"Жаңа Қазақстанның" Үкіметі Ұлттық қорсыз қалуы мүмкін

11643

Мемлекетке болашақта шын мәнінде мұнай қаражатынсыз өмір сүруге тура келмек, "мұнай қорының" қаражаты тек Президент тапсырмасымен ғана бөлінетін болады.

"Жаңа Қазақстанның" Үкіметі Ұлттық қорсыз қалуы мүмкін

"2017 жылы Қазақстанның Ұлттық қоры 121 миллиард долларға жетеді", – деп мәлімдеді 2014 жылғы 24 қазанда Сенат депутаттарына сол кездегі Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Марат Құсайынов.

Жаңа бюджеттік саясатты түсіндірген ол Үкіметтің Ұлттық қор қаражаттарын шығындауды күрт шектейтінін хабарлады. Сонда сенаторлар бұған қуанып, тамсанып, қол соғып тараған. Енді оның бәрі "ертегі" болғаны қазір белгілі болуда.

Ресми мәлімет бойынша 2021 жылдың қорытындысында Ұлттық қорда небәрі 55 миллиард доллар ғана қалған. Енді Министрлер кабинеті 100 миллиард долларлық межені бағындыруды көп кейінге, 2030 жылға қалдырды.

Ұлттық қорды басқарудың жаңа моделі енгізілуде

Қызметінен кетердің алдында "Коммерсантъ" газетіне сұхбат берген Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің экс-басшысы Қайрат Келімбетов Қазақстан Ұлттық қордың қаражатын жинақтаудың жаңа қағидаларына көшетінін хабарлады. 

"Бүгінде Қазақстанның мұнайлық емес дефициті 10,5%, біз оны 2030 жылға қарай екі есе, 5%-ға дейін төмендеткіміз келеді. Бұған қоса, біз Ұлттық қордың активтерін қазіргі 55 млрд доллардан 2030 жылға қарай 100 миллиард долларға дейін арттыруды жоспарлап отырмыз. Бұл үшін не істеу қажет? ҰҚ қаражатын пайдаланудың "проциклдік" тәсілінен "контрциклдік" тәсіліне ауысу керек. Қарапайым тілмен айтқанда, бірінші тәсіл бойынша қор қазынасын жақсы жылдары да жұмсаймыз, нашар жылдары тіптен қарқынды шығындаймыз. Ал контрциклдік бюджеттік қағида қарапайым: мұнайдың кесімді бағасы мысалы, 1 баррелі үшін 40 доллар деп белгіленеді. Соның негізінде қордан кепілдендірілген трансферт алынады. Яғни қордан алатынымыз қорға түсетін түсімнен асып кетпеуі керек. Бұған дейін көп асып кетіп жүрді", – деді Қ. Келімбетов.

Ұлттық қорды басқарудың жаңа тұжырымдамасы биліктен батылдықты талап етеді. Бұған дейін консервативті модель пайдаланылатын активтің көбі облигацияларға, аз көлемі – акцияларға салынатын. Облигацияның жылдық табысы нақты бекітілген, ал акциялар құны нарықта үнемі құбылумен, өсумен не құлдыраумен болады. Жаңа модельде керісінше, акцияларға көбірек, ал облигацияларға азырақ қаржы салынбақ. Бұл Норвегияның "мұнайлық қорының" тез қарқынмен баюына мүмкіндік берген тәсіл.

Норвегияның "Мемлекеттік зейнетақы қорының" (бұрынғы атауы – мұнай қоры) активінің көлемі 2021 жыл қорытындысында 1,3 триллион долларға жетті. Яғни бүкіл әлемдік қор нарығының 1,5%-ы – жалғыз соған тиесілі. Қазақстанның Ұлттық қоры үшін 2030 жылға дейін арман болған 100 миллиардты ($112 млрд) норвегиялық қор 2021 жылдың І жартысында (!) тапты.

Жаңа модельдің жаңашылдықтары қандай?

Ұлттық экономика министрлігінің түсіндіруінше, Үкімет Ұлттық қордан екі жолмен – "кепілдендірілген трансферт" және "нысаналы трансферттер" түрінде ақша алып келген. Жаңа жағдайда осы екі арна біршама тартылмақ.

"2023 жылдан бастап кепілдендірілген трансферт көлемі мұнайдың "кесімді бағасына" қарай мұнай секторынан Ұлттық қорға түсетін түсімдердің көлемінен аспайтын мөлшерде ғана айқындалатын болады. Бұл бюджеттік қағида ҰҚ активтерін одан әрі жинақтауға бағытталады және мұнайлық емес тапшылықты азайтады. Егер мұнай бағасы кесімді бағадан жоғары болса, онда бюджетке түсетін түсімдер ұлғаяды, мұндай кезеңдерде кепілдендірілген трансферттің мөлшері де төмендейтін болады", – деп түсіндірді экономика ведомствосы.

2024 жылдан бастап, кепілдендірілген трансферт көлемі 2 трлн теңгемен шектеледі.

Ал нысаналы трансферттер ше? Оны қазірге дейін Үкімет "экономиканың құлдырауы кезеңдеріндегі дағдарысқа қарсы бағдарламаларды, ұлттық ауқымдағы әлеуметтік маңызы бар жобаларды, стратегиялық маңызды инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру" үшін пайдаланып келді. Мысалы, дағдарысқа қарсы шараларды (антикризистік бағдарламаларды), пандемиямен күресті қаржыландырды.

Енді ҰҚ-дан нысаналы трансферттер тек Президент тапсырмасы бойынша ғана бөлінетін болады.

Жаңа модельде Ұлттық қордан нысаналы трансферттер алу есебінен мемлекеттің ағымдағы шығыстарын қаржыландыруға, ірі жобаларды тең қаржыландыруға тыйым салынады.

Ұлттық қор қаражатын кез келген басқа шараларға, соның ішінде қазақстандық эмитенттердің ішкі қаржы құралдарына инвестициялауға тыйым салынады. Әйтпесе, бұрынғы жылдары Ұлттық қор қаржысына банкроттық жағдайдағы банктер сатып алынғаны мәлім. Жетекші банктерге 1 триллион теңгеге жуық көмек қарды да осы қордан аударылды.

Ұлттық экономика министрлігі қорға қатысты жеке құжатты қабылдауды ұсынып отыр. Ел Президентінің Жарлығымен бекітілетін "Ұлттық қордың активтерін басқару тұжырымдамасы" әзірленбек. ҰҚ тұжырымдамасының барлық ережелері, жаңа өзгерістер, сондай-ақ ҰҚ басқару жөніндегі кеңестің функциялары сонда көрініс табады деп күтілуде.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу