Орта салмақтағы WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы, қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы (16-0, 11 КО) келесі жекпе-жегін 5 сәуірде Астана қаласындағы "Барыс-Арена" спорт кешенінде өткізеді.
Оның қарсыласы француздық, Анауэль Нгамиссенге (тегі конголық) (14-0, 9 КО) болмақ. Бұл туралы ESPN журналисі Майк Коппинджер хабарлады.
31 жастағы Әлімханұлы WBO титулын бесінші, IBF титулын екінші рет қорғайды.
Сондай-ақ, ол 2017 жылдан бері алғаш рет өз елінде, яғни Қазақстанда өнер көрсетеді. Соңғы жекпе-жегі 2024 жылдың қазан айында өтіп, онда Жәнібек жаңазеландиялық Андрей Михайловичті тоғызыншы раундта техникалық нокаутпен жеңген болатын.
29 жастағы Анауэль Нгамиссенге үшін бұл оның алғашқы 12 раундтық кездесуі және әлем чемпионы атағы үшін алғашқы таласы болмақ.
Ол ESPN-нің орта салмақ рейтингінде үздік ондыққа кіргенімен, жоғары деңгейдегі қарсыластармен әлі кездеспеген.
Нгамиссенге соңғы жекпе-жегінде 2024 жылдың маусым айында Сандро Джаджанидзені (12-32-2) үшінші раундта техникалық нокаутпен жеңген еді.
Жекпе-жекті ұйымдастырумен қазақстандық Nomad Promotions компаниясы айналысуда. Ал кездесуді ESPN+ платформасы арқылы тамашалауға болады.