Жанбағыс үшін күнбағыс өндірісін дамыту қажет

5364

Қазақстанда сұйық май мен күнбағысқа қатысты ахуал күрделеніп жатқан көрінеді. Үкімет амалсыз, аграршылардың дегеніне көнді. 

Жанбағыс үшін күнбағыс өндірісін дамыту қажет Фото: eldala.kz

Кейінгі кезде мемлекеттен мол субсидия алу, артықшылық иелену үшін ауыл шаруашылығы алпауыттарының билікке қоғамдық пікір арқылы қысым көрсетуге тырысуы әдетке айналып кетті. Біресе құс фабрикалары мен жұмыртқа өндірушілер, біресе, мал өсірушілер мен ет өндірушілер, одан қалды, астық өңдеушілер мен ұн өндірушілер "ахуалдың ауырлығын" алға тартып, Үкімет алдына ультиматум қояды. Енді ақпарат құралдары күнбағыс өсірушілер мен тұқым өндірушілердің дабылын жарыса жариялап жатыр. Бұған Қазақстанның егіншілері одағының ашы хаты себеп болған.

"Сауда және интеграция министрлігінің шенеуніктері бізді, агроөнеркәсіп кешені саласындағы қауымдастықтардың бастамашыл тобын және қатардағы фермерлерді тыңдағысы келмей отыр. Біздің барлық хаттарымыз, дәлел-дәйектеріміз елеусіз, жауапсыз қалды... Біз, фермерлер, күн сайын егістікте жұмыс істейміз және "еститін мемлекеттен", Сауда министрлігінен қолдау көрмедік", – деген арыз иелерінің хатын ҚазТАГ агенттігі және басқасы басты. 

Мәселе күнбағыс тұқымының сыртқа экспортына тоспа қойылуы туралы болып отыр.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2022 жылғы 5 шілдедегі №214 бұйрығымен күнбағыс тұқымдарын биылғы 8 шілде мен 30 қыркүйек аралығында Қазақстан аумағынан шығаруға сандық шектеу енгізілді. Құжатқа сәйкес, бір өтініш берушіге 500 тонна күнбағыс тұқымын экспорттауға ғана рұқсат етіледі. Барлық егіншіге арналған жалпы лимит – 15 мың тонна. Министрліктің түсіндіруінше, мемлекет бұл қадамға Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барды.

Шектеу мерзімі аяқталған соң Үкімет оны баж салығымен ауыстырды. Ол салық қаңтарда енгізіледі.

Сыртқы сауда қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия 5 желтоқсандағы отырысында күнбағыс тұқымына қатысты экспорттық баж салығы шикізат құнының 20%-ын құрауы қажеттігін бекітті (бірақ бір тоннасы үшін 100 еуродан кем болмауға тиіс). Бұл шара 2023 жылғы 31 тамызға, яғни жаңа маусымның аяғына дейін созылмақ.

Inbusiness.kz жазғандай, әлемдік нарықтағы күрделі ахуал, Украинадағы соғыс және санкциялық қысым аясында тұқым тапшылығының туындауы Үкіметті осы қадамға итермелеген. Майлы дақылдарды өңдеушілердің ұлттық қауымдастығының түсіндіруінше, Қазақстанды қоспағанның өзінде, Орталық Азияда тұқымның жетіспейтін көлемі жарты миллион тоннадан асып кетті.

Бұл жағдайда халықаралық нарықтағы жоғары бағаға қызыққан экспорттаушылар қазақстандық барлық тұқымды шетелге өткізіп жіберіп, елді алдағы көктемде тұқымсыз қалдыруы мүмкін еді. Оның үстіне көрші Ресей де тұқым экспортына шектеу қойды. Тек импортты өрістетіп, жаңа дән себу науқанына қазірден қызу әзірленуде. 

"Ресей күнбағыс тұқымына 50%-дық мөлшерде немесе 1 тоннасы үшін кем дегенде 320 доллар көлемінде зор экспорттық баж салығын енгізіп, тосқауыл қойып тастады. Қырғызстан болса, 2023 жылғы 10 мамырға дейін күнбағыс тұқымын елден әкетуге толық тыйым салды. Бұл ретте бүкіл Орталық Азия елдері, Қытай, Ресей, Ауғанстан және басқа мемлекеттер үшін осы өнімді импорттаудың жалғыз көзі тек Қазақстан болып қалды. Егер олар біздің барлық шикізатымызды өздеріне тасып алса, Қазақстанда күнбағыс майының бағалары шығандап шыға келеді. Онда қымбатшылықты құрықтау мүмкін болмай қалады", – деп түсіндірді Майлы дақылдарды өңдеушілердің ұлттық қауымдастығы.

Әрине, билік бұған жол бере алмайды. Себебі, Мемлекет басшысы Смайылов Үкіметінің №1 міндеті ретінде инфляция мен қымбатшылықты ауыздықтауды белгіледі.

2020 жылы пандемия басталғанда мемлекет күнбағыс тұқымының экспортына мүлдем тыйым салып тастаған. Тыйым былтыр да қолданылды. Ал биыл ол жұмсартылып, алдымен квотамен шектелді, артынша ол шектеу алып тасталды. Алда экспорттың өрістеуін баж салығы ғана бөгей алмақ. Егер ашық хат иелері сұрап отырғандай, оны алып тастаса, экспорттың арнасы тасқындай береді. 

Үкімет қолданған шаралар тиімділігін көрсетті. Мысалы, Қазақстанның егіншілер одағының растауынша, Қазақстан нарығында күнбағыс өнімінің құны 2021 жылмен салыстырғанда, 2022 жылы 30% арзандапты. Бірақ егіншілер бұл бағаны қомсынып, ішкі нарыққа арзанға сатуға құлықсыз. Сондықтан БАҚ арқылы "ахуал күрделенуде" деп шулап жатыр.

Бүгінде күнбағыс экспортының күш алуына жылжымайтын құрамның, локомотивтердің жетіспеуі қолбайлау болған көрінеді: шетелге жөнелту уақытша доғарылған.

"Сонымен бірге ауыл шаруашылығы өндірушілері несие төлемдерін, жалақыларды уақытылы төлеуі қажет, басқа да шығыстары бар. Біз күнбағыс тұқымын сатудан табыс табудан үміттеніп едік. Бірақ меморгандар шектеді. Министрліктің бұл қадамы майлы дақылдар егістіктерінің қысқаруына соқтырады. Алып сала соққының астында қалғанда, бірнеше май зауыттарының мүддесін ашықтан ашық ілгерілету жүзеге асырылуда. Жапсарлас, сабақтас салалардың проблемалары қашанғы фермерлер есебінен шешіле бермек?", – деп алаңдаушылық білдірді шағымданушы фермерлер.

Одақтың дәйектеуінше, егер күнбағыс тұқымын өндіру тиімсіз, табыссыз болып қалса, фермерлер басқа дақылдарға ауысып алады. Ал май зауыттары шикізат таппай, банкрот болады.

Негізі, толық тыйым мен қатаң квоталық шектеуді жойып, орнына баж салығын ғана енгізу арқылы мемлекет фермерлердің де мүддесін ескерсе керек. Үкімет басшысының орынбасары, Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, осы мақсатта күнбағыс экспортына кедендік бажды енгізу туралы шешім қабылданды. Онсыз "бұл шикізаттың шетелге қотарыла әкетілу қаупі бар". Министр май зауыттары да өз мойнына міндеттеме алатынын, олар сұйық майдың литрінің бағасын 750 теңгеден қымбаттатпайтыны жөнінде министрлікпен меморандум бекітетінін хабарлады.

Жалпы, Қазақстанда майлы дақылдар тобында күнбағыс – лидер саналады: оның егістігінің көлемі де, жинайтын астығы да артып келеді. Яғни, тыйым күшінде болған кезеңде де фермерлер басқа дақылдарға көшіп алған жоқ.

Өйткені күнбағысқа халықаралық нарықта сұраныс тек арта бермек. Бұрын Еуропада осы өнімді жеткізу жөнінен Украина көшбасшы саналатын. Бірақ жаудың ақпандағы шапқыншылығы салдарынан оның аграршылары биыл көптеген алқабына дән себе алмады, ал сепкендері дұшпан тарапынан тоқтаусыз атқылау және даланы жаппай миналау салдарынан егінін жинау мүмкіндігінен айырылды. Жинауға батылдық танытқандарының техникасы минаға түсіп жарылғаны туралы жаңалықтар көп.

АҚШ Ауыл шаруашылығы министрлігі 2022–2023 маркетингтік жылда майлы дақылдардың әлемдік өндірісі бірден 42,7 млн тоннаға өсіп, жаңа рекордтық көрсеткішке – 643,1 млн тоннаға жететінін болжады. Әлемдік үрдістен қазақстандық егіншілер қалыспай, егіс пен өндірісті арттырды.

Бұған дүниежүзінде майлы дақылдар бағасының екі маусым қатарынан артуы ықпал етті. Сондай-ақ мемлекеттік қолдау да күшейтілді.

"Сommodities сегментінде, әлемдік сауда алаңдарында баға өсімінің суперциклі аяқталуға таяды. Сондықтан оның орнын ұзақ мерзімді фактор – агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдау басуда. Классикалық қағида қалыбына салып айтсақ, "Майлы дақылдарға жоғары бағалар келеді және кетеді, ал мемқолдау қалады". Субсидиялау бағдарламасы кемеліне келе алған жоқ, әйткенмен ауыл шаруашылығын ақшаға қарық қылу және Үкіметтің Қазақстанды негізгі ауыл шаруашылығы өнімдерімен өзін-өзі қамтамасыз етуге бағдарлануы өз жемісін беріп жатыр", – деді ауыл шаруашылығы сарапшысы Александр Тищенко ElDala.kz порталына пікірінде.

Биылғы жылы майлы дақылдар саласында рекордтар тіркеле бастады. 2022 жылы олар рекордтық 3,46 млн гектарға егілген. Мұндай ауқым тіпті Кеңес кезінде де ешқашан тіркелмеген. Осы алқаптардан 2,8 млн тонна өнім алынған екен (салыстырсақ, былтыр бұл көрсеткіш 1 млн 32 мың тонна болған). Бұл тәуелсіздік тарихындағы ең жоғарғы көрсеткіш болып табылады. Соңғы он жылда майлы дақылдардың өнімділігі 1,5 өсті. Бұл сегментті күнбағыс пен зығыр өндірісі биікке сүйреп келеді.

Соның ішінде күнбағыс өндірісі 2012 жылғы 360,3 мың тоннадан 1,1 млн тоннаға, яғни 3 есеге дейін артты. 2019 жылы 540 мың, 2020 жылы 256,9 мың, былтыр 180 мың тоннадай күнбағыс шетелге экспортталды. Қазақстандық күнбағыс тұқымын негізінен, Өзбекстан, Қытай, Түркия, Ресей және Тәжікстан шикізат күйінде сатып алып, одан май, күнжара-шрот және басқа өнімдер жасайды.

Елімізде күнбағысты өндіру жөнінен Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстары көшбасшы: осы екі өңірде бүкіл күнбағыс өнімінің 55%-ы жиналады.

Қалай болғанда, Үкімет күнбағыс егушілерге қуатты қолдау көрсетуін жалғастырмақ. Өңірлердегі тұрақтандырушы қорлар жұмысының жаңа тетігі де осыған қызмет етеді. Мысалы, диқаншыларға әлі өсірмеген, жинамаған өнімі үшін күнібұрын ақы төленуі мүмкін. Ауыл шаруашылығы министрлігі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндірушілердің, фермерлердің көктемгі егіс науқанын форвардтық қаржыландыру қарастырылғанын мәлімдеді. Қолданыстағы мемлекеттік қолдау механизмдері сыртында, жаңа 2023 жылдың наурызынан бастап, күнбағыс, күріш және қарақұмық шикізатын сатып алуы үшін өңдеуші кәсіпорындарға айналымдық қаржы бөлінеді.

Мамандар күнбағыстың өзге дақылдарға қарағанда көптеген артықшылығы барына назар аудартады. Басқасын айтпағанда, күнбағыс шөлге біршама төзімді өсімдік саналады. Ал экологтар су ресурстары тапшы Қазақстан аумағы жоғары қарқынмен шөлденіп келе жатқанын айтады. Демек, Үкімет келешегі зор бұл саланың проблемаларын кешенді шешу жолдарын пысықтағаны абзал. Кілең шектеу шаралары ұзақ мерзімді тиімділік әкелмесі анық.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу