Жаңа зейнеткерлердің зейнетақысы аз болып шығуда

7750

Жүктемесі артқан қазақстандық зейнетақы жүйесі түбегейлі реформаны қажет етеді. 

Жаңа зейнеткерлердің зейнетақысы аз болып шығуда Фото: inbusiness.kz

Қазіргі кезде, 2022 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша Қазақстанда 2 млн 268 мың зейнеткер бар. Салыстырсақ, 2021 жылғы 1 желтоқсанда бейнетінің зейнетін көріп жатқан адамдардың саны 2 млн 233 мың болған. Яғни, бір жылдай уақыт ішінде зейнеткерлер сапы сонша көп өскен жоқ. Соңғы бірнеше жылдағы ахуал осындай: 2020 жылғы қарашада 2 млн 221 мың адам ғана зейнетақы алған, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. 

Себебі, зейнеткер санының қалыпты өсуіне бұрынғы билік тұсындағы кесірлі реформа тосқауыл қойғаны мәлім. Қазақстанда бұрындары әйелдер 58 жасқа жеткенде зейнетақыға қол жеткізетін. Бірақ бұрынғы Президент пен Үкімет "Зейнетақымен қамсыздандыру туралы" заңына бастамашы болып, 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап, әйелдер үшін зейнеткерлікке шығу жасы жыл сайын 6 айға көтеріліп отырды. Нәтижесінде, нәзік болмыс иелерінің зейнет жасы 2018 жылғы 1 қаңтарда – 58,5, 2019 жылы – 59, 2020 жылы – 59,5, 2021 жылы – 60, ал 2022 жылғы 1 қаңтарда – 60,5 жасқа жеткізілді. Бұл қарқын жалғасқанда, 2027 жылғы 1 қаңтарда әйелдердің зейнетке шығу жасы ерлермен теңесіп, 63 жасқа жететін еді. Дегенмен, абырой болғанда, аналардың зары мен талабына құлақ асқан Президент Қасым-ЖомартТоқаев әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасын 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде қалдырды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми зерттеу институтының бас директорының орынбасары Әлімжан Бекмағамбетовтың мәліметінше, 2018 жылы зейнет жасын көтере бастағалы, яғни 5 жыл ішінде 300 мың әйел ғана зейнеткерлікке шыға алған.

Қаншасының осыған жете алмай, өмірден өткені белгісіз. Бұған дейін Atameken Business хабарлағандай, енді зейнеткерлік жасы төмендеген соң бұл лек күрт артады. Статистика бойынша жыл сайын шамамен 100 мың әйел 61 жасқа жетеді. Президент тапсырмасымен және таяуда Парламент құптаған "Кейбір заңнамалық актілерге мемлекеттік жастар саясаты мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасына сәйкес, зейнеткерлік жас 2 жылға азайтылатындықтан, алдағы 2023 жылы 300 мың әйел зейнеткерлікке шықпақ: 100 мыңы ескі заң бойынша 63 жасқа толып, шығатындар, тағы 200 мыңдайы – бұрынғы заң салдарынан шыға алмаған, бірақ жаңа заңның арқасында зейнеткер санатына қосылатын 61 және 62 жастағы әйелдер.

Бұл бюджетке жарты триллион теңгеге түсуі де мүмкін.

Еңбек министрлігінің дерегінше, қазірдің өзінде, 2022 жылдың 10 айында қазақстандықтарға 2,4 триллион теңгеден астам сомаға зейнетақы төленген. 2022 жылғы қазанда, яғни бір ғана айда республикалық бюджеттен зейнетақы төлемдеріне 245,1 млрд теңге шығындалды.

Сондықтан сарапшылар егер салада түбегейлі, жан-жақты шаралар қабылданбаса, алда зейнетке шығатын адамдардың алатыны күрт азайып қалатынын ескертеді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова да айтқан болатын.

Оның үстіне атауында жастар ұғымы бар әлгі заң жобасына сәйкес, жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналарын (ЖМЗЖ) енгізу 2024 жылға шегерілді. Әйтпесе, Үкімет өз қызметкерлерінің болашақ зейнетақысына ай сайын 5% өз жарнасын қосып отыруға жұмыс берушілерді 2023 жылдан бастап міндеттемек болған. Депутаттардың дәйектеуінше, бүгінгідей дағдарыс өршіген қиын заманда ЖМЗЖ енгізілсе, компаниялардың еңбекақы қорына қосымша жүктеме түсіп, оларды тұралатуы мүмкін. Бұл ретте жұмыс берушінің жарнасын бірден енгізбей, 2024 жылғы 1,5%-дан 2028 жылға дейін 5%-ға біртіндеп көтеру бекітілді. Дағдарыс ұзаса, бұл тетіктің 2024 жылы өмірге жолдама алуы да неғайбыл. Өйткені ЖМЗЖ бастапқыда 2020 жылғы 1 қаңтарда күшіне енугі тиіс еді, содан бері ары ысырылып келеді.

Яғни, зейнеталды жастағы қазақстандықтарға бұл тетік те көмектеспейін деп тұр.

Сорақысы сол, жаңа зейнеткерлердің зейнетақысы қазірден азайып жатыр.

"Мен мысалы, экономика ғылымдарының докторымын. Білдей экономикалық университеттің кафедрасын басқарамын, меңгерушісімін. 40 жылдан асатын жұмыс өтілім бар. 2022 жылғы 1 қазанда зейнеткерлікке шықтым. "Азаматтарға арналған үкімет" мемкорпорациясының Әлеуметтік және зейнетақымен қамсыздандыру қызметін үйлестіру жөніндегі орталықтың (бұрын ГЦВП аталатын) Алматы қаласындағы Алмалы аудандық филиалы маған жалпы көлемі 115 000 теңге ғана (шамамен 245 доллар) зейнетақы тағайындады. Неге осынша аз десем, орталық маманы: "сіздің ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақытыңыз аз, 1998 жылға дейін 20 жылдық еңбек өтіліңіз жоқ" деп дәйектеді. Менің қазіргі орташа жалақым қомақты екенін мүлдем ескермеді", – дейді белгілі ғалым, білікті профессор Күләш Бертаева.

Шенеуніктер зейнеткерлерге лайықты зейнетақы төлемеудің сылтауын тапқанға ұқсайды. Әйтпесе, алға тартатыны нағыз абсурд, қисынсыз дүние. Себебі, қазір зейнеткерлікке шығатындардың ешқайсысында 1998 жылға дейін 20 жылдық жұмыс өтілі болмайды: олар сонда "бесіктен белі шықпай жатып", жұмыс істей бастаған болуы керек пе?

"Мен қалай 1998 жылға дейін 20 жылдық жұмыс өтіліне қол жеткізуім керек екен? Өзім 1962 жылы тудым. 1979 жылы мектеп бітірдім. Сол жылы бірден университетке түсіп, оны 1983 жылы аяқтадым. Сол жылы еңбек қызметіне кірістім. Министрліктің болашақтағы талабын орындауым үшін, яғни 1998 жылы 20 жылдық өтіл жинақталуы үшін мен мектепте оқып жүріп, жұмысқа тұруым қажет болғаны ма? Мені ол кезде кім ресми жұмысқа алатын еді? Зейнетақы есептеу үшін мұндай қысыр параметрлерді министрлік мамандары қайдан шығарған? Неге 1998 жыл алынады, неге менің жинақтаушы зейнетақы жүйесіне құрылған кезден бері қатысқаным есепке алынбайды? Үкімет зейнетақы есептеуді түзеткені жөн", – деп қапаланады ғалым К.Бертаева.

Профессорлар түсіне алмаған дүниені қарапайым бұқара қалай түсінеді? Бұл әлеуметтік кернеудің артуына ықпал етпей ме? Сұрақ көп, ал шенділердің нақты жауабы жоқ. Тек жалтарма жауаптарды жаттап алған.

Наразы зейнеткерлерге Еңбек министрі Тамара Дүйсенова ресми блогы арқылы жауап қатты. Ол Қазақстанда базалық, міндетті (ынтымақты және жинақтаушы), ерікті зейнетақыдан тұратын көп деңгейлі зейнетақымен қамсыздандыру жүйесі жұмыс істейтінін түсіндірді.

"Қазіргі уақытта ынтымақты зейнетақы жүйесі бірте-бірте доғарылуда. Себебі, 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін жұмыс өтілі бар азаматтар саны азаюда. Бүгінде зейнеткерлікке шығып жатқандардың барлығының ынтымақты жүйеде толық жұмыс өтілі жоқ. Бұл оларға зейнетақы төлемдерін толық көлемде тағайындауға мүмкіндік бермейді. Зейнетақымен лайықты деңгейде қамтамасыз ету үшін 2030 жылға дейінгі Зейнетақы жүйесін ары қарай жаңғырту тұжырымдамасы қабылданды. Оның аясында 2030 жылдан бастап, көлемі азайып қалатын базалық зейнетақыны жойып, орнына ең төменгі кепілдендірілген зейнетақыны енгізу қарастырылуда. Бірақ ол тек зейнетақысының жиынтық көлемі ең төменгі әлеуметтік-қолайлы деңгейден төмен болып шыққан азаматтарға ғана төленеді", – деді министр.

Бұл жұмыс істемеген, үйінде бала тәрбиесімен отырған аналарға көбірек қатысты болса керек.

Сонымен бірге ел басшылығы болашақ зейнеткерлердің зейнетақысы жалақының 40%-ынан төмен болмауы керек деген міндет қойып отыр. Бұл – халықаралық стандарт. Оған қол жеткізу үшін де жүйе жаңғыруы шарт. Осы мақсатта Тоқаевтың биылғы жолдауына сәйкес, Үкімет зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру шараларының жаңа топтамасын ұсынды. Бұл шаралар жиынтықты зейнетақы көлемін 2025 жылы орта есеппен 27%-ға арттыруға тиіс.

Айтқандай, әйелдер жасының 61 жасқа төмендетілуі кейбір адамдарға қолайсыз болып отырған көрінеді. Өйткені заң бойынша зейнет жасына жеткендермен жұмыс берушілер не қош айтысады, не жеке келісімшарт бекітуі керек. Соңғысына басшылар көп жүгіне бермейді. Салдарынан, жоғары еңбекақы алып келген лауазым иелерінің, мысалы, мұғалімдердің, мемлекеттік қызметшілердің және басқасының күні азын-аулақ зейнетақыға қарап қалмақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу