Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 14,25 пайыз деңгейінде сақтады

816

Бұл шешім экономикадағы қазіргі жағдайға, оның ішінде инфляцияның деңгейін, сонымен қатар ішкі және сыртқы тәуекелдерге байланысты. 

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 14,25 пайыз деңгейінде сақтады Фото: inbusiness.kz

Қазақстанның Ұлттық Банкі базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 14,25% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады. Тиісті шешім жұма күні белгілі болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қаржы реттеушінің хабарлауынша, бұл шешім "қазіргі экономикалық жағдайға, соның ішінде инфляция деңгейіне және ішкі және сыртқы экономикалық тәуекелдерге"  байланысты болды.

Жылдық инфляция әлі де таргеттен едәуір алшақ, дегенмен 2024 жылғы қыркүйек айында ол 8,3%-ға дейін төмендеді, деп хабарлады Ұлттық банк. Азық-түлік тауарларының неғұрлым төмен инфляциясы баға өсімінің баяулауына үлес қосуда. Дегенмен ауыл шаруашылығы және өңдеу өнеркәсібі өнімдерін өндірушілер бағасы, сондай-ақ импорттық баға қайта өсе бастады. Жылдық инфляцияның құрамында жүргізіліп отырған "Тарифті инвестицияға айырбастау" бағдарламасы және бірқатар нарықтық қызметтердің қымбаттауы аясында ақылы қызметтер бағасы ең жоғары өсімді көрсетті.

Айлық инфляция қыркүйекте 0,4% болып, орташа тарихи мәннен жоғары қалыптасты (0,3%). Маусымдық факторлардан тазартылған жалпы және базалық инфляция көрсеткіштері көктемде және жаз басында байқалған деңгейден жоғары қалыптасып келеді. Халықтың инфляциялық күтулері қыркүйек айында өсіп, құбылмалы болды. Биылға сарапшылардың инфляциялық күтулері де 8%-дан 8,4%-ға дейін өсті, делінген хабарламада.

Ұлттық банк сыртқы факторларды айта келе, АҚШ ФРЖ 2020 жылдан бері алғаш рет негізгі мөлшерлемені төмендеткенін жеткізді. ЕОБ да ақша-кредит саясатын жұмсартқан. Өз кезегінде Ресей Банкі жоғары инфляция мен проинфляциялық тәуекелдердің күшеюі аясында негізгі мөлшерлемені 19%-ға дейін тағы 100 базистік тармаққа көтерді.

Қазақстандағы ішкі сұраныс тұрақты болып қалуда. 2024 жылғы қаңтар-тамыз айларында қысқамерзімді экономикалық индикатордың өсуі ж/ж 4,4%-ға бағаланады. Өндірістің өсуі экономиканың барлық негізгі салаларында байқалып отыр. Атап айтқанда құрылыс, көлік және байланыс салалары ең жоғары өсуді көрсетті. Ішкі сұраныстың орнықтылығы бөлшек сауданың айтарлықтай жедел өсуімен расталады.

"Ортамерзімді перспективада инфляция бойынша 5% мақсатқа қол жеткізу ұстамды қатаң ақша-кредит шарттарын сақтауды талап етеді. Тәуекелдер балансы проинфляциялық жаққа ығысып отыр. Инфляцияның орнықты бөлігі тұрақты түрде төмендесе және сақталып отырған фискалдық алшақтықты қаржыландыру мәселесі тиімді әрі жүйелі шешімін тапқан жағдайда базалық мөлшерлемені байыппен және теңгерімді түрде төмендетуге мүмкіндік болады", - делінген ҰБ мәлімдемесінде.

Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 2024 жылғы 29 қарашада Астана қаласының уақытымен сағат 12:00-де жарияланады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу