Жәнібек Әлімханұлы бақандай төрт титулды біріктіргісі келеді

317

26 ақпанда Астанада орта салмақта WBO және IBF тұжырымы бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлының қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.

Жәнібек Әлімханұлы бақандай төрт титулды біріктіргісі келеді Фото: Жеке парақшасынан

Іс-шараның негізгі тақырыбы 5 сәуірде Астанадағы "Барыс Аренада" өтетін француз боксшысы Анауэль Нгамиссенгеге қарсы титулдық қорғау жекпе-жегі болды.

Баспасөз конференциясында Әлімханұлы өзінің алдағы уақыттағы жоспарларымен бөлісіп, орта салмақтағы барлық белбеуді біріктіруді көздейтінін, содан кейін екінші орта салмаққа өтіп, Сауль "Канело" Альвареске қарсы (ықтимал) жекпе-жекке дайын екенін атап өтті.

Ол былай деді:

"Менің басты мақсатым – өз дивизионымда төрт белбеудің барлығын жинау. Одан кейін екінші орта салмаққа өтуді жоспарлап отырмын. Ол жерде "Канело" бар. Мен онымен айқасуға дайынмын",  деді Әлімханұлы.

Сондай-ақ, Жәнібек қарсылас іздеудегі қиындықтар туралы пікір білдіріп, бұл жағдайды Геннадий Головкиннің мансабымен салыстырды. Өйткені кезінде көптеген боксшылар онымен жекпе-жекке шығудан қашқақтаған еді.

Сонымен қатар, Әлімханұлы отандасы Мейірім Нұрсұлтановпен жекпе-жек өткізуге дайын екенін мәлімдеді. Бірақ тек Нұрсұлтанов чемпиондық белбеу жеңіп алған жағдайда ғана:

"Егер ол чемпиондық белбеу жеңіп алса, неге Қазақстанда жекпе-жек ұйымдастырмасқа?", – деп қоса кетті Жәнібек.

Айта кетейік, Жәнібектің қарсыласы Анауэль Нгамиссенге виза мәселелеріне байланысты баспасөз конференциясына қатыса алмады. Дегенмен ұйымдастырушылар жекпе-жек белгіленген күні өтетінін растады.

Осылайша, 5 сәуірге жоспарланған жекпе-жек қазақстандық бокс үшін маңызды оқиғалардың бірі болмақ. Ал Жәнібек Әлімханұлы кәсіби мансабында жаңа биіктерге ұмтылуын жалғастыруда.

Сондай-ақ, 5 сәуірде рингке Сұлтан Заурбек, Батыр Жүкембаев, ағайынды Сабырхандар – Махмұд пен Төрехан, өзбекстандық екі дүркін Олимпиада чемпионы Баходир Джалолов шығады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу