Уран өндірушілерге кенішті қосымша барлау құқығы берілмек

9057

Сенат "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану" кодексін бірінші оқылымда мақұлдады. 

Уран өндірушілерге кенішті қосымша барлау құқығы берілмек

Қазақстанда уран өндірушілер Кеңес заманындағы деректер бойынша кен қазып жүр, – деп хабарлайды Inbusiness.kz.

Геологиялық деректердің жаңартылмауы Қазақстанды қосымша табыстан қағып отыруы мүмкін. Сол үшін "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану" туралы кодекстің бірнеше бабына өзгерту енгізілмек. Заң жобасын Сенат депутаттарына Мәжіліс өкілі Ирина Унжакова таныстырды.

"Қазіргі таңда барлық жер қойнауын пайдаланушы ескірген геологиялық деректерді пайдаланып жүр. Бұл деректер КСРО орта машинажасау министрлігі заманынан бері жаңартылған жоқ. Яғни деректерді жаңарту қажет. Уранның қорын да, шөгінділердің құрылымын да қосымша зерттеу керек. Сондықтан "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану" туралы кодекстің 173 және 176-баптарына өзгеріс енгізу ұсынылып отыр. Бұл өзгерістер,  біріншіден, уран өндіру процесін ұзартудың шарттарын реттейді. Екіншіден, игерілетін телімді қосымша зерттеп, қосымша барлауға мүмкіндік береді. Тек бұл жұмыстар уран өндіру кезеңінде және келісімшартта көрсетілген аумақта ғана жүруі керек. Сондай-ақ, кен орнын дайындау жобасына немесе тәжірибелік-өнеркәсіптік жобасына қосымша енгізу арқылы анықталған жаңа шөгінділерді бағалау мүмкіндігі қарастырылған",  дейді депутат.

Кодекстің 173- бабына енгізілетін өзгерту уран өндіруші компаниялардың әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Нақтырақ айтсақ, кен қоры келісімшарт жасалған кездегі мәліметтен 30 пайыз көп екені белгілі болса, кеніш орналасқан өңірдің әлеуметтік-экономикалық жобаларына қолдау көрсету міндеттеледі.

"Сондай-ақ, 173-баптағы уран өндіру мерзімін ұзарту шартына қосымша норма енгізу ұсынылып отыр. Яғни, қосымша зерттеу мен ресурстарды бағалау қорытындысы бойынша уран қоры алғашқы көлемнен 30 пайыз көп екені дәлелденсе, жер қойнауын пайдаланушылар сол өңірде әлеуметтік-экономикалық жобаны жүзеге асыруға міндеттеледі. Өздеріңіз білетіндей, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап Салық кодексі бойынша 1 пайыздық  бонус алынып тасталған болатын. Қазір уран қоры алғашқы көлемнен көп болған жағдайда жер қойнауын пайдаланушы өңірдің әлеуметтік мұқтаждығына бағытталатын төлем өтемейді. Сондықтан біз уран қоры айтарлықтай ұлғайған жағдайда әлеуметтік жауапкершілік жүктеу әділетті деп есептейміз",  деді Ирина Унажакова. 

Депутаттар заң жобасын бірінші оқылымда бірауыздан мақұлдап, екінші оқылымға толықтырып әкелу туралы қаулы қабылдады. 

Есжан Ботақара
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу