Жаңа жылда Қазақстанда тарихи оқиға орын алады

39347

2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап ел тарихында алғаш рет жалпыға бірдей декларациялау толық күшіне енеді.

Жаңа жылда Қазақстанда тарихи оқиға орын алады Фото: canva.com

Бұған дейін шенеуніктер, депутаттар, бизнесмендер ғана табысы мен шығысын салықшыларға жариялап келсе, енді 18 жасар баладан еңкейген шалға дейін жыл сайын, өле-өлгенше мемлекетке барлық дүние-мүлкі туралы егжей-тегжейлі есеп тапсырып тұрады.

Тапсырмаса, қаптаған жазаның астында қалады. Мысалы, қазірдің өзінде декларациялаудың үшінші кезеңіне іліккен, бірақ оған мән бермеген азаматтардың банктік шоттары, салымдары, карталары жаппай бұғатталып, несие алу, кредит төлеу, ақша аудару және басқа банктік қызметтерді тұтынудан аласталып жатыр. Алда елді жаппай айыппұл салу жазасы күтіп тұр.

"Декларацияны тапсырмаса не болады? Декларацияны ұсынбау, сондай-ақ онда ақпаратты қасақана немесе кездейсоқ қате көрсету үшін бірінші рет "ескерту" түріндегі әкімшілік жауапкершілік қолданылады. Егер содан кейін қатесін түзетпесе, декларация тапсырмаса, яғни, бір жыл ішінде бұзушылықтарын қайталаса, уақтылы тапсырмағаны үшін – 15 АЕК (2024 жылы 55 380 теңге), мәліметті анық емес көрсеткені үшін – 3 АЕК (биыл 11 076 теңге) айыппұл салынады", – деп түсіндірді Мемлекеттік кірістер комитеті.

Бұл тек басы ғана, егер декларацияны тапсырмау немесе ондағы мәліметті жаңсақ көрсету нәтижесінде мемлекетке тиісті салығы төленбей қалса, онда "салықтардың төленбеуіне әкеп соқтырған бұзушылықтар үшін айыппұл төленбеген салық сомасының 200%-ын, бұзушылық қайталанған жағдайда 300%-ын (салық салу объектісін жасырған кезде) құрайтын болады".

Дегенмен, бұған тоқтау салынуы мүмкін. Таяуда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында сөйлеген сөзінде мұның "Әділетті Қазақстанды" құру жолына сәйкес келе қоймайтынын меңзеді.

Мемлекет басшысы барлық саладағы жұмыстың ашық болуына көңіл бөлінетінін нықтады. 

"Осы орайда азаматтарымыздың табысын жаппай декларациялаудың мән-маңызы зор. Бұл талап 2021 жылдан бері біртіндеп енгізіліп жатыр. Алғашқы үш кезеңде 4 миллионнан астам адам декларация тапсырды. Олардың қатарында мемлекеттік қызметшілер, квазимемлекеттік сектордағы басшылар, кәсіпкерлер және осы санатқа кіретін азаматтардың жұбайлары бар. Келесі жылы тағы 8 миллионға жуық адам декларация тапсырады деп жоспарланып отыр", – деді Мемлекет басшысы.

Алайда, "бір мәселені ескеру" қажет.

"Жаппай декларация тапсыру тұжырымдамасы осыдан 14 жыл бұрын қабылданған! Содан бері елімізде цифрландыру ісі және финтех саласы қарқынды дамып келе жатыр. Түрлі мемлекеттік мекемелерге ортақ мәліметтер базасы пайда болды. Қаржы және салық бақылауы күшейді. Демек, осындай ауқымды өзгерістерден кейін төртінші, яғни, соңғы кезеңде азаматтарды декларация тапсыруға міндеттеу қаншалықты орынды деген сұрақ туады. Үкімет бұл мәселені жан-жақты пысықтауы қажет!" – деді Президент.

Экономист Марат Ерғозин жалпыға бірдей декларациялау Н.Назарбаевтың "100 нақты қадам" Ұлт жоспарының 42-ші қадамы аясында енгізілгенін еске салды. Онда Қазақстанның барлық жеке тұлғасы кірістері мен мүлкін бақылауға мүмкіндік беру үшін кірістер мен шығыстардың жалпы салық декларациясын ұсынуы бекітілген.

"Сарапшылардың декларациялау мерзімін кейінге ысыру, не одан толық бас тарту туралы бастамалары Қаржы министрлігіндегі кеңесте талқыланды. Шақырылған эксперттердің көбі бұған халықтың да, меморгандардың да дайын еместігіне екпін түсірді. Жауапты шенеуніктер одан бас тартуға болмайтынын, өйткені декларациялау Қазақстан қосылған "БҰҰ-ның коррупцияға қарсы конвенциясында" бекітілгенін алға тартты. Бірақ Конвенцияның 8-бабында барлық адам декларация тапсырсын деген талап жоқ! Үкімет декларациялау АҚШ, Қытай, Еуропа елдерінде, Австралияда, Жаңа Зеландияда, Сингапур мен Чилиде барын дәйектеме ретінде келтірді. Бірақ қарап тұрсақ, оларда да барлық адам тапсырмайды", – деді ол.

Мысалы, Қытай, Сингапур, Финляндия сияқты елдерде барлық мемлекеттік қызметшілер мен отбасы мүшелері ғана өз шығыстары мен табыстары туралы ақпаратты ұсынады.

"Америкада мысалы, бойдақ адамдар – табысы 13,8 мың доллардан асса, отбасының негізгі асыраушысы – кірісі 20,8 мыңнан артылса, жесірлер – 27,7 мыңнан көп болса, ерлі-зайыптылар – 27,7 мың доллардан жоғары табыс тапса ғана декларация тапсырады. Одан аз табатындарды билік декларация тапсыр деп қыстамайды, қудаламайды. Оның өзінде америкалықтар декларация ұсынғанда, бірінші кезекте сол арқылы жұмыс берушісінің жалақысынан ұстап қалған салығын кері қайтарып алуды, немесе одан шегерім жасап, алым-салықтарын азайтуды көздейді. Бұл жерде АҚШ тұрғындарына салығын аз төлеудің мол мүмкіндігі берілген", – деді экономист.

Айталық, егер табысыңыз белгілі бір деңгейден аз болса, егер сіз ата-ана болсаңыз, егер өзіңіздің не балаңыздың жоғары білім алуы үшін ақы төлеп жүрсеңіз, егер жинақтаушы зейнетақы шотында салым жинасаңыз, егер сіз электромобиль сатып алсаңыз немесе тұрғын үйіңізге күн батареясын орнатып, жасыл энергия өндіруге қаржы жұмсасаңыз, егер медициналық сақтандыру полисін сатып алсаңыз, басқа да заңмен бекітілген жеңілдіктерге ие болсаңыз, онда осы шығындарыңызды салықтан шегеріп, алым-салықты кеміте алады екенсіз.

Бізде басқаша. Кезінде Кәрім Мәсімовтің қол қоюымен қабылданған "Қазақстан Республикасының азаматтары мен тұруға ықтиярхаты бар адамдардың кірістерін және мүлкін жалпыға бірдей декларациялауға көшіру тұжырымдамасына" сәйкес, республикада жаппай декларациялауды енгізудің екі мақсаты ғана қарастырылған.

Бұл біріншіден, "көлеңкелі экономикамен және сыбайлас жемқорлықпен күрес үшін жеке тұлғалардың табыстары мен мүлкіне тиімді бақылау орнату", екіншіден, "салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді жинауды қамтамасыз ету". Яғни, қарапайым халыққа еш пайдасы жоқ. Сарапшылар декларациялаудың осы екі мақсаты да орындалмай отырғанына назар аудартады.

"Жаппай декларациялауды енгізу идеясы ескірді. Кезінде "шенеуніктер алған парасын, заңсыз дүние-мүлкін, салтанатты сарайлары мен қымбат көліктерін әжесінің, енесінің не басқа туысының атына жазады" дейтін. Солай болды да. Қазіргі кезде заман өзгерді. Шенеуніктер параны криптоәмиянына аударуды, не криптоактивтің кілтін флешкамен әкелуді талап етеді. Ол өрісті мемлекет бақылай алмайды. Немесе бірден шетелде, Дубайда, Балиде вилла сатып алады. Барлық пара тасқыны оффшорлар арқылы өтеді. Сондай-ақ пара ұсыну шендінің өзіне, балаларына, туыстарына компанияның акцияларын, ондағы биік лауазымды беру арқылы да жүзеге асырылады. Мұның бәрі декларация аясынан тыс қалады", – деді Ерғозин.

Оның пікірінше, онсыз да штаты шағын Мемкірістер органының еңбек және уақыт ресурсы декларациялау аясында түсетін террабайт ақпараттарды, тау тұрғызуға болатын қап-қап, қорап-қорап қағаз құжаттарды – "Big Data"-ны сұрыптап, талдап, әкімшілендіруге шығындалып, заяға кетуде.

R-FINANCE қаржылық кеңесшісі Арман Байғанов барша қазақстандықтардан декларация тапсыру талап етілетін келесі жылғы 4-толқыннан Үкіметтің бас тартатынына сенімді.

"Қазақстанда цифрландыру өте жоғарғы қарқынмен жүруде. Біз барлық операцияларды қолма-қолсыз төлемдермен жүргіземіз. Қазіргі кезде цифрлық теңгені енгізу кезеңі басталды. Үкіметте де, Ұлттық банкте де бұл бағытта жағдайдың қалай өрбитіні туралы түсінік бар. Таяу жылдары біз толығымен цифрлық теңгеге өтеміз деген ойдамын. Егер қолма-қол ақша іс жүзінде болмаса, онда декларациялаудан да мән қалмайды", – деді сарапшы Digitalbusiness.kz тілшісінің сұрағына жауабында.

Оның байламынша, болашақта жаппай декларациялау тек 4-толқын қатысушылары үшін ғана емес, депутаттар, шенеуніктер, кәсіпкерлер және басқасы үшін толығымен жойылады.

"Бүкіл транзакциялар, банкаралық операциялар айқын болады, оған қатысушылардың түр-тұлғасы сәйкестендіріледі. Содан болашақта тіпті мемқызметшілерді де декларациялаудан мағына қалмайды. Сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономика өздігінен жойылады. Үшінші толқын қатысушыларын ары қарай декларация тапсырудан жаңа 2025 жылы босатуға болады. Дара кәсіпкерлердің бүкіл жұмысы цифрландырылған. Төртінші толқынды, яғни, қарапайым қазақстандықтарды мазалаудың қажеті де жоқ", – деді Арман Байғанов.

Жаппай декларациялаудан әзірге бас тартылмады. Соның кесірінен, Учет.kz хабарлауынша, "250 және 270 формалардағы декларацияны уақытылы тапсырмадың" деп, шенеуніктердің банк шоттарын тегіс бұғаттап тастағанына азаматтар шағымдануда.

Қараша айында Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстан бойынша 2 миллионнан астам жеке тұлғаның биыл декларацияны уақытылы тапсырмағаны туралы хабарлама алғанын мәлімдеді. Олар 30 күн ішінде бұл есепті тапсырып үлгерулері керек. Үлгермесе, айыппұл салынады.

Бұған дейін жауапты шенеуніктер бұл санаттағы салық төлеушілердің шоттарын бұғаттамауға сөз берген еді. Алайда тәжірибеде, қазақстандықтардың арыз-мұңына жүгінсек, оларға хабарламаны алу және шоттарын бұғаттаудан босату үшін салық органдарына өз бетінше жүгінуге тура келуде.

Бухгалтерлік төл компаниясының басшысы Айжан Балакешова декларациялаудың олқылығы көп екенін айтады. Үрейлісі сол, мемлекеттік порталдардан деректер сыртқа ағып кетуде. Салдарынан, ұры-қары, интернет алаяқ әрбір қазақстанның меншігінде қандай байлық барын нақты біліп алуы мүмкін.

"Мемкірістер органдарының ақпараттық қауіпсіздікті толық қамтамасыз ете алатынына күмән бар. Мысалы, адамдардан құны 1 мың АЕК (былтыр 3 млн 450 мың теңгеден) асатын мүліктерін декларацияда көрсетуді талап етуде. Бұған әшекейлер, картиналар, асыл тұқымды жануарлар, басқасы кіреді. Оларға алдымен бағалау жүргізіп, нақты құнын анықтау талап етіледі. Бағалау қызметі әрбір зат үшін кемі 400 мың теңгедей тұрады. Бірақ бағалаушылар да адам екенін ұмытпаған жөн. Ол қымбат әшекейді суретке түсіреді, оның құнын да, сенің мекенжайыңды да біледі. Сонымен бірге картиналарды, биологиялық активтерді бағалау процесі, тетіктері толыққанды айқындалмады. Мұндай жете анықталмаған мәселелер жеткілікті. Содан мемкірістер органының кейбір қызметкері азаматтарға егжей-тегжейлі кеңес бере алмайды", – деді Балакешова.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу