"Жаңа Қазақстан" салық жүгін жаппай арттыруға ниетті

3836

Орта, тіпті шағын бизнеске жататын көптеген компанияға енді Үкіметке қосылған құн салығын төлеуге тура келуі мүмкін.

"Жаңа Қазақстан" салық жүгін жаппай арттыруға ниетті

Әлемдегі геосаяси ахуалдың ары қарай нашарлауы, ұлттық экономика өсімінің баяулап, кері кетуі, мұнай бағасының төмендеуі, тоқтаусыз жауған ақ жауын салдарынан биылғы бидайдың үлкен бөлігінің рәсуа болуы және басқа факторлар Қазақстан алдында тұрған сын-қатерлер тізбегін шет-шегі жоқ ұзынсонар кезекке айналдырып жібергендей.

Үкімет солардың ең құрығанда ауқымды бөлігін еңсере алмаса, Қазақстан экономикасы рецессия құрдымына құлайды, теңге ары қарай құнсызданады, инфляция шарықтап, баға қымбаттайды. Салдарынан халықтың әл-ауқаты одан әрі құлдырауы ықтимал. Сарапшылар мемлекеттік бюджетті толтыру мұң болуы мүмкін екенін ескертті.

Осы орайда 1 қыркүйектегі жаңа жолдауында Президент Қ.Тоқаев жауырды жаба тоқымай, шындықтың ащысын айтты. Үкіметтің міндеті – бюджет жұтамауы үшін салықты көбірек жинау болатынын меңзеді.

Тоқаевтың айтуынша, жиналмаған салық – салынбай қалған ауруханалар, мектептер мен жолдар. Сондықтан отандық бизнес, әсіресе ірі кәсіпорындар салықтық жеңілдіктер мен преференциялардан айрыла бастайды. Себебі Үкіметке "салық жеңілдігін сын көзбен зерделеп, оның көлемін кем дегенде 20 пайызға қысқарту" жүктелді.

Бюджеттік саясатқа жауапты Ұлттық экономика министрлігі әлекедей жаланып, алақанын ысқылап, әзір отырған көрінеді. Ылдым-жылдым Салық кодексіне түзетулердің үлкен топтамасын дайын етіп тастады.

Ведомство "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" кодексінің (Салық кодексінің) жобасын жазып, дереу қоғамдық талқылауға шығарды. Құжат бизнестің салық жүктемесін ауырлатуға, бірқатар салық түрлерін төлейтін кәсіпкерлер қатарын күрт кеңейтуге бағытталған.

Мемлекеттің бас экономисінің ұстанымын Президент кеше сырттай қолдады. 12 қыркүйек күні, былтырғы қанды қаңтар оқиғаларынан бері екінші рет отандық бизнес өкілдерімен жеке кездескен Қасым-Жомарт Тоқаев салық мәселесіне ерекше тоқталды. Мемлекет басшысы Үкіметке "жаңа Салық кодексінде салықтан жалтаруға қарсы іс-қимылдың тиімді механизмін қарастыруды" тапсырды.

"Еліміздегі бүкіл салықтың 80%-ын небары 260-қа жуық компания төлейді. Бұл теңгерімсіздікті басқа салық төлеушілердің салықтық түсімін арттыру арқылы түзеу керек. Сарапшылардың бағалауынша, елімізде жұмыспен қамтылған жалпы халықтың төрт миллионы табысынан салық төлемейді. Жеңілдетілген салық режимі енгізілгеніне қарамастан, микро және шағын бизнес субъектілері ақша айналымын жасырады және азайтып көрсетеді. Бизнес субъектілерінің 70 пайызға жуығы жеңілдетілген декларацияда 5 миллионнан аз табыс көрсетіп, осы режим аясында түсімдердің  6 пайызын ғана төлейді. Сондықтан салық процедураларын жеңілдетіп, халықпен және бизнеспен тиімді қарым-қатынас жасау арқылы белсенді салық төлеушілерді көбейту жаңа салық саясатының негізгі мақсаттарының бірі болуға тиіс", – деп қадап айтты Қ.Тоқаев.

Сонда ең бастысы, қандай салықты төлеушілер қатары арттырылмақ?

Қосылған құн салығы көңіл көншітпейді

Салық кодексінің жаңа жобасында ең алдымен, қосылған құн салығы (ҚҚС) бойынша есепке қоюға арналған ставка мен "шекті" (табалдырықты) қайта қарау ұсынылып отыр.

Бірінші ставкасына тоқталсақ. Ұлттық экономика министрлігі еліміздегі осы салықтың көлемі тым аз деген ұстанымда.

"Қазақстандағы ҚҚС мөлшерлемесі әлемдегі ең төмен ставкалардың бірі болып табылады және ол – 12% ғана. Салыстырсақ, көрші Ресейде, Беларусте, Арменияда 20% қосылған құн салығы жиналады. Ал ЭЫДҰ-ға мүше дамыған елдерде – 27%-ға дейін жетеді. Оның үстіне Қазақстанда салықтың жиналуы да төмен деңгейде", – деді министрлік сарапшылары.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстанда ҚҚС ставкасы 28% болды.

"Жылдар өткен сайын ол мөлшерлеме біртіндеп төмендеді. Ақыры 12%-ға жетті. Мемлекет экономикадағы тауарлардың, жұмыстардың, қызметтердің "көлеңкелі" айналымын қысқарту үшін соған барды. Көлеңкелі экономика кемісе, салық жинау деңгейі артады деп сенді. Ал әлемдік тәжірибе басқа жолмен кетті: тек әлеуметтік маңызы бар және "сезімтал" тауарлар үшін сараланған, дифференциялды ставкалар қолданылады", – деп түсіндірді ведомство.

Екіншіден, елімізде компаниялардың бәрі бірдей қосылған құн салығын төлемейді. Заңмен бекітілген жоғарғы шек, табалдырық бар, табысының ауқымы содан асса ғана, "ҚҚС төлеуші" ретінде есепке қойылады. Ол тізімге кірмеу үшін кәсіпкерлер өз бизнесін бірнеше компанияға бөлшектейді. Салдарынан, мысалы, бір супермаркетке бірнеше фирма бөлек-бөлек иелік ететін және есеп тапсыратын парадоксты жағдай қалыптасуда.

Президенттің "микро және шағын бизнес субъектілері ақша айналымын жасырады және азайтып көрсетеді", "Жеңілдетілген салық режимінде қалу үшін бизнес субъектілерінің 70 пайызға жуығы 5 миллионнан аз табыс көрсетеді" деуінің мәнісі осында.

Сарапшылардың түсіндіруінше, Қазақстанда 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап, табысы 20 мың АЕК-тен немесе 153,1 мың доллардан асса ғана, ҚҚС төлеуші ретінде тіркеуге қойылады. Бұл шек посткеңестік елдермен де, ЭЫДҰ елдерімен де салыстырғанда тым жоғары екен.

Бұдан бөлек, тіпті осы шектен асып түскендер де осы салықты төлеуден заңды жолмен құтыла алады. Ол үшін бизнес нысаны біріншіден, салық салудың оңайлатылған нысанында жұмыс істейтін жеке кәсіпкер (ИП) болып тіркелуі керек. Екіншіден, ол ҮКИЖ (үш компонентті интеграцияланған жүйе, орысша нұсқасында – ТИС, яғни трехкомпонентная интегрированная система) бағдарламалық өнімін пайдалануы қажет. Осы жағдайда ҚҚС бойынша тіркеуге қою кезінде мұндай салық төлеушілердің 380 миллион теңгеге немесе 874 мың долларға дейінгі қолма-қол ақшасыз айналымы есепке алынбайтын көрінеді. Тиісінше, олардың жоғарғы шегі тіптен жоғарылай түседі.

Сондықтан ҚҚС төлеушілерге арналған "жоғарғы меже" төмендетілуі, ал осы салықтың көлемі керісінше, ұлғайтылуы мүмкін.

Корпоративтік табыс салығы өзгеріске ұшырамақ

Қазақстанда заңды тұлғалардың табысына салық салудың "тақтайдай түзу" жайпақ, жазық шкаласы қолданылады. Яғни, барлығы дерлік теңестіріліп, бірдей салық төлейлі.

Атап айтқанда, корпоративтік табыс салығының (КТС) жалпы ставкасы – 20% болып табылады. Тек ауылды қолдау мақсатында отандық тауар өндірушілерден өзі өндіретін ауыл шаруашылығы өнімдерін сатудан түсірген кірісінен тек 10% КСТ төлеуіне рұқсат етіледі.

Осылайша, экономика салаларына байланысты салық ставкаларын ажырату, саралау жоқ. Көрші-қолаңға тауарын өткізетін шағын азық-түлік дүкені жүздеген миллиард қаржыға кенелетін банктермен, букмекерлік кеңселермен, мұнайшылармен бірдей КТС төлейді. Экономика министрі Әлібек Қуантыровтың командасы мұны әділетсіздік санайды.

"Себебі, экономиканың кейбір сегменттерінің, мысалы, қаржы секторының, ойын бизнесінің, жер қойнауын пайдаланушылардың табысы, рентабельділігі анағұрлым жоғары. Оның үстіне, Қазақстандағы КТС-тің 20% ставкасы да басқа елдердің мөлшерлемелерімен салыстырғанда, әлдеқайда төмен болып отыр. Бұған қоса, елімізде КТС-тің тиімді ставкасы соңғы жылдары 2,9%-дан 3,8%-ға дейінгі аралықты құрады. Ал бұл өте төмен көрсеткіш. Бұлай құлдырауына не себеп? Негізгі себептерінің бірі – қаптаған салықтық жеңілдіктер. Оларды арнайы экономикалық аймақтар, Астана хаб технопаркінің қатысушылары, қызметтің жекелеген түрлерін жүзеге асырушылар, атап айтқанда, лизинг, инвестициялық келісімшарттар мен контрактілер бойынша экономиканың басым секторлары ретінде танылғандар, білім беру, медицина және тағы басқа секторлар пайдаланады", – деп түсініктеме берді Ұлттық экономика министрлігі.

ЖТС "салтанат салығы" рөлін атқаруы мүмкін

Бес саусақ бірдей емес. "Әділетті Қазақстан" коммунизм құрмақ болған Кеңес одағы сияқты барлық адамды ауқаты жөнінен теңестіруді мұрат етіп отырған жоқ. Бірақ азын-аулақ жалақысына күн көріп отырған қазақстандықтардың қоймасында шытырлаған ақша толы қораптарын сиғызуға орын таппаған олигархтармен тең көлемде жеке табыс салығын төлегені нағыз әділетсіздік саналады.

Жаңа Салық кодексі жобасын әзірлеу аясында Үкімет жеке табыс салығын да саралауды қарастырып көреді. Сонда ол Тоқаев бастамашы болған "салтанат салығын" алмастыра алады.

"Қазақстанда жеке табыс салығы (ЖТС) табыс мөлшеріне қарамастан, бәріне ортақ "жазық шкала" ставкасымен жиналады. Мұндай салық салу "әлеуметтік әділетсіздікке" соқтырады. Өйткені шамадан тыс артық табыс табатын жеке тұлғалар табысы төмен адамдармен бірдей салық жүктемесіне ие. Ал "прогрессивті шкала" мұндай әділетсіздікті жоюға, сондай-ақ табысы төмен халық үшін салық жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді", – деп түсіндірді экономика министрлігі.

Оның сарапшылары Қазақстанда 2006 жылға дейін прогрессивті шкала қолданылғанын еске салды. Сол кезде ол 4 сатылы болатын. Нақтыласақ, әр адамның табысына қарай 5%, 10%, 15% және 20% жеке табыс салығы салынатын. 2007 жылы бірінші Президенттің тапсырмасымен Үкімет прогрессивті шкаланы жойып, орнына барлығына бірдей қолданылатын 10 пайыздық мөлшерлемеге көшті. Бұған себеп ретінде "жоғары салық төлемеу, еңбекақы қорына түсетін жүктемені азайту үшін жұмыс берушілердің өз жұмысшыларына жалақысын конверттерде беруге жаппай бой ұруы" аталды.

Экономистер мен қаржыгерлер прогрессивті ставкаға оралудың орындылығын көптен айтып келеді. Үкімет жалақыны конвертпен төлеу қайтадан белең ала ма деп қауіптеніп, одан ат-тонын ала қашумен болған. Сарапшылардың айтуынша, табыстарды жаппай декларациялау енгізілген соң, жалақы төлеу көлеңкеге кетеді деп қорықпауға болады. Әр адамның табысы мен шығысын құзырлы органдар салыстыра, қадағалай алады.

Бизнес-омбудсмен Рустам Жүрсіновтің пікірінше, прогрессивті шкала кәсіпкерлердің еңбекақы төлеу қорына қосымша салмақ түсірмегені жөн. Оны жалдамалы жұмысшылардың еңбек табыстарына қолдану керек. Егер жеке кәсіпкерлердің табысына, немесе қандай да бір жеке мүліктік табыстарға ЖТС-тің прогрессивті шкаласы қолданылса, онда бұл көлеңкелі экономиканың қайта өршуіне соқтыруы ықтимал. Мысалы, тұрғын үйді сатып алып, бір жылға жеткізбей сатқандардан 10 пайыз ЖТС жиналады. Егер қымбат пәтер, коттедждерге салынатын осы салық 20 пайызға, екі есе көтерілсе, онда қазақстандықтар баспанасының сатқан құнын арзан етіп көрсетудің схемаларын іздей бастайды.

Экономистер Үкіметке ең төменгі жалақы (ЕТЖ: 2023 жылы 70 мың, 2024 жылы 85 мың теңге) алатын адамдарды ЖТС салығынан мүлдем босатуды, 500 мың теңгеге дейінгі табыстарға 5% ставка белгілеуді ұсынып отыр. Бұлардан қағылған салықтық түсімдерді шалқыған байлардан алынатын жоғары, мол салық арқылы еселеп өтеуге болады. Бірақ соңғы сөз Үкімет пен Парламентте.

Әлемде  "жазық шкаланы" 30 ел ғана қолданады. Дамыған елдердің бәрі прогрессивті шкаланы пайдаланады. Оның әділетті болатыны сол, елден мол табыс тауып жүрген тұлғалар елдің дамуына да көбірек үлес қосуға міндеттеледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу