"Яндекс.Такси" клиенттерінің шотынан қызмет ақысын артығымен алып отырған

3371

Мұның себебін ресейлік компания "техникалық себептермен" түсіндіре салды.

"Яндекс.Такси" клиенттерінің шотынан қызмет ақысын артығымен алып отырған Фото: quote.rbc.ru

Ресейлік такси агрегаторының қызметін пайдаланатындар ұлардай шулады. Әлеуметтік желіде олар сервистің жасалмаған сапарлар үшін ақшаны артығымен есептен шығарып әкеткеніне шағымданып жатыр.

Клиенттерінің бірі Instagram парақшасында жариялаған өз шағымында РФ сервисінің ұзақ уақыт, дәлірек айтқанда, 5 сағат бойы оның банк картасынан қаражаттарды өзіне аударып алып жатқанын амалсыз бақылағанын баяндады. Клиент қыз бұл күні такси сервисіне жүгінбеген екен. Шок болған ол агрегатордың техникалық қолдау қызметіне бірнеше рет хабарлап, дабылдатады. "Яндекс" ақыры мұны "ақау-сбой" деп түсіндіріп, кешірім сұрады.

Белгілі болғанындай, "Яндекс.Таксидің" бірнеше жүз клиенті одан сондай қиянат көрген. Азаматтардың бірі банктік есепшотынан "Яндекс.Таксидің" 900 900 теңгедей ақша сыпырып алғанын көріп, естен тана жаздапты. Ресейлік сервис оның бір күнде 315 рет таксиге отырғанын көрсеткен. Яғни, әрбір сапар орта есеппен шамамен 2 860 теңгеге түсті. Шынында, ол адам бұл күні агрегатордың қызметін бір рет қана пайдаланған екен, сервис сол үшін ақыны бірнеше жүз рет шешіп алды.

РБК арнасына түсініктемесінде, "Яндекс.Такси" баспасөз қызметінің өкілдері мұндай масқараның "техникалық себептер бойынша" орын алғанын алға тартты.

"Барлық есептен қате шығарылған қаражаттар толығымен есепшоттарға қайтарылды. Қазіргі кезде сервис штатты режимде жұмыс жасап жатыр. Келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз. Ұқсас оқиға қайталанбауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасаудамыз", – деді компания өкілдері.

Бұл жерде өтемақы туралы ләм-мим демеді. Мысалы, шағымданушылар сол күні картасы бос қалып, не азық-түлік сатып алмай қалғанын, немесе шетелге маңызды аударымды жүзеге асыра алмағанын хабарлады.

Бұл ретте ақшаның шешіп алынып жатқаны туралы sms не басқа хабарлама келмеген. Банкке хабарласып, картаны өз еркімен бұғаттау да көмектеспепті: операцияларды есептеу ары қарай жалғасты.

Жалпы, бұл – ресейлік агрегатордың жалғыз "қиғылығы" емес. 2023 жылдың көктемінде де Қазақстанда, Ресейде және бірнеше елде "Яндекс.Такси" қызметінде кең ауқымды ақау орын алды. Жұмысы қауырт адамдар асығып, "Яндекс Go" қосымшасында таксиге тапсырыс бергісі келгенде, суыт хабарламаға жолықты: "Сервердегі қателік. Біз жағдайды түзетіп жатырмыз. Ошибка на сервере. Мы уже исправляем ситуацию" делінген онда.

"Яндекс" біраз уақыт өткен соң ғана сервис жұмысын қалпына келтіре алды. Сервистегі ақау Қазақстанды, Ресейді, Өзбекстанды, Арменияны, Грузияны қамтығаны әшкереленді.  

Банк қызметкері Денис Карпатов такси сервистеріне, әсіресе, "Яндекс.Таксиге" негізгі банктік картаны байламауға кеңес берді.  Оның орнына шектеулері белгіленген витуалды картаны қолданған жөн. Немесе, мүмкін болса, сапар үшін ақыны қолма-қол ақшамен төлеген абзал. Сонда банктік картаңызға қатысты дербес деректеріңіз ресейлік делдал сервистің дерекқорында бой көрсете бермейді.

Осы орайда негізінен Қазақстанның ірі қалаларынан тыс жерде, ауыл-аймақта жұртшылық агрегаторлардан бас тартуда. Мысалы, оның орнына әр ауыл немесе шағын қала ортақ WhatsApp чатты пайдаланады: көлігі бар тұрғындар сонда аудан-қалаға қатынайтынын ауылдастарына хабарлап, жолаушы жинайды.

Сондай-ақ осы мақсатта әлеуметтік желілерді де іске жаратады. Таксист Қанатбек клиенттерін негізінен осындай "айналма жолдармен" іздеп табатынын айтады. Ол Toyota Alphard минивэнімен қалалар арасында адам тасиды.

Қанатбек Яндекс.Такси, InDriver сияқты агрегаторлардың табысының үлкен көлемін ұстап қалатынын, оның үстіне олар Үкіметпен ынтымақтасып, салық жинайтынын алға тартты. Мессенджерлердегі чаттар, әлеуметтік желілердегі аккаунттар болса, тегін. Соның нәтижесінде, кейбір адамдарға сапар үшін жеңілдік жасай алатын көрінеді.

Мұндай құбылыс тіпті Ресейдің астанасын да жаулай бастапты. "Коммерсант" қазіргі кезде әрбір үшінші мәскеуліктің таксиге агрегаторлардан тыс тапсырыс беретінін жазады.

"Ресейде таксидің сұр нарығы қайтадан танымал бола бастады. Жолаушылар мессенджерлер мен әлеужелілер арқылы барған сайын жиірек такси шақыра бастады. Өйткені бұл анағұрлым тиімді. Таксишілер де біртіндеп, заңды өрісті тастап шығуда. Себебі, өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың кәсібін заңдастырып, олардан агрегаторлар арқылы алым-салық жинауды жолға қойған бір жыл бұрынғы жаңа заң таксишілерді үркітті. Бұған қоса, оларға сервистердің қымбаттаған комиссиясы да ұнамайды", – деп жазады басылым.

"Цифрлық платформалар" бас директоры Арсений Щельцин қалыптасқан ахуалды "алаңдатарлық" деп атады.

"Интернет пен мессенджерлердегі таксидің сұр нарығы бұдан бес жыл бұрын ешкім елестете алмаған ауқымға жетті. Солардың көмегімен тапсырыс берген клиенттеріне жеңілдік ұсыну арқылы таксишілер де сұр нарықтың артуына, танымал болуына ықпал етеді. Нәтижесінде, такси іздеуге септесетін қоғамдастықтар саны бірнеше есе өсіп шыға келді. Бүгінде Телеграмда заңсыз агрегатор-каналдар пайда болды. Олардың өрістегені сонша, енді өз жүргізушілерінен азын-аулақ болса да төл комиссиясын жинай бастады", – деді Щельцин.

Осы орайда "Москва FM" радиостанциясы ресейліктер арасында сауалнама жүргізді. Оның қорытындысына сәйкес, қалалықтардың 71%-ы ресми агрегаторлардан бас тартпады. Дегенмен, әрбір үшінші қалалық (29%) ақысы арзандау болғандықтан, таксиге тапсырысты әлеужелі арқылы беруге көшіпті.

Сұр нарықтың қызметін тұтынушылар қатарының еселеп өсуіне сапарлардың қауіпсіздігіне қатысты сенімсіздік қана тежеу: қандай таксишінің келетіні белгісіз. Көлік жүргізушісі туралы пікірлерді тауып оқып шығуға уақыт болмауы мүмкін. Агрегаторларда ең құрыса, рейтинг пен азды-кем бақылау бар.

Бірақ агрегаторлардағы таксишілердің де алдауы жиілегеніне қазақстандықтар шағымдана бастады. Таксисттер сервиске бір көлігінің мемлекеттік нөмірлік белгісін тіркеп қояды, шақыруға басқа көлік келеді. Оның нөмірі ресейлік, шетелдік болып шығады. Немесе сапарды аяқтамай, жолай, алыстан тастап кетеді.

Адам өлтірген, клиентін тонаған таксишілердің агрегатор арқылы шақырылғанына қатысты бірнеше факті әшкереленді. Ендеше бұл тұрғыда да қауіпсіздік деңгейі төмендегенге ұқсайды.

Халықтың тұрмысы құлдыраған сайын азаматтар үшін сапардың құны – басты шарт-критерийге айнала бермек. Бұл өрісте агрегаторлар әлеуметтік желілерге оңбай ұтылуы мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу