бойынша кепілдігі болған кезде ғана, оның ішінде осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес шетелде жұмысқа орналастыру бойынша қызметтер көрсету туралы үлгілік шартқа сәйкес жұмыскердің атына жұмысқа орналастыру елінің банктеріне кепілдік жарнасын енгізу жолымен жүзеге асырылады. Шетелдік банктерге кепілдік жарнаны енгізу тәртібі мен шарттары жұмысқа орналасқан елдің заңнамасымен реттеледі", – делінген қағидалар жобасында.

Агенттіктер "шетелдік банктерге кепілді жарнаны енгізілгеннен кейін жұмысқа орналастыру елінің заңнамасына сәйкес шығу алдындағы дайындығын ұйымдастыру үшін еңбек мобильділігі орталығына енгізу туралы жазбаша растауды ұсынады". Еңбек мобильділігі орталығы онымен меморандум жасасады.

Меморандумда тараптардың негізгі шарттары, ниеттері, сондай-ақ агенттік ұсынған есептер негізінде тұрғылықты жерін, оқуын, қайта даярлауды, біліктілігін арттыруды, медициналық қарап-тексеруді, әуе сапарын, сүйемелдеуді, трансферді, консулдық жинауды және ізденушілердің құжаттарын дайындауды қоса алғанда, шетелде азаматтарды жұмысқа орналастыру бойынша қызметтер көрсету жөніндегі шығындар көзделеді.

Қазақстандық құзырлы министрліктің дерегінше, қазіргі кезде жеке жұмыспен қамту агенттіктерінің қазақстандық азаматтарды шетелге жіберу қызметі еш реттелмейді.

"Жеке жұмыспен қамту агенттіктерінің қызмет тәртібі тек "Көші-қон туралы" заңның 55-1-бабында ғана көзделген. Онда бұл агенттіктердің негізгі құқықтары мен міндеттері ғана айтылады. Жалпы алғанда, олардың қызметі ашық емес, көлеңкелі болып қалды, өйткені олардың қызметі лицензияланбайды. Не істеп, не қойып жатқаны белгісіз. Бұл ретте, шетелдік жұмыс берушінің қазақстандық жұмыскерлерді қылмысқа тартпайтынына, тек заңды жұмысқа ғана орналастыратынына еш кепілдік жоқ. Агенттіктер азаматтарымыздың Қазақстанға оралу мүмкіндігін қамтамасыз етпейді. Олардың қызметі Қазақстан тарапынан бақылаусыз, реттеусіз қалды", – дейді Еңбек министрлігінің сарапшылары.

Олар бүгінде шетелде жұмыс істейтін азаматтарының құқықтарын қорғаудың пәрменді тетігі Қазақстанда жоқтығына назар аудартты.

"Қазақстандықтар кез келген мақсатта, соның ішінде жұмысқа орналасу үшін шетелге еш кедергісіз шығу мүмкіндігіне ие. Бұл ел Конституциясында тікелей қарастырылған және азаматтың жеке бас бостандығын білдіреді. Жұмысқа орналасу мақсатында кеткен шетелдегі қазақстандық еңбекшілерді қорғау жөніндегі қызмет мемлекетаралық келісімдермен ғана реттелуі мүмкін", – деп түсіндірді ведомство.  

Алайда жатжұрттардағы мигранттарын қорғау тетіктерін түзген Өзбекстаннан айырмашылығы сол, Қазақстанның әлемдегі өзге елдермен арасында қолданыстағы мұндай екіжақты келісімдері жоқ. Қатармен тек таяуда ғана қол қойды, әзірге ратификацияланбады. Өзге мемлекеттермен арада тек келіссөздер жүруде.

Салдарынан, "шетелде жұмысқа орналасқысы келетін Қазақстан азаматтарының әлеуметтік және еңбек құқықтары қорғалмаған күйінде қалып отыр".

Аталған жаңа қағидалар жобасына сәйкес, Еңбек ұтқырлығы орталықтары (бұрынғы Жұмыспен қамту орталықтары) жеке агенттіктермен бірлесіп, Қазақстан азаматтарының шетелдегі еңбек қызметін ұйымдастыруды реттеуге тиіс.

Еңбекминінің жаңа бұйрығы көші-қон мәселелері жөніндегі уәкілетті органға интернет-ресурсында жеке агенттіктердің тізілім-реестрін қалыптастыру және жүргізу құзыретін береді.

Бұдан бөлек, ел Үкіметі Қазақстанның көші-қон саясаты тұжырымдамасы аясында қазақстандық еңбек мигранттары көп баратын бірқатар елмен арада тиісті үкіметаралық келісімдер, меморандумдар бекітетін болады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп, қазақстандықтардың шетелде жұмысқа орналасуына қатысты мониторинг жүргізе бастады.

СІМ дерегінше, биылғы 7 айдағы жағдай бойынша таяу және алыс шет елдерде жұмыс істейтін қазақстандықтардың саны шамамен 140 мыңнан асқан. Тарата айтқанда, оның көбі – 102 мыңы Ресейге кетті. Түркияда – 4,7 мың, Ұлыбританияда – 5 мың отандасымыз еңбек етуде. Қалған елдерде бұдан аз.

Еңбекмині "Қазақстан Республикасының 2023-2027 жылдарға арналған көші-қон саясатының тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарының" 34-тармағына сәйкес, Қазақстан азаматтарының едәуір санын тартатын елдермен – Түркия, БАӘ, Сауд Арабиясы, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Израиль, Қатар, Германиямен арада "Еңбек мигранттарының еңбек және әлеуметтік құқықтарын қамтамасыз ету туралы" екіжақты келісімдер мен меморандумдар жобаларын жасады.

Бұған қоса, Латвиямен және Жаңа Зеландиямен келісімнің тағы екі жобасы әзірленді.

Ведомствоның хабарлауынша, бұл келісімдердің жобалары екіжақты болып табылады және еңбек қызметі мен еңбекші-мигранттардың құқықтарын қорғаудың келесі мәселелерін реттейді:

  • еңбекші көшіп-қонушылардың келу, болу және кету тәртібі;
  • еңбекақы және еңбек жағдайлары, өтемақы бөлігінде құқықтарды қорғау;
  • еңбек міндеттерін орындау кезінде мертігуден келтірілген залалды өтеу тәртібі;
  • еңбекші көшіп-қонушы қайтыс болған жағдайда мүрдесін әкету тәртібі.

Министрліктің мәліметінше, бүгінде келісімдердің жобалары жоғарыда аталған елдердің Үкіметінің қарауында жатыр. Олардың бұған келісетін-келіспейтіні әзірге беймәлім.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу