Утильалым: Автокөлік арзандай ма, арзандамай ма?

7786

Жұрттың барлығын осы сұрақ алаңдатып отыр, деп жазады inbusiness.kz.

Утильалым: Автокөлік арзандай ма, арзандамай ма?

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев утилизациялық алымның 2 есе төмендеуі автокөлік бағасының арзандауына ықпал етпейтінін мәлімдеді. Ол өзімізде өндірілген автокөліктен кәдеге жарату алымы алынбайтынын, сәйкесінше утилизациялық алым отандық автокөлік бағасының төмендеуіне әсер етпейтінін алға тартты.

"Баға сол күйінде қалады", – деді министр.

Қайырбек Өскенбаев кәдеге жарату алымының 50%-ға арзандауы шетелде өндірілген автокөліктердің де бағасын төмендетпейтінін айтты.

"Шетелден келетін автокөліктердің бағасы бірден түседі деуге еш негіз көріп тұрған жоқпын. Мысалы, жол талғамайтын қымбат көлік арзандайды деген сөзге сену қиын", – деді ол.

Мамандардың мәлімдеуінше, арзандайтын, арзандамайтын автокөлік бар. Қалай болғанда да утилизациялық алымның 2 есе төмендеуі автодиллерлердің қолданыстағы ережесіне өзгеріс енгізетін сыңайлы.

Ақылбек Анарбаев, Subaru Kazakhstan ЖШС бас директоры:

– Біздің компания доллардың теңгеге шаққандағы бағамы қатты өзгеріске ұшырамаса, утилизациялық алымның жаңа тарифіне сәйкес қозғалтқыш көлемі 2, 5 литрлік Subaru автокөлігін 700 мың теңгеге арзандатуды жоспарлап отыр. Валюта бағамына тәуелді болғандықтан автокөліктің бағасы нарық талабына қарай құбылып отырады. Баға нарық талабы бойынша бекітіледі.

Дархан Айдаулов, Қазақстан автомобиль бизнесі қауымдастығының Стратегиялық даму жөніндегі директоры:

– Кәдеге жарату алымы мөлшерінің өзгеруі отандық автокөлік бағасына әсер етпейді. Өйткені отандық автокөліктен утилизациялық алым алынбайды. Hyundai Trans Kazakhstan зауыты өндіретін Hyundai жеңіл автокөлігі модельдерінің, сондай-ақ Hyundai Trans Almaty зауыты шығаратын Hyundai, МАЗ коммерциялық техникасы мен Golden Dragon жолаушылар техникасының бағасы арзандамайды. Арзандаса, Қазақстанға сырттан келетін автокөліктің бағасы арзандауы мүмкін.

Бізде Toyotа, Nissan, Volkswagen компаниялары сияқты бірқатар дистрибьютор бар. Олардың автокөліктері импорт болып саналады. Бағасы қаншаға түсетінін уақыт көрсетеді.

Бекнұр Несіпбаев, "Астана Моторс" компаниясының бас директоры:

– Алдын ала жасалған болжам бойынша, биыл шамамен 15-17 мың азамат жеңілдетілген автонесие бағдарламасымен темір тұлпар тізгіндеуі мүмкін.

Кәдеге жарату алымының бекітілген жаңа тарифі қолданысқа енгеннен кейін BMW, MINI, Haval, Chery импорттық автокөліктерінің бағасы утильалымның төмендетілген құны көлемінде арзандауы ықтимал. Дегенмен импорттық автокөліктің бағасына доллар бағамы әсер ететінін естен шығармау керек. Автокөлік бағасының арзандауына немесе қымбаттауына тасымал құнының өзгеруі де әсер етеді.

Айбын Асқарұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу