Жаңа жыл экономикалық "плюспен" басталды

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
21501

Ал инвестиция былтырғыдан аз.

Жаңа жыл экономикалық "плюспен" басталды

"Қысқамерзімді экономикалық индикатор 2019 жылғы қаңтарда 2018 жылғы қаңтарға қарағанда 102,9% құрады", – деп хабарлады ұлттық экономика министрлігінің статистика комитеті.

Өз кезегінде 2019 жылғы қаңтарда негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 644,6 млрд теңгені құрады, бұл 2018 жылғы қаңтарға қарағанда 2,5% кем.

2019 жылғы қаңтарда өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2018 жылғы қаңтарға қарағанда 1,9% артты. Соның ішінде кен өндіру өнеркәсібінде және каръерлерді қазу өндіріс 6,8%, электрмен жабдықтау, газ, бу беру және ауа баптау 0,1%, сумен жабдықтау, кәріз жүйесі, қалдықтарды жинау және бөлуді бақылау 14,4% артты. Ал өңдеу өнеркәсібінде өндіріс 5% төмендеді.

Биыл қаңтарда сонымен қатар ауыл, орман және балық шаруашылығы жалпы өнімі мен қызметтің көлемі 128,8 млрд теңгені құрап, 2018 жылғы қаңтармен салыстырғанда 3,5% артық болды.

Құрылыс жұмыстарының көлемі керісінше 1,8% кеміп, 65 млрд теңгені құрады. Есесіне көлік саласы бойынша нақты өсім 3,7% болды. Сонымен қатар жыл басындағы бір айда жүк айналымының көлемі 47,3 млрд теңгені құрап, 2018 жылғы қаңтармен салыстырғанда 4,2% артты. Жолаушылар айналымының көлемі 23,1 млр теңгеге жетіп 2,9% артты. Байланыс мен сауда саласы бойынша нақты өсім көлемі тиісінше 1,2% және 7,5% болды.

Соның ішінде бөлшек сауда көлемі 694,6 млрд теңгені құрап 2018 жылғы осы уақытпен салыстырғанда 4,4% өсім көрсетсе, көтерме сауда көлемі 1503,1 млрд теңгеге жетіп 9,6% ұлғайды.

Айта кетейік, 2018 жылғы қаңтар-желтоқсанда сыртқы сауда айналымы 93,5 млрд АҚШ долларын құрап, 2017 жылғы қаңтар-желтоқсанмен салыстырғанда 19,7% артқан еді.
Соның ішінде экспорт 60 млрд АҚШ долларын (+25,7%), импорт 32,6 млрд АҚШ долларын (+9,9%) құраған.

2019 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша тіркелген заңды тұлғалардың саны 434 324 бірлікті құрап, өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 4,5% артты, соның ішінде 100 адамнан кем қызметкерлері бар заңды тұлғалар саны 425 372. Жұмыс істеп тұрған заңды тұлғалардың саны 283 378, оның ішінде 274 875-і қарамағында 100 адамнан кем қызметкері бар шағын кәсіпорындар.

Тұтыну бағасының индексі де 2019 жылғы қаңтарда 2018 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда  0,5% көбейді. Азық-түлік бағасы 1,3%, азық-түлік емес тауарлар 0,3% өсті, халыққа арналған ақылы көрсетілетін қызметтер бағасы 0,2% төмендеді.

2019 жылғы қаңтарда бір қызметкердің орташа айлық атаулы жалақысы 166 111 теңгені құрады. Ал жұмыссыздар саны 442,5 мыңды құрады. Жұмыссыздық деңгейі 4,8% деңгейінде екенін де ескерте кету керек.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу