Қазіргі жағдайды ескере отырып Ұлттық қордың болашағы қандай болады? Қордың қаражаты таусылуы мүмкін деген қауіп бар ма? Осы тақырып төңірегінде inbusiness.kz сайтының тілшісі шолу жасады.
Қаржы министрлігінің есебіне сәйкес, Ұлттық қорға 8 айда 5,4 трлн теңге түскен. Оның 2,86 трлн теңгесі мұнай компанияларынан тікелей түсетін салық. 1 қыркүйектегі жағдай бойынша қордың активтері 31,8 трлн теңгені құрады. Есепті кезеңде қордан 3,4 трлн теңге алынған: 2 трлн теңге кепілдендірілген трансферт, 1,4 трлн теңгесі – нысаналы трансферт. 8 айда Ұлттық қорды басқару және жыл сайынғы сыртқы аудитті жүргізуге байланысты шығысты жабуға 7,7 млрд теңге жұмсалған.
"Голланд ауруы" деген ұғым бар. Бұл шикізатқа деген тәуелділікті білдіреді. Кезінде Ұлттық қор бұл жағдайдың алдын алу үшін құрылды, яғни мұнайдан түскен табысты, мұнай компанияларынан алынған төлемдерді жинау мақсатында пайда болды. Шамамен 10 жыл бұрын жағдай өзгере бастады. Қордан трансферт алуға болады деп айтылды. Үкімет экономикалық тапсырманы орындай алмай жатқанын түсініп, нәтижесінде ірі инфрақұрылымдық жобаларға қаражат алатын болды. Кейін бұл ережеге айналды. Ұлттық қордан "кепілдендірілген трансферт" деген ұғым пайда болды", - деді экономист Расул Рысмамбетов.
Сарапшы Ұлттық қор қаржысы Ұлттық Банктің басқаруындағы Қаржы министрлігінің шоттары екенін еске салды.
Ұлттық қор қаражатының бір бөлігі әдетте доллардағы шоттарда сақталса, қалғаны бағалы қағаздарға салынады.
Ұлттық қордың болашағы қандай?
"Ұлттық қордың қаражаты қашан таусылатыны белгісіз. Оның қаржысын 100 млрд долларға дейін жеткізу ақылға қонымды дүние. Егер де кепілдендірілген трансфертті азайтатын болса, бұл әбден мүмкін. Алайда келесі жылы кепілдендірілген трансферт көлемі 5 трлн теңгеден асады. Бізде "қордан ақша алмайық" деп ешқашан айтылмайды. Кепілдендірілген трансферт бар, демек оны алу керек деген түсінік қалыптасты. Бұл қате", - деп атап өтті экономист.
Расул Рысмамбетов осындай қарқынмен Ұлттық қордан қаражат алыну дұрыс емес екенін, қаржыны жинаған жағдайда оның көлемі де ұлғая түсетінін айтады.
Экономист Ұлттық қорды Норвегиядағы қор сияқты басқарған жөн деген пікірде. Айта кететіні, елімізде Ұлттық қор 2001 жылы құрылды. Ол 1990 жылы пайда болған норвегиялық мұнай қорының (Норвегияның мемлекеттік зейнетақы қоры) моделіне ұқсас. Оған да мұнай саласынан алынатын барлық салықтар түсіп отырады. Арада 20 жылдан астам уақыт өтсе де Ұлттық қорда айтарлықтай ірі көлемдегі сома жинақталмады.
Сарапшылар қазір "Ұлттық қорға қанша ақша түседі – сонша алып жатырмыз" деген пікірде. Мемлекет басшысы Үкіметке Ұлттық қордағы қаржыны 2030 жылға қарай 100 млрд долларға жеткізуді тапсырған болатын.
"Қаржы саласында ерекше "қазақи жол" деген түсінік жоқ. Онда дұрыс немесе бұрыс жол ғана бар", - деді Расул Рысмамбетов.
2025-2027 жылдарға арналған ел бюджетінің жобасында 2025 жылы Ұлттық қордан 5,3 трлн теңге алу жоспарланғаны көрсетілген. Оның ішінде 2 трлн теңге кепілдік берілген трансферт болса, 3,3 трлн теңге – нысаналы трансферт.