Үкіметтің көмір өнеркәсібіне қатысты нақты жоспары жоқ

2449

Қазақстан экономикасын декарбонизациялау жөніндегі саясаты мен көмір саласын одан әрі әртараптандыру жөніндегі қандай да бір нақты жоспарлардың жоқтығы және баламалы энергия көздеріне қарай бет-бұрысы бұл саланың тоқырауына әкелуі мүмкін. 

Үкіметтің көмір өнеркәсібіне қатысты нақты жоспары жоқ Фото: google.com

Бұл туралы көмір өндірушілердің басын қосқан Astana Mining & Metallurgy конгресінің аясында өткізілген Көмір өнеркәсібінің IV форумында айтылды, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Қазақстан 34 млрд тонна көрсеткішпен көмір қоры бойынша көшбасшы елдердің ондығына кіреді. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, қазір елімізде 26 мыңға жуық адам жұмыс істейтін 147 көмір өндіруші компания бар. 2022 жылы еліміздің көмір өндіруші компаниялары 113,9 млн тонна көмір өндірді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,9%-ға артық көрсеткіш.

Көмір тек жылу көзі ғана емес, сонымен қатар электр энергия шығарушы негізгі ресурс. Бүгінде Қазақстанда электр энергияның 70%-ға жуығы көмір ЖЭО-да өндіріледі. Көмір өндіру құны баламалы және жаңартылатын энергия көздерінен едәуір төмен болғандықтан осы электр көзі халық үшін ең қолжетімді әрі тиімдісі болып отыр.

Алайда халықаралық тенденция – экологияға зиян келтірмейтін баламалы энергия ресурстарына бет бұрған Қазақстанда көмір өндірісі саласының болашағы бұлыңғыр деуге болады. "Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындарының республикалық қауымдастығы" ЗТБ атқарушы директоры Н.В.Радостовецтің пікірінше, белгісіздік ірі компаниялардың жұмысына кедергі келтіріп, алға жоспар құруға мүмкіндік бермейді.

Фото: inbusiness.kz 

"Бүгінде мемлекеттің Қазақстан экономикасын декарбонизациялау жөніндегі саясаты мен көмір саласын одан әрі әртараптандыру жөніндегі қандай да бір нақты жоспарлардың жоқтығынан, көмір өнеркәсібі белгісіздік жағдайында екенін мойындау керек. Болашақтың бұлыңғыр болуы компанияларға одан әрі жұмыс істеу және шығындарды жоспарлау сынды маңызды шешімдер қабылдауға мүмкіндік бермейді", – деп түсіндірді Н.В.Радостовец.

Бұл өз кезегінде қарапайым шахтерлердің қауіпсіздігіне әсер етеді. "Казуглепроф" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Марат Вакифұлының айтуынша, алдағы он жылда көмір өндірісі ең болмағанда осы деңгейде қалатынына ешкім кепілдік бер алмай отыр, сондықтан өндіруші компаниялардың қауіпсіздік пен техникалық әлеуетті арттыру үшін шығынға батып, қымбат құрылғылар алуға құлқы жоқ.

"Сонымен қатар, электр энергиясы өндірісіндегі тапшылық пен халықтың газбен толық қамтамасыз етілмегенін ескерсек, ҚР Үкіметінің "жасыл" күн тәртібінің нысаналы көрсеткіштерін қайта қарау және Қазақстанда көмір генерациясын сақтау қажеттілігі туындап отыр. Көмірден жаңа тауарлар өндірісін жолға қою жолдарын нақты белгілеу, ағымдағы ахуал бойынша егжей-тегжейлі талдау жүргізу және көмір өнеркәсібінің одан әрі дамуын айқындау маңызды деп санаймыз. Жоғарыда айтылғандарға байланысты көмір өнеркәсібін дамыту бағдарламасын әзірлеп, дәл қазір сала алдында тұрған ең өзекті мәселелерді нақтылау қажет", – деп түйіндеді "Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындарының республикалық қауымдастығы" ЗТБ атқарушы директоры.

Басқа да мәселелер...

Форум барысында көмір өндірісі саласының болашағынан бөлек, бүгіні мен өткені де сөз болды, түрлі проблемалар көтерілді. Соның бірі, мысалы, шахтерлердің зейнетке шығу жасы. Шахтерлер басқа сала мамандары сияқты  63 жаста заңды демалысқа шығады. Көмір өндірісі саласының өкілдері Үкіметтің мұндай көзқарасын әділетсіз деп санайды.

"Әлемде үш жаманды: қауіпті жұмыс орны, денсаулыққа зиян орта мен ауырлықты біріктірген мамандық - "шахтер" мамандығы десем артық айтпағаным болар. Дейтұрғанмен бізде шахтерлер 63-те зейнетке шығады – бұл нағыз ессіздік қой! Ғылыми зерттеулердің өзінде 40 жыл жер астында қызмет еткен адам мүгедек болатыны дәлелденген. Сонда біз өз қолымызбен отандастарымызды сал қылып жатырмыз ба? Бұл мәселені талай рет Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жібердік, жауаптары бір – қарастыру керек. Қарастыратын несі бар?",  – деді Николай Владимирович.

Сонымен қатар, көмір өндірушілер Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің энергетикалық көмір бағасын бағалық мемлекеттік реттеуді енгізу туралы ұсынысына түбегейлі қарсы. Олардың айтуынша, көмір өндірісі нарықтық факторларға тікелей тәуелді болғандықтан, көмір бағасын ұстап тұру өндіріс шығындарын жабуға мүмкіндік бермейді, тіпті, көмір өндіруді тоқтатуға түрткі болуы мүмкін.

"Көмір өндірісінің құны нарықтық факторларға тікелей байланысты, мысалы, көмірдің өзіндік құнының 21,57%-ы - теміржол шығындары, 27-30% - дизель отыны мен бензин, 41,12%-ы қосалқы бөлшектер мен компоненттерді сатып алу, 7,07%-ы қызметкерлер жалақысы тағысын-тағы. Ең бастысы, теміржол тасымалының бағасының өсуі де бізге артық шығын. Оған қоса қызметкерлердің жалақысы соңғы жылдары 25%-ға көтерілді. Жоғарыда айтылғандардың барлығы энергетикалық көмірдің сату бағасын көтеруге негіз бола алады", – деді Н.В.Радостовец.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Иран Шархан да аталған салада өзіндік мәселелерге қатысты пікірге қосылды.

"Қолға алынған жұмыстарға қарамастан көмір өнеркәсібінде өзекті мәселелер бар. Атап айтқанда, елімізде қосылған құны жоғары жаңа өнімдерді алу үшін көмірді терең өңдеуді көздейтін жобаларды іске асыруға көңіл бөлу қажет. Әлбетте, бұл отандық өнеркәсіптің әлеуетіне оң әсер етіп, көмірдің тиімділігін айтарлықтай жақсартатыны күмәнсіз. Таяу келешекте осы бағытқа басымдық берілетін болады", – деді вице-министр.

Ал қолға алынған шараларға келер болсақ, Үкімет Отын-энергетика кешенін дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекітіп, оның аясында 8 жобаны іске асырып, өндіру көлемін ұлғайтуды көздеп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу