ЖЭС-тан шыққан күл табысты кәсіпке айналды

6556

Одан дайындалған өнім толығымен шетелге экспортталады.

ЖЭС-тан шыққан күл табысты кәсіпке айналды Фото: Константин Шелков

Жаз бойы күл жинайды

Соңғы жылдары Павлодар облысында күл бизнесі қызып тұр, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. Облыс тұрғындары, тіпті іргелес жатқан өңір жұртшылығы көктемде Ақсу қаласына қарасты ауылдық аймақтарға қарай ағылады. Себебі қыс бойы Екібастұз бен Ақсу қаласындағы жылу-электр станцияларынан шығып, көлдің бетіне жиналған күлді сүзіп тапсырып, содан нәпақасын табуға асығады.

Негізі үлпілдек күлді жинау – оңай іс емес. Ол үшін тұрғындар өздері арнайы құрал жасап алады. Сабы ағаштан, басы темірден дайындалған қармақ сияқты құралдың басына матадан тігілген қапты кигізеді. Кейін су өткізбейтін киім киіп, көлге белуардан келгенше кіріп, әлгі құрал арқылы күлді сүзіп алады. Бұл істің басы-қасында бала-шаға мен егде тартқандар да, ерлер мен әйелдерде де қатар жүреді. Бәрінің көздегені бір – табыс табу.

Бір адам орта есеппен күніне 70-100 қап күл жинауы мүмкін. Оны күл қабылдайтын пунктерге тапсырады. Бір қап күл 500-700 теңгеге бағаланады. Одан соң алыпсатарлар күлді өңдейтін кәсіпорындарға бір қапты 5 мың теңгеге дейін сатады. Бұл жайт күл жинаушылар мен оны қабылдап алушылар арасында үнемі кикілжің тудырады. Тұрғындар "қымбатқа сататын болса, бізден де жоғары бағаға алсын" деген талап қояды. Ал делдалдар "өзіміз білеміз" дегенге басады.

Жаңа кәсіпорын мәселені шешуге тиіс

Жақында ғана "Павлодар" арнайы экономикалық аймағында ашылған "Kazcenosphere’s" ЖШС тұрғындар арасындағы текетіреске күлді станциядан тікелей сатып алу арқылы нүкте қоюды көздеп отыр. Кәсіпорынның басшысы Абай Қайыржановтың айтуынша, Ақсу электр станциясымен 10 жылдық мерзімге келісімшарт жасалды. Осы уақыт аралығында жылу беретін орталық күлді тікелей жергілікті кәсіпорынға өткізуге тиіс.

"Жыл сайын Ақсу электр станциясынан шыққан күлге қатысты дау-дамай туындап жатады. Оның алдын алу мақсатында күл өңдеу кәсіпорнын іске қостық. Енді шикізатты жинап, одан микросфера алу үшін делдалдардың көмегі керек емес. Инвесторлар – Сингапур елінің "Cousta Group" компаниясы мен ресейлік "Гранула" АҚ жобаны іске асыру үшін 2,3 млрд теңге қаржы құйды. Сәуірде техникалық түрде кәсіпорынды іске қостық. Мұндағы германиялық құрал-жабдықтардың елімізде баламасы жоқ", – дейді Абай Қайыржанов.

Жаңа кәсіпорын жылына 12 мың тонна микросфера өндіреді. Оны дайындау үшін 20 мың тонна күл сатып алады. Кейін оны кептіріп, електен өткізіп, салқындатып, қаптамаларға салады да Германия, Біріккен Араб Әмірліктеріне жеткізеді. Өнімнің толығымен экспортталуына біздің елде терең мұнай ұңғымаларының жоқтығы себеп. Отандық нарықта сұраныс болмаған соң, өнімнің барлығы сыртқа сатылады.

Аталмыш өндірісті жергілікті әкімдік қолдап отыр. Павлодар облысы әкімінің орынбасары Сәкен Шаяхметовтің сөзінше, жаңа зауыт бірден бірнеше мәселені шешіп берді.

"Біріншіден, кәсіпорын өндіріс орындарының қалдығын өңдеу арқылы экологиялық жүктемені азайтады. Екіншіден, микросфера өндірісіндегі көлеңкелі тұстарды анықтап, олармен күреседі. Сондықтан осындай заманауи, жоғары технологиялы зауыттың болуы маңызды", – дейді Сәкен Шаяхметов.

"Kazcenosphere’s" ЖШС мұнымен тоқтап қалмақ емес. Келесі жылы зауыттың екінші кезеңін іске қосып, микросфераға цемент, химиялық қоспалар араластырып, басқа дайын өнімді нарыққа ұсынбақ. Ол үшін инвесторлар 3 млрд теңге көлемінде қаражат қарастырады.

Ажар Дәулетова 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

 

 

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу