Желіде жеке деректерімізді кибершабуылдан қалай қорғаймыз?

693

Қарапайым киберқауіпсіздік ережелерін естен шығармаған жөн.

Желіде жеке деректерімізді кибершабуылдан қалай қорғаймыз? Фото: canva.com

Желіге жеке деректердің таралып кетуі, телефон нөмірі арқылы таныс адамның атынан хабарласып, ақша сұрату, әлеуметтік желідегі аккаунтты бұзу. Бұл сіз бен біз еститін жаңалықтардың бір шеті ғана. Сан соғып, алаяқтардың арбауына түсіп қалған азаматтар баршылық. Киберкеңістіктегі қауіпсіздік ережелері қандай? Адамдар хакерлік әрекеттің құрбаны болғандарын қалай біледі? Осы тақырып төңірегінде CyberX компаниясының бас директоры,  киберқауіпсіздік саласы бойынша сарапшы Батыржан Шакмановтың пікірін білдік, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

WhatsApp-та, Telegram-да кибершабуылға ұшырамас үшін не істеу керек?

WhatsApp пен Telegram-да кибершабуылдардан қорғану үшін бірнеше қарапайым, бірақ маңызды ережелерді сақтау қажет. Біріншіден, міндетті түрде екі факторлы аутентификацияны қосыңыз. WhatsApp-та бұл функцияны аккаунт баптаулары арқылы іске қосуға болады. Бұл функция жаңа құрылғыда нөмірді тіркеген кезде PIN-код енгізуді талап етіп, қорғаныстың екінші деңгейін қосады. Telegram-да да екі факторлы аутентификация қауіпсіздік баптаулары арқылы қолжетімді. Екіншіден, әрқашан қосымшаларды соңғы нұсқаларға дейін жаңартып отырыңыз. Сонымен қатар күдікті сілтемелер мен файлдардан сақ болған жөн. Белгісіз біреулерден келген сілтемелерді ашпаңыз және файлдарды жүктемеңіз. Киберқылмыскерлер жиі фишингтік шабуылдарды пайдаланып, сіздің деректеріңізге қол жеткізуге тырысады.

Тағы бір маңызды мәселе – құпиялық баптауларын бақылау. WhatsApp-тағы статус, профиль сурет және соңғы кірген уақытыңызды кім көре алатынын шектеуге болады. Telegram-да да осыған ұқсас функциялар бар. Өз аккаунттарыңызда күрделі және бірегей құпия сөздерді қолдану қажет.

Қазір WhatsApp қосымшасында хакерлік шабуылға тап болып, телефон нөмірі иесінің атынан ақша сұрайтын алаяқтар баршылық. Бұл жағдайдың алдын алуға бола ма? Адамдар хакерлік әрекеттің құрбаны болғандарын қалай біледі? Не істеу керек?

Қазір шабуылдың бұл түрін болдырмайтын қорғаныс әдістері жоқ, өйткені оны ұйымдастыру өте оңай. Яғни, олар сіздің аватарыңызды немесе кез-келген жоғары лауазымды шенеунікті немесе компания директорын алып, әлеуметтік желілерде жалған аккаунт құрып, оның атынан жазады. Бұл жағдайда алаяқтарды тануды үйрену маңызды. Оның кейбір жалпы сипаттамалары бар. Егер аккаунтыңыз бұзылса, достарыңыз бен отбасыңыз алаяқтардың құрбаны болмас үшін оларға хабарласу керек. Екіншіден, аккаунтты қайта тіркеу қажет. Бұдан басқа WhatsApp қолдау қызметіне жүгініп, құпия сөздерді өзгерткен жөн.

WhatsApp, Telegram, Facebook, Instagram және басқа да желілерде киберқауіпсіздіктің қарапайым ережелері қандай? Жалпы құпиясөздерді қаншалықты жиі ауыстыру керек?

Әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі аккаунттарыңызды қорғау үшін бірнеше негізгі ережені ұстанған дұрыс. Әрине, біріншіден, екі факторлы аутентификацияны қосу. Екіншіден, күдікті хабарламалар мен сілтемелерге сақтықпен қарау. Үшіншісі – күрделі және бірегей құпия сөздерді пайдалану. Әрбір есептік жазба үшін бірегей құпия сөзді қолдану маңызды. Құпия сөздерді әр 3-6 ай сайын өзгертіп отыру керек. Егер де сіз күрделі және бірегей құпия сөздерді қолдансаңыз әрі екі факторлы аутентификацияны болса, құпиясөздерді жиі өзгертудің қажеті жоқ.

Жақында қазақстандықтардың жеке деректері желіге тарап кетті деген ақпаратты оқыдық. Мұндай оқиғалар елімізде жиілеп кеткен тәрізді. Киберқауіптерге қарсы не істеу керек? Азаматтар тарапынан ғана емес, бәлкім мемлекет тарапынан да нақты шаралар керек шығар.

Әрине, жеке деректердің тарап кетуі жиілеп барады. Киберқатерлермен күресу үшін азаматтар мен мемлекет тарапынан кешенді шаралар қажет. Соның бірқатарына тоқталып өтсек. Азаматтарға мүмкін болатын қатерлер мен олардан қорғану әдістері туралы семинарлар өткізу керек. Бүгінде бұл бағытта citizensec.kz порталы әзірленді. Сарапшылар кибергигиена туралы қарапайым тілде түсіндіреді. Екінші шара – барлық құрылғыда антивирустық бағдарламалық қамтамасыз ету және брандмауэрлерді орнатып, үнемі жаңартып отыру. Деректерді қорғау және киберқауіпсіздік саласында заңнаманы күшейтіп, киберқұқықбұзушылықтар үшін қатаң жаза енгізу қажет.

Бүгінде кибершабуылдардың қандай түрі жиі кездеседі?

Кибербуллинг сандық дәуірде маңызды мәселеге айналып отыр. Оның кең тараған түрлеріне троллинг, харрасмент (онлайн-қудалау), доксинг,  катфишинг, флэйминг, имперсонация, киберсталкинг, шейминг жатады. Кибербуллинг оның құрбандарына психологиялық және эмоциялық тұрғыдан ауыр салдарға әкелуі мүмкін. Осы мәселеге қатысты халықтың хабардарлығын арттыру керек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу