Жалақыдан жаналқымға дейін

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
21397

Қысылғанда қиындықсыз қарыз беретін шағын несие ұйымдары қоңыр тұрмысты қара халықты қанап отыр.

Жалақыдан жаналқымға дейін Фото: 7kun.kz

Майшелпек мекемелер

Қазір қала атаулының қай бұрышына барсаң да, шағын несие ұйымдарының әлем-жәлем жарнамасынан көз сүрінеді. Ғаламторың да сол. Қарыз үлестіретін майшелпек мекемелердің жарнамасына тұнып тұр. Себебі, тамыр-танысың мен туған-туысың қарызға бере алмайтын қаржыны әп сәтте-ақ қолға ұстата салатын шағын несие ұйымдарының қызметіне тұрғындар тарапынан сұраныс жоғары.

Қазақстан аумағында 2 мыңдай шағын несие ұйымы бар екен. Бұл 2017 жылдың маусымындағы дерек. Мұншама көп ұйымның тек 200-ден астамы (!) ғана Ұлттық банкке тіркелген.

2014 жылы елімізде шағын несие ұйымдары туралы заң қабылданды. Құжат 2015 жылы күшіне енді. Бұған дейін қаржы нарығындағы шағын несие ұйымдарын ешқандай мекеме есепке алған емес. Тиісінше, олардың жұмысын бақылайтын да ешкім болған жоқ.

"Шағын несие ұйымдары бөлек бір құқықтық алаңда жұмыс істеп келді. Сондықтан олар ойларына келгенін істеп бақты. Бірақ, мұндай мекемелердің бәрі Ұлттық банкке тіркеліп, "Шағын қаржы ұйымы" деген мәртебені алуы қажет. Ал тиісті құжатсыз ұйымдардың қаржы нарығында төбе көрсетуіне жол жоқ", – деген болатын былтыр Ұлттық банктің төрағасы Данияр Ақышев.

Қаржылық реттеуші құқық қорғау органдарымен бірлесіп, шағын несие ұйымдарының жұмысын қадағалайды. Осының нәтижесінде бір жарым жыл ішінде заңсыз әрекет етіп келген несие ұйымдарының саны бірнеше есеге қысқарған. "Көлеңкеде" жүрген ұйымдардың қатары әлі де азаяр емес. Өкініштісі, мұндай мекемелердің қаржы нарығындағы қызметін алаңсыз жалғастыруына тұрғындардың өзі қолұшын созып отыр. Өйткені, ел халқы қарыздың пайыздық мөлшерлемесінің көптігіне көз жұма қарап, шағын несие ұйымдарының қызметіне жүгінуін жалғастыруда.

Жылына 730 пайыз!

"Жалақыға дейін" деп жарнамасын қатырып, айласын жұрттан асырып жүрген шағын несие ұйымдарынан қарыз алу көрші үйден сүт сұрап келгеннен жеңіл-ақ. Қаржы ұйымының табалдырығын тоздырмай, ақшаға интернет арқылы қол жеткізе салу былай тұрсын, қарызды үйіңе жеткізіп беретін ұйымдар да баршылық. Бұл бір.

Екіншіден, мұндай ұйымдар кепілдік талап етпейді.

Үшіншіден, жұмыс орнынан, халыққа қызмет көрсету орталықтарынан анықтама қажет емес. Жеке басты куәландыратын құжат болса жеткілікті. Басы артық шаруадан қашатын, оның үстіне қаржылық тұрғыдан қиналып отырған жан шағын несие орталықтарына бармағанда қайтсін. Бірақ, қарыздың пайыздық мөлшерлемесі тым жоғары. Көпшілік осыны ескере бермейді.

Мәселен, 30 мың теңге алсаңыз, 10 күн ішінде 36 мың теңге етіп қайтарасыз. Яғни, күніне 2%-дан қосылады. Ал жылдық мөлшерлеме – 730% (!). Қазақстанның заңына сәйкес, несиелер бойынша ең жоғары жылдық пайыздық мөлшерлеме – 56%. Яғни, кез-келген несиенің жылдық мөлшерлемесі 56%-дан аспауы керек. Ал шағын несие ұйымдарының мөлшерлемесі дәл осы көрсеткіштен 13 есе артық (!). Осыны көріп-біле тұра, реттеушілер мен бақылаушы органдардың үнсіз отырғаны өкінішті.

"Шағын несие ұйымдарының жарнамасын жиі кездестіремін. Меніңше, бұл – халықтың кедейленуінің бір белгісі. Жазылмаған ережеге сүйенсек, дағдарыс кезінде өсімқорлардың, ломбардтар мен букмекерлік кеңселердің жұмысы алға басады. Сондықтан, Астананың қақ ортасынан, айталық Мәңгілік ел даңғылының бойындағы Министрліктер үйінің қарсысына онлайн несие алу туралы бильборд іленетін болса, таң қалмаймын. Ал "Биткоинды қалай сатып алуға болады" деген жарнама қазірдің өзінде ілулі тұр. Былтыр қаржылық жағдайы мәз емес жарты миллионға жуық қазақстандық жоғары мөлшерлемемен онлайн несие рәсімдеп, жағдайларын мүлдем төмендетіп алған екен. Демек, халық арасында наразылыққа бейім бір топ өсіп келеді. Себебі, несие алуға қабілетті болмау адамды одан әрі кедейлендіре түседі. Сондықтан мен үшін бұл – "улы" бизнес. Ал тұтынушылардың құқығын қорғау мекемесі болса, қалың ұйқыда жатыр. Жалпы мұндай ұйымдарды бақылау кімнің құзырында?", – дейді экономист, "Талап" қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рақым Ошақбаев.

Шағын несие ұйымдары 110 млрд теңге несие берген

Қазақстанның Бірінші несие бюросының мәліметтеріне сүйенсек, 2018 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша шағын қаржы ұйымдарының жеке тұлғаларға несие беруі 71%-ға өскен. Осылайша, 2017 жылы несие ұйымдары жеке тұлғаларға 110 млрд теңгеден астам несие берген екен. Бұл – жалпы несие көлемінің 5%-ы. Еске сала кетейік, 2017 жылы жеке тұлғаларға берілген несие қоржыны 5 трлн теңгеден асты.

Бірінші несие бюросының дерегінше, 2017 жылы бизнес саласына, яғни заңды тұлғаларға, оның ішінде жеке кәсіпкерлерге 9,2 трлн теңгеден астам несие беріліпті. Оның шамамен 90%-ы – банктік секторға, қалған 10%-ы шағын қаржы ұйымдары мен басқа да қаржылық мекемелерге тиесілі.

2018 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша несие берешегінің негізгі бөлігін (49,7%) 2016 жылмен салыстырғанда шамамен 1%-ға төмендесе де, тұтынушылық мақсатқа кепілсіз алынған несиелер құрап отыр. Біз сөз етіп отырған шағын қаржы ұйымдарының үлесі де осының ішінде.

Нені болмасын іргеміздегі Ресеймен салыстыратын әдетіміз ғой. Көрші елдің ақпарат құралдары таратқан мәліметтерге сүйенсек, Ресейдің Орталық банкі шағын несие ұйымдарының жұмысын реттеуді бұрынғыдан да қатаңдатпақ. Бұл ретте, көрші елдің қаржылық реттеушісі қарыздың бір күндік пайыздық мөлшерлемесін 1,5%-дан асырмауды жоспарлауда. Ал 2019 жылы аталған мөлшерлеме 1%-ға дейін төмендейді деп күтілуде.

РФ Орталық банкі шағын қаржы нарығы департаментінің директоры Илья Кочетковтың сөзінше, заңға өзгеріс енгізу жоспарлануда. Заң жобасына сәйкес, 10 мың рубль көлеміне дейінгі қарыз 15 күннен артық мерзімге берілмейтін болады. Сондай-ақ, мұндай қарыздың сомасын ұлғайтуға һәм ұзартуға болмайды. 10 мың рубльге төленетін өсімақы пайыздар мен айыппұлдардың бәрін есептегенде 3 мың рубльден аспауы керек. Осылайша, Орталық банк шағын несие ұйымдары нарығын бір тазартып алмақ ниетте.

Банкке керексіз боп қалған жаман

Бір ағамыз: "Қазір туған-туысқа емес, банкке керексіз боп қалған жаман. Қысылғанда қаржылай көмек беруге ағайының қиналса да, іргеңдегі банк бетіңнен қақпайды" деген екен. Бірақ, жөні осы екен деп қарызға белшеден батқаннан табар берекеміз шамалы. Ендеше қаржыға да, қарызға да мұқият болайық!

Фархат Әміренов 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу