Утиль алымды Ресейдің "Байқоңырға" әкелетін ескі зымырандарынан жинау ұсынылды

4489

​Белгілі журналист, "Формула S" бас редакторы Ибраш Нүсіпбаев Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Склярға ашық хат жолдады. Онда ол қызықты, тың бастама көтерді.

Утиль алымды Ресейдің "Байқоңырға" әкелетін ескі зымырандарынан жинау ұсынылды Фото: pinterest.com

Мәселенің мәнісіне тоқталсақ, Ресей оттегі-керосинмен ұшатын жаңа "Ангара-А5" зымырантасығышын Қазақстанға беруден бас тартты.

Оның орнына "Байқоңырдан" ғарышқа ұшыру үшін Қазақстанға улы гептилмен ұшатын, сонау кеңес кезінде, 1961-1967 жылдары әзірленген ескі-құсқы "Протон" зымырантасығыштарын тасып жатыр.

Ресейлік дереккөздердің мәліметінше, 1 "Протонның" құны шамамен 4 миллиард рубль немесе 45 миллион доллар тұрады. Шенеуніктер бірер миллион теңге ғана тұратын машинаны шетелден әкелген қазақстандықтарға қырғидай тиіп, қыспаққа алады. Шынында, нағыз қаражат көзі – зымырантасығыштарда жатыр.  

"Мен Үкіметке ресейлік зымырантасығыштарға қатысты утиль алым енгізуді ұсынамын. Бұл алым "Роскосмостың" "Байқоңыр" ғарыш айлағына таситын технологиялық көнерген зымырантасығыштарынан жиналуға тиіс. Ресейлік ЗТ-лардан алынған утиль алымды қазақстандық ғарыш кемелерінің өндірісіне бағыттау қажет. Бұл Қазақстанды әлемдегі жетекші ғарыш державасына айналдырады. Роман Васильевич, қазақстандық автоөнеркәсіпті дамыту үшін утиль алымды пайдалануда сіздің тәжірибеңіз өте бай. Сондықтан сіздің басшылығыңызбен Қазақстан небәрі 10 жылдан кейін дүниежүзіндегі жетекші ғарыш алпауытына айналып шыға келетініне еш күмәнім жоқ. Қазақстанда жасалған ғарыш кемелерін біз төрткүл дүниенің әр түкпіріне экспорттай аламыз", – деді қоғам белсендісі Ибраш Нүсіпбаев Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Р.Склярға ашық хатында.

Әрине, бұл ұсыныс кекесінге көбірек ұқсайды. Әйтсе де, үндеуді әлеужеліде талқылаған қазақстандықтар авторға бұл бастамасын петиция түрінде жариялауды ұсынды. Сонда 50 мың қол жинаса, заң бойынша Үкімет оны қарауға мәжбүрленуі мүмкін.

Дәл осы кезде утиль алымды мүлдем азайтып тастауды ұсынған қоғам белсендісі Санжар Боқаевтың петициясын қарауға қатысты шенділердің тірлігі жалғасуда. Бастама авторлары оны "көзбояу" атап, өңірлерге сапарларына қатысудан бас тартты.

Айтқандай, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі кеше "Жұмыс тобы петиция бастамашыларынсыз зауыттарды аралауда" деп екпін түсіре тақырып қойып, ақпарат құралдарына таратқан фотоматериалдар утиль алымға қарсылардың айтып жүрген дәйектемелерін айғақтады.

Фотосуреттерде "отандық автозауыттардың" шынында төл өнімін шығармайтыны, контейнерлерге салынып, шашылған күйде әкелінген шетелдік автоөндірушілердің өнімін тек құрастыра салумен шұғылданып жатқаны нақты бейнеленген.

Жұмысшылар жұмыс тобы мүшелерінің көзінше, жатжұрттардан жаңа ғана жеткізілген, көліктің дайын есіктері, шанақ-кузовтары және басқасы салынған ағаш қораптарды ашып жатты.  

Бұл сонда шетелдік автоөндірушілердің өнімдерін бюджеттен субсидиялап, ішкі нарыққа басымдықты ілгерілету емес пе? Петицияны қолдағандардың бұл сауалына шенеуніктер жауап бермей, жалтарады.

"Жұмыс тобы утильалым мәселелері бойынша петицияны қарау үшін 21 маусымында "Daewoo Bus Kazakhstan" және "СемАЗ" ЖШС зауыттарына барды. Бірақ петицияның бастамашылары мен белсенділері топ отырысына келмеді. "Daewoo Bus Kazakhstan" импорттық көлікті жинақ түрінде елге әкеліп, бөлшектер мен тораптарды құрастыруды, дәнекерлеуді және кузовты бояуды қамтитын Қазақстандағы алғашқы толық циклді көлік құрастыру кәсіпорны. Зауыттың өндірістік қуаты жылына 1200 автобусты құрайды. Кәсіпорынның ауданы – 17 205 шаршы метр, оның 10 368 шаршы метрі Оңтүстік Кореяның заманауи технологиясымен жабдықталған құрастыру өндірісі", – деп хабарлады Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі.

"Daewoo Bus Kazakhstan" автомобиль зауыты бас директорының орынбасары Рашид Таиповтың мәліметінше, құрастыру өндірісі бар-жоғы "шанақты және оның элементтерін құрастыру және дәнекерлеу (сварка), бояу кабиналарынан, сондай-ақ дайын өнімдердің қымтаулылығын және стандарттарға сәйкестігін тексеруге арналған соңғы желіден" ғана тұрады.

Жұмыс тобы Ресей мен Қытай машиналарын құрастыратын "СемАЗ" ЖШС-інде болды. Министрліктің дерегінше, бұл ауыл шаруашылық және жүк көлігі техникасын құрастыратын зауыт. Ол "HINO" маркалы жеңіл көліктерді, "УРАЛ" көліктерін, "SHACMAN" және "DONGFENG" жүк көліктерін, "DONGFENG" қалалық автобустары мен "ГАЗельді" жинақ күйінде әкеліп, құрастырады. Оның аясында, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің дерегінше, тек көліктерді құрастыру, дәнекерлеу мен сырлау жүргізіледі.

Ведомствоның ақпаратына жүгінсек, автозауыттарды аралап жүрген жұмыс тобының үлкен бөлігі билік өкілдерінен құралған: құрамы Парламент депутаттарынан, Өнеркәсіп және құрылыс, Экология және табиғи ресурстар, Ауыл шаруашылығы министрліктерінің вице-министрлерінен, Ішкі істер, Мәдениет, Ұлттық экономика, Цифрлық даму министрліктерінің, мемлекеттік "Жасыл Даму" АҚ, "Қазақстанның автокөлік одағының", "Қазақстанның өнеркәсіптік инвесторлар одағының", "Қазақстанның тәуелсіз бизнес одағының" және басқасының өкілдерінен құралған.

Осы орайда әлеуметтік желіде, соның ішінде ТикТокта қазақстандықтар Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр мен Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың отставкасын талап еткен сауалнамалар өткізуде.

Оған жауап берген респонденттердің 98 пайызға дейінгісі отставканы жақтайтынын білдірген. 

Сарапшылардың, қоғам белсенділерінің айтуынша, Қазақстан Үкіметі қуаттап отырған "ірі торапты құрастыру" (крупноузловая сборка) елге зиян. Өйткені шетелдік көлік маркаларын жинақ күйінде әкеліп, оны елде құрастыру – өнімнің күрт қымбаттауына соқтырады.

Адвокат Мейірбек Даубалаев "Қазақстанда құрастырылған" дегеннің көзбояу екеніне өзі де көз жеткізгенін айтады.  

"Үкімет утиль алым арқылы онсыз да қарызға батып, тұрмыстан титықтаған халықтан арсыз түрде алым жинауда. Ол қаржы қазақстандық автоөнеркәсіпті қолдауға бағытталады дейді, бірақ шынында ешқандай "қазақстандық көлік" деген жоқ! Мұны әрбір қазақстандық жақсы біледі. Мысалы, әйеліме "Қазақстанда жасалған" кішкентай Hyundai сатып алдық. Автомобильдің өзінде зауыттық Vin-code жазылған атаутақта-шильдик тұр және сол арқылы халықаралық сайттан көлік туралы ақпарат алуға болады. Ал, одан төменде қазақстандық ВИН-коды бар олпы-солпы атаутақта жабыстырылыпты. Ол коды ВИН-кодтар тексерілетін халықаралық сайтта көрініс таппайды. Халықты бұлай алдауға, қанауға қашан тоқтау болады?", – деп сауал тастады Мейірбек Даубалаев.

Мәжіліс депутаты Бауыржан Смағұлов утиль алымның елге пайда әкеліп тұрғанына күмәнданды. Оның айтуынша, мемлекет "бюджетке ауыртпалық түсірмей, бірқатар қоғамдық қажеттіліктерді қаржыландыруға мүмкіндік береді" деген сылтаумен бюджеттен тыс қорларды қаптатып құрып алды.

Олар бүгінде жалпы мемлекеттік қаражат жүйесінің ажырамас бір буынына айналды.

"Сонымен бірге мұндай қорлардың қызметі заңнамалық деңгейде регламенттелмеген. Соның кесірінен қорлар өз қызметін ашық, айқын жүргізбейді. Бұл халықтың ашынысын туғызады. Мысалы, "Оператор РОП" орнын басқан "Жасыл даму" АҚ-ы 2022 жылы халық пен бизнестен 397 миллиард теңге утильалым жинапты. Соның 260 миллиард теңгесін ғана жұмсаған. Былтырғы 2023 жылы утильалым түрінде 269 миллиард теңге жиналды, "Жасыл даму" соның 137 миллиардын ғана игерген. Ол қаражаттардың нақты қандай жобаларға, зауыттарға бағытталғанын біз, депутаттар да білмейміз. Жаңа "РОП"-тың қызметі ашық емес. Содан қоғам утиль алымның қажетсіздігі туралы байлам жасайды", – деді мәжілісмен Бауыржан Әміржанұлы.

Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр игерілді деген көп миллиардтардың көлік құрастырушы зауыттарға төленгенін жеткізді.

"Депутат айтып отырған, "Жасыл  даму" АҚ жұмсады деген сома – отандық автоөндірушілерге құрастырып, сатқан автомобильдері мен ауыл шаруашылығы техникасы үшін қайтарылған утилизациялық төлемдер. Сондай-ақ 2022‒2023 жылдары утильалымнан жиналған қаражаттан 180 миллиард теңге автокөлікті және ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдікті автокредиттеуге берілді", – деді Р.Скляр.

Яғни, утиль алымның бір бөлігі кредиттерінің пайыздық ставкасының өтемі ретінде банктерге беріліп, банкирлерді байытты.

Бірінші вице-премьердің мәліметіне жүгінсек, қазіргі кезде Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен "Жасыл даму" утильалымнан жиналған мол қаржыға қол салып, одан шамамен 200 миллиард теңге алып қоюды жоспарлап отыр. Олардың бұл ниетін Үкімет қолдады.

Сонша қаражатты Үкіметтің бас экологы Ерлан Нысанбаевтың командасы қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу жобасына шығындамақ.

Еске сала кетсек, бұрынғы үкіметтер отызжылдық ішінде мұндай қоқыс өңдеуші зауыттардың оннан астам жобасын ілгерілетті, утиль алымнан да, бюджеттен де қаржы бағыттады. Олардың бүгінде қайда екенін депутаттар да білмейді.

Р.Скляр бұл салаға жариялылық жетіспейтінін мойындады.

"Келісемін, Экология министрлігі де, "Жасыл даму" да ақпарат құралдарына, қоғамға көбірек ақпарат беруі қажет. Біз бұл бағытта жұмыс істейміз", – деді бірінші вице-премьер.

Утиль алым миллиардтарына қазірден жоспар құрып қойғанына қарағанда, Үкімет кәдеге жарату алымынан бас тартуға ниетті емес көрінеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу